Шәлкиіз Тіленшіұлының жырлары
Шалкиіз Тіленшіұлы (1465-1560) – ақын, жырау, батыр. Шалкиіз - туындылары орыс тіліне аударылған ақын-жыраулардың бірі. Оның шығармашылығын сол дәуірдегі орыс оқымыстылары мен зерттеушілері жоғары бағалаған. Көшпелі қазақ пен ноғайдың жауынгерлік рухты ту еткен еркін өмірін бастан кешкен Шалкиіз Ноғайлыдағы Үлкен орданың әмірі Темір Мансұрұлының, Жүсіп бидің, Қазақ ордасының ханы Хақназардың маңында қызмет атқарады. Жыраудың өмір жолыннан хабар беретін ақпараттарды оның өлеңдері мен толғауларынан табуға болады.
***
Жақсының жақсылығы сол болар –
Жаманменен бас қосып,
Сөйлемекке ар етер;
Жаманның жамандығы сол болар -
Сөйлесе, дәйім бетін қара етер;
Бір жақсыға басың қосып сөз айтсаң,
Сол жаман сырың сақламай,
Әрдайым дұшпаныңа әр ісіңді қор етер.
***
Шағырмақ бұлт жай тастар,
Ағытқан қойды жол бастар,
Ақ желкенді жел бастар,
Ғадыл төре ел бастар,
Батыр жігіт қол бастар,
Шешен адам сөз бастар.
Құсты жисаң - бүркіт жи,
Қыс тонынды түлкі етер,
Бір жақсымен дос болсаң,
Азбас, тозбас мүлкі етер.
Бір жаманмен дос болсаң,
Күндердің күні болғанда,
Жүмле ғаламға күлкі етер.
***
Жапырағы жасыл жаутерек
Жайқалмағы желден-дүр,
Шалулығы белден-дүр,
Төренің кежігуі елден-дүр,
Байлардың мақтанбағы малдан-дүр,
Ақ киіктің шабар жері майдан-дүр,
Кешу кешмек сайдан-дүр,
Батыр болмақ сойдан-дүр,
Жалаңаш барып жауға ти,
Тәңірі өзі біледі,
Ажалымыз қайдан-дүр.
***
Арғымақ ару атлар сескенсе,
Ақ тігердің қарсы алдында жусар ма?
Ойда қазақ көп жортса,
Беллерін күміспенен құрсар ма?
Тәңірі жанын алмаса,
Тау аралап жол салмай,
Тас аралап құс салмай,
Арқаның баурын қыдырмай,
Арғымақ ару атлар арытпай,
Жат жерлерге бармай өзін танытпай,
Өзден болмай би болмай,
Атаның батыр туған ұлына
Ойда жатмақ ұсар ма?!
***
Бұз үстіне от жаққан,
Бұзмай бұлан пісірген,
Мен иемдің бөрлі ала тасы едім.
Иә, ием, сенің сырың мен білем,
Менім ием би Темірдің әрі өзім
Жау көрген күн жүрегінің басы едім,
Көз үстінде қасы едім!..
***
Ор, ор қоян, ор қоян,
Ор қоян атлы бір қоян,
Он екі көжек атасы -
Қаудырқұлақ шал қоян
Жүйрікпін деп мақтанбас.
Жүйрікпін деп мақтанса,
Ұзын жолдың үстінде
Оралып ойнап тұрған
О дағы бір құба арланға жолығар!
Алма мойын сам үйрек
Ана Еділден көксіген,
Көлді тастап қырға ұшса,
О дағы бір тарланға жолығар!
Далада құлан, домбай шұбырса,
О дағы бір егеулі оққа жолығар!
Тағыдай түн түре қараған,
Таң берісіп жусаған,
Тарпаңдай тізесін бүгіп су ішкен
Арқада мезгілсіз жылқы жусаса,
О дағы бір аш қасқырға жолығар!
Сөйлегенде сөзі аузына сыймаған,
Еріккенде қызыл тілін тыймаған
Ғақбытлы сол жаман
О дағы бір пәлеге жолығар!
Атадан алтау тудым деп,
Салмақтама неменді.
Салмақтасаң немеңді,
Тәңірі тесер төбеңді:
Бір жеке туғанға жолығып,
Өкпесі сонда торығар.
***
Алаштан байтақ озбаса,
Арабыдан атты сайлап мінбен-ді!
Күлікке тастай болып тимесе,
Үстіме көбе сайлап кимен-ді!
Күмістен екі қолтық жоқ болса,
Сыпайшылық сүрмен-ді!
Алғаным ару болмаса,
Алдыма алып сүймен-ді!
Дулығамның төбесі
Туған айдай болмаса,
Батыршылық сүрмен-ді!!
***
Балпаң, балпаң басқан күн,
Бай ұлынан асқан күн,
Орманбет би өлген күн,
Он сан ноғай бүлген күн.
Жез қарғылы құба арлан
Жетіп түлкі шала алмай,
Жалған аңын ала алмай,
Қорашыл төбет болған күн.
Оң қанатын теріс соғып,
Лашын құс қу ала алмай қалған күн.
Ораздының он ұлы
Ойын салып жүргенде,
Жиырлының жалғызы
Атқан оғын таба алмай,
Жер сабалап қалған күн!
***
Жебелей жебе жүгірген
Ерлердің арғымақтан игі малы болар ма;
Жағаласса, жыртылмас,
Ерлердің жеңсізден игі тоны болар ма;
Дулығалы бас кескен
Ерлердің алдаспаннан игі қолы болар ма?!