Астанада XХVIII «ШАБЫТ» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Поэзия» номинациясы бойынша жеңімпаздарды марапатталды, деп хабарлайды Malim.kz adebiportal.kz сайтына сілтеме жасап.
«Шабыт» — жас дарындардың бағын ашатын, өлеңге деген сүйіспеншілікті арттыратын, жаңа тұлғаларды әдеби ортаға танытатын маңызды алаң. Биылғы бәйгеге еліміздің әр өңірінен келген дарынды жас қаламгерлер қатысты.
Жыр додасына әділ бағасын берген қазылар құрамына еліміздің танымал ақындары мен әдебиеттанушылары енді.
Бұл фестиваль поэзия әлеміндегі жаңа есімдерді ашып, елдің түкпір-түкпірінен келген жастардың өнерін біріктірген әдеби мерекеге айналды. Байқауға барлығы 63 қолжазба қабылданды. оның бәрін оқып, іріктеу қазылар алқасы үшін оңай болған жоқ. Дегенмен алдын ала іріктеуден кейін 33 жас ақын Астана қаласында өткен финалдық кезеңге шақырылды. Солардың арасынан қазылар мен ұйымдастырушылар ақылдаса отырып, 11 түрлі аталым бойынша жеңімпаздарды анықтадық. Сосын арнай жүлденің мәнін, мазмұнын арттыру үшін Исрайл Сапарбай, Күләш Ахметова, Темірхан Медетбек, Есенғали Раушанов атындағы арнайы жүлделер тағайындап отырмыз. Бұл сіздердің өмірлеріңіздегі ерекше сәт болады деп ойлаймын,- деді Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Қасымхан Бегманов.
Арнайы жүлделердің иегерлері:
Биыл бірнеше атаулы арнайы жүлделер табысталды:
• Исрайл Сапарбай атындағы арнайы жүлде — Айдын Байыс (Астана)
• Күләш Ахметова атындағы арнайы жүлде — Ақгүлім Ерболова (Алматы)
• Темірхан Медетбек атындағы арнайы жүлде — Абзал Сүлейменов (Жетісу облысы)
• Есенғали Раушанов атындағы арнайы жүлде — Нұрбек Кеңесбай (Қосшы)
Бас жүлде иегерлері мен жүлдегерлер
Мүшәйраның негізгі орындары төмендегідей бөлінді:
III орын:
• Серғазы Қайырболды (Көкшетау)
• Айзада Рахымжанова (Астана)
II орын:
• Шапағат Әбдір (Астана)
• Еламан Қабділәшім (Павлодар)
I орын:
• Ділдә Уәлибекова (Астана)
• Оразай Жеңісұлы (Өскемен)
Айта кетейік, жыр додасына әділ бағасын берген қазылар құрамына еліміздің танымал ақындары енді:
• Қасымхан Бегманов — Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы;
• Ғалым Жайлыбай — ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері;
• Бауыржан Бабажанұлы Өтеулиев — Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері;
• Жанат Әскербекқызы — филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын;
• Қалқаман Сарин — «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері.