Қостанай облысында қазақтарды «шошқаға» теңеп, қорлайтын жазба жариялаған тұрғын әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Malim.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Рудный қаласында өткен қоғамдық тыңдаудан кейін өрбіген. Қала көшелерінің атауларын қазақшалау жөніндегі жиында белсенді Екатерина Корчагина сөз сөйлеу кезінде өзіне берілген уақыттан асып кеткен. Жиыннан соң ол әлеуметтік желідегі парақшасында қазақтарды кемсітетін пікір қалдырған.
Полицияның хабарлауынша, Рудный тұрғынына ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Еске салсақ, 21 қарашада өткен тыңдауда әйел регламентті сақтамай, қатысушыларға құрметсіздік танытып, дөрекі сөздер айтқан. Бұл әрекет қоғамдық тәртіптің бұзылуына себеп болған. Әкімшілік сот оның үстінен 20 АЕК көлемінде (78 640 теңге) айыппұл тағайындады.
Полиция азаматтарды көпшілік орындарда тәртіп пен мәдениетті сақтауға шақырады.