Шал ақын өлеңдері
Шал ақын атанған Тілеуке Құлекеұлы (1748-1819) халық ақыны, Абылай ханның замандасы. Тiлеуке Құлекеұлы қазiргi Ақмола облысы Азат темiр жол станциясының маңында дүниеге келген. Шал ақынның әкесi Құлеке батыр Тәңiрбердiұлы қазақ-қалмақ соғысының атақты батырларының бiрi. Өзі де жорықтарға қатысқан. Шал ақын ел аңыздарын жинап, эпостар жазған.
* * *
Ата-ананың қадірін
Балалы болғанда білерсің.
Ағайынның қадірін
Жалалы болғанда білерсің.
Дәулетіңнің қадірін
Мал кеткенде білерсін.
Маңдайдағы дұшпанды
Тап жеткенде білерсін.
* * *
Саясы жоқ бəйтерек
Саздауға біткен талмен тең.
Жақсы ағаңыз бар болса,
Алдыңда сары белмен тең,
Ағайының көп болса,
Ұлық бір шеру қолмен тең.
Ақылсызға сөз айтсаң,
Алды бір тұйық жармен тең.
Молдадан сабақ алсаңыз,
Алуа, шекер балмен тең.
Пайдасы жоққа жалынсаң,
Семіз бір жемқор малмен тең.
Жақсы қатын алсаңыз,
Алланың жауған нұрмен тең.
Жаман қатын алсаңыз,
Маңдайға біткен сормен тең.
Уайымшыл жігіттің
Кең дүниесі тармен тең,
Уайымсыз жігіттер
Қара бұлан нармен тең,
Жетесі жаман жігіттер
Тоқсандағы шалмен тең.
Жаманнан көрген қорлығың
Көкірекке біткен шермен тең.
Бір қалған соң көңілің
Қаңтарда қатқан мұзбен тең.
* * *
Ашу – дұшпан болғанда, нəпсі – жауың,
Ақыл – тұрған алдыңда асқар тауың.
Жүрекке ашу келіп толған шақта,
Денеңнің біле алмассың ауру-сауын.
Ойласаң мың бір пəле тілден туған,
Шешендер топ ішінде тілді буған.
Бір адам қателікпен сөз сөйлесе,
Жабылып мың бір пəле соны қуған.
* * *
Жігіттер, жау алмайды ақылдасаң,
Білгішке көп білетін жақындасаң.
Қарап жүрген кісіге адам тимес,
Сабыр қып, өз бойыңды мықты ұстасаң.
Жақының жат болады алыс болса,
Жат та жақын болады таныс болса.
Сыртыңнан жаман туыс табалайды,
Аяғың бір нəрседен шалыс болса.
Əйтсе де жақсы туыс шыдамайды,
Бір жерде айғайласқан намыс болса.
* * *
Айтайын біраз кеңес бастан кешкен,
Жамандық, көрген залал кетпейді естен.
Бір мағына əр жақсыда деген сөз бар,
Айтқаны кейбір шаһбаз көкей кескен.
Айтысқан уағдалы жеріңде бол,
Достықтың асары жоқ күнде дескен.
Сиырдай мұз жалаған мейрің қанбас,
Жаманға жазатайым ісің түскен.
Ажарға жаман адам қарамайды,
Істерді келген, кеткен санамайды,
Басыңа іс түскенде жаман досың,
Беруге ат құйрығын жарамайды.
Жүйрікті елде көрдім топтан шыққан,
Бəйгеден келеді екен талмай шапқан.
Қызығы жігіттіктің сол емес пе,
Аралап əрбір жердің дəмін татқан.
Дегенше жігіт момын, жаман деңіз,
Шабан артық бола алмас жаман аттан.
Түлкідей түнде жортып жүргеніңе,
Алмасын аяғыңнан темір қақпан.
* * *
Мекке менен Медине жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші.