Шәңгерей Бөкеев өлеңдері

Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев (1847-1920) – Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасында дүниеге келген. Ақын. Қазақтан шыққан тұңғыш фотограф. Кадет корпусында, Астрахан гимназиясында білім алған.

Malim Админ

  • 02.09.2024

*   *   *

«Алла яр» жаздым, аға, Көлборсыдан,
Жаз жайлап, қыс қыстаған қонысымнан.
Сіз онда, біздер мұнда сау болайық,
Құдайым айырмасын сонысынан.
Жүрекке дерттер толып жаздым қағаз,
Опасыз мынау пәни тұрысынан.
Жиырма алты жыл болыпты ініңізге
Атадан, анаменен туысынан.
Ойласам содан бергі ғұмырымды,
Кетіпті талай дәурен уысымнан.
Әуелі ата-анадан туған інің,
Аз уақыт оларменен тұрған інің,
Бес жаста жұда болып ата-анадан,
Аш белін жетімдікке буған інің .
Уайымсыз балалықтың арқасында
Болмады еш азалы оған інің.
Ат етіп тал шыбықты қайғы орнына,
Қоңызды, көбелекпен қуған інің.
Алалы сақа менен ақты асыққа
Таласып бетін жасқа жуған інің.
Уайымсыз, риясыз һәм күнәсіз,
Өтіпті бала болған қайран күнім.
Бұл күнде жиырма алтыдан інің асқан,
Ажалға жиырма алты адым жақын басқан.
Жәннеттің бұлбұлындай туып әуел,
Өткіздім талай-талай дәурен бастан.
Көңілге шайтан кіріп, нәпсі қалқып,
Айырылдым патшалықтай бала жастан.
Дос та көп мал барында, жақын да көп,
Қайсы артық бала күнгі кұрбыластан?
Тең көрген бай-жарлыны бала күнім,
Кеттің сен, мен-мендікпен көңіл тасқан.
Бір шықпай ғарапатқа ықырам байлап,
Ақ көңіл баладағы таба алмаспын.
Бел будым жетімдікке бес жасымда,
Алай да дәулет құсы бар басымда.
Көп жылға ата-аналы болады екен,
Жас жетім ата дәулет арқасында.
Ата-ананың өліп, мүлкі болса мұра,
Көп болар жалпақтаушы өз қасында.
Тұқымы қорашылдың жұда болмай,
Қалар ма майлы сүйек қар астында?
Түлкіні құйрық атқан танымадым,
Ақ көңіл балалықтың арқасында,
Бір күнде, бала дәурен басымда едің,
Туғанда жан жолдастай қасыма ердің;
Айқасқан түнде оянып тар төсекте
Асық жар мысалындай досым едің;
Білмедім қадіріңді қолда барда,
Айырған сенен адыра нәпісім менің.
Тотықты нәпсіге еріп ақ ниетім,
Қарайды иман жүзді ақша бетім.
Тіміскі ұры иттей түнде жортып,
Он бес жас, бұлаңдаумен сен де кеттің.
Әпиін жеп, қилап шарғы ғамал еткен
Нешікте сар қоштықпен кетті он жетім.
Түбінде бәрі кетер, ажал жетер,
Құдайым жарық етпей ақиретін.
Тоң қатып қара жерге қарлар жауса,
Астында неғып шыдар менің етім.
Құдайым, өлмей тұрып, аш бағымды,
Тіріге өлсем-ай аз сый-құрметім.

 

*   *   *

Бір күнде, жас көңілім, судай тастың,
Тасқындап кемеріңнен шалқып астың,
Төрт бұрышын дүниенің көрмей болжап,
Қиялмен көк қақпасын барып аштың.
Сидырып асқар тауды уысыңа,
Жүзіне алмас қылыш табан бастың.
Күркіреп қара бұлт жасын атса,
Отына жетіп барып құшақтастың.
Мұхитта нән балықтай кезген көңілім,
Тұмсығың тимей тасқа неге алжастың?
Шұлғанып жүн - жабағы, қыл - қыбырғы,
Бұрынғы өз жолыннан неге адастың?
Ай, көңілім, сен өтпей - ақ қорлық табар,
Қара жер қойнын ашса, ғазиз басым!

 

*   *   *

Жалғаншы, жарық дүние!
Бізден де бір күн қаларсын.
Піл сауырлы қара жер
Қойныңды ашып, қол жайып
Құшағына аларсың!
Ойқай, сонда күн қараң,
Басыңа ақ тас қойылса
Сөзбен түрлі безенген.
Үстіңе топырақ үйілсе
Шөккен нарға меңзеген.
Тіл кесіліп, үн бітер,
Сайраған мұны жыраудан,
Тыңдаған айтар: «не пайда
Мұндай сөзді жырлаудан?»
Дүние қуған көңілім
Нәпісіменен қарайған.
Хақ диуанға асықтай
Мұрат тапқан құдайдан.
Сонда бір көңілім сап болар,
Жалғыз жатып күңіреніп,
Қазаны ойлап толғаудан.

 

КӨЛТОРҒАЙ

Көлторғай адыра қалғыр - көрген жерім,
Бұлағай, ойран - әлек салған жерім.
Көк найза, қара санай атылса да,
Қайтармай қайтқаным жоқ аттың терін.

 

*   *   *

Қияға мен бір қыран көз жіберген,
Құрбыға айта бермен көзге ілінген.
Көз салып көрінгенмен жүре берме,
Жақын бол құрбыңменен қадір білген.
Кім қалар уақыт жетіп, бақыт тайса,
Қадірлі әр заманның мезгілінен.
Тағыдай таңда бұйрып су ішпесем,
Шырақ-ай, жігіттікке мұқтаж емен!

 

*   *   *

Таудағы тас ұядан
Лашындай сарыққан қиядан,
Шалқып сөзім шығады,
Ойласам, пікір - қиялдан.
Аспалап қиял кетеді,
Шыққан оқтай жаядан.
Жасындай барып жалт етіп,
Көк қақпасын ашады.
Жарығына алданып,
Дидарға қадам басады.
Мойынға алсам, бұл қиял
Аулақ емес кінәдан.
«Кімсің?» деп біреу сұраса,
Өзім болып «Мен!» дегін,
«Мен» деген кетсе дүниеден,
Өзім болып «менмін» деп,
Жауап берер қай адам?!
«Менмін» деген - сол менмін,
Жалпылама, алаш, әр заман.
Қиямет, мақшар күн туса,
Өзім қайта «мен» болып,
Мен болармын қайтадан.
Қайтадан жаным - қайта адам.
«Бұл сөзің қалай?» десеңіз,
Әуелінде бар болып,
Ақырында жоқ болмақ -
Шариғатқа қилап заң.
«Мизан» «сират» құрулы,
Өзіңе аян, бір Алла,
Ілгері басар әр қадам.

 

*   *   *

Ағасың, ақылың артық асқармен тең,
Асылдың арқар ұранды тіреуі сен.
Ала ту Абылайдың ала аттансаң,
Аламан артыңдағы біреуі мен.
Адамның аманатын Алла алады,
Ажалға ақыл, ажар не қылады?
Алабы асыл сулар суалғанда,
Аңғарын айдын көлдің шаң алады.
Алайда аңсыраған алғыр тұйғын
Абайсыз аңқып ауға шырмалады.

 

ҚАЙРАН ЖЕРІМ

Әр түрлі өлең өсіп көгеріңкі
Мақпалдай төсеп салған қайран жерім.
Мақпалдай көгеріңкі төсеп салған,
Жәннеттей десем мислі емес жалған.
Жап-жасыл жер жүзінің қоштығына
Аспанда торғай шырлап еткен сайран.
Бір сағат сап ауасын татқан адам
Табады неше түрлі дертке дарман.
Сәйір етіп аруменен жүрсең мұнда,
Көкіректе қалмас еді-ау титтей арман.

MalimBlocks
Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев (1847-1920)