Есет би өлеңдері
Есет би ХVIII ғасыр соңы мен ХІХ ғасырдың бас шенінде жасаған, өлең сөзде замандастарына дес бермеген би, шешендігімен, ақындығымен көзге түскен. Қазіргі Атырау облысы Қызылқоға аумағында дүниеге келген.
ҚАС ҚАРА НАР МЕН ЕДІМ
І
Тауға біткен қайыңның
Солқылдар басы жел өтсе.
Тоғайға біткен жоңышқа
Солғын тартар күн өтсе.
Ерні салпы ер аты
Семірмес қайта ер өтсе.
Еңкейіңкі тартады,
Ер қолынан мал кетсе.
Арбадан үркіп жаман ат,
Ер салдырмас жал бетсе.
Қайыры болмас ғаріпке,
Асылсызға мал бітсе.
Тәңірден тілеп алған ұлдарың
Тіл қайырар ер жетсе.
Хан бұрылып қараған,
Би бұрылып сұраған -
Ажары болмас арудың
Екі он бестен жасы өтсе.
Сылдырап белін шешінген,
Назданып аяқ көсілген -
Алғаныңа, жандарым,
Қадірің кетер күн болар
Ер қартайып, жас жетсе.
ІІ
Мен, мен едім, мен едім!
Қатарға салсаң, қайыспас
Қас қара нар мен едім,
Шабуыл салса шаршамас
Шыны тұлпар мен едім.
Су шашырап, жел тимес,
Аударылмас қара кеме едім.
Қасарысып келгенде,
Қап түбіне сыймаған
Қара болат мен едім.
Қияннан ұшқан қу ілген
Анық сұңқар мен едім.
Тегеурінім теріс біткен,
Тепсем, жілік сындырған
Қыран бүркіт мен едім!
ІІІ
Қартайдым да қор болдым,
Күн сенікі, жастарым!
Кәрілікке жеткізсе,
Талайды көрер бастарың.
Заманымда өзімнің
Еңсеріскен ер көрдім.
Белсеніскен бел көрдім.
Жасанысқан жау көрдім,
Тізелескен дау көрдім.
Бір өтірік болмасын,
Табаным тайып қашпадым.
Түгел ердің жолдасы -
Тілектес болған дос-жарым.
Сол дәулеттің тұсында
Самарқандай сапырып,
Шапқан шөптей жапырып,
Аспадым да, таспадым,
Қанды көйлек жолдасты
Сары алтындай сақтадым.
Менің көрген затым бұл,
Төкпей- шашпай қолданып,
Ортаңа сүйреп тастадым.