Шөже ақынның өлеңдері
Шөже Қаржаубайұлы (1808-1895) – қазіргі Көкшетау облысының Қызылту ауданында дүниеге келген. Би, болыстар мен бай, шонжарларды мақтап, өнерімен күнелткен бір топ ақындардың болғанын кезінде Абай сынаған. Жастайынан қос жанарынан (екі көзінен) айрылған Шөже – қобыз тартып, өлең айтып ақындық өнерімен күнелткен ақындардың бірі. Сондықтан да оның бір топ өлеңдері жекелеген бай-шонжарларды мақтап, мадақтауға арналған. Дегенмен, ол біржақты мақтаудан аулақ, парақорлық пен озбырлықты, әлдінің әлсізге тізе батыруына төзе алмай, көптің алдында кімді болса да қатты сынға алып шенеп отырған.

БӘЙТІКТІ ЖАМАНДАҒАНЫ
Кім өлсе, соған түсер заманақыр,
Өлмесе, жол шетінде неғып жатыр?
Айраншы шешең күң деп естуші едім,
Түпсіз құл емес пе едің бауыры тақыр.
Сенің шешең айраншы,
Бүтін көйлек кимеген,
Аузына өкпе тимеген,
Бетін жумай, кір-кір боп,
Жылап өткен дүниеден...
Шапаны болған жамаулы,
Қайғыда өткен қаяулы.
Күні-түні таяқ жеп,
Көрмеген еді аяуды.
Көзінен жасы кеппеген,
Кет десе де кетпеген.
Жаман шолақ шапаны
Дізесіне жетпеген...
Бетін жумай ас берген,
Ер Қанайға қас келген.
Ел жайлауға көшкенде,
Далада сенің шешеңді
Ыстық күнге тастаған.
Саптыаяқтай қара күң
Ауылда ұрыс бастаған...
Басына шомыт жастаған.
Басына шомыт жастанып,
Қойшы менен қолаңға
Жатады екен бас салып.
Құдай пайда қылған соң,
Анаңның біттің қарнына.
Атаң Тілеуберді,
Қанай болған соң,
Арамнан, батыр, тусаң да,
Ақыры келдің орныңа...
БӘЙТІКТІ МАҚТАҒАНЫ
Ассалаумағалейкүм, қара Бәйтік,
Арқадан Шөже келді өлең айтып.
Атаңыз ай таңбалы Салты дейді,
Атаңнан қалған екен үлкен тәртіп.
Жауынгер бабаң Салты батыр еді,
Ел шетінде жау бағып жатыр еді.
Ақсұңқар сол сықылды перзент едің,
Орының құтты болсын, батыр, енді...
Бергі атаң онан бергі Тілеуберді,
Артынан Тілеуберді төрт ұл ерді.
Жеті атаңнан билігің арылмаған,
Саулаған тұла бойың ақыл еді.
О дүние, бұ дүниені бірдей алдың,
Патшаға Петерборда іздеп бардың.
Абырой мен беделің бірдей асып,
Алтын медаль, шарайна, белдік алдың.
Патша жақсы көріпті барған сені,
Бәйтікті мақтайды ғой мұндағы елі.
Бетіне ақ патшаның тура қарап,
Бәйтіктің батырлығын қарашы енді?!
Оқалы тон беріпті, Бәйтік, сізге,
Ел жақсысы жиылып айтты бізге.
Тоныңыз құтты және мүбәрәк боп,
Ісіңіз жаңа келді дүзу жерге.
Ақ патша қылыш берді алтын сапты,
Үш жерінен бунақты күміс қапты.
Құдай берген кісіге береді екен,
Ер Бәйтік ақылменен іздеп тапты.
Бір бөрік тағы берді алтын тысты,
Құдайдың құдіреті қандай күшті!
Ақылға кенен болған бір кісісің,
Бітірдің ақылменен әрбір істі...
Жұрт таппаған ақылды Бәйтік табар,
Төрт бұрышынан дүниенің алды хабар.
Қаріп-қасер қысылып, қысаң тартса,
Батыр Бөйтік қайда деп, сізге шабар.
Ақылы жоқ кісіге ақыл болды,
Дүниенің бәріне мақұл болды.
Құдай берген иманды бір кісісің,
Медіресе мен мешітке жақын болды.
Патшадан сый әкелдің артып-тартып,
Жұртыңа айтып келдің көрген тәртіп.
Ақ қалпақты қырғыздың ортасында
Алтын сүйек жігітсің көңілің артық.
Оң мен солдан тумайды сендей адам,
Түзеледі алдыңа барған адам.
Қырғыз, қазақ жиылып бас қосқанда,
Сөз айтуға жарадың шекарадан.
Дабысың Алатаудай, Бәйтік батыр,
Ай таңбалы көп салты былай жатыр.
Қанайдың көп ұлының ортасында
Бірің - бек, бірің - сұлтан келе жатыр.
Бәйбішеден Бәйсейіт, Бошай болған,
Толықсып мал мен басқа бірдей толған.
Қара Бәйтік, жеткен соң он жетіге,
Қаріп бенен қасерге болдың қорған.
Дабысыңды сыртыңнан естуші едік,
Оқымай көкірегің нұрға толған...
Кім көнбеген Қанайдың жарлығына,
Жарлығының ішінде тарлығына.
Бәйбішенің баласы Бәйсейіт, Бошай,
Он біріңде-ақ көнбедің зорлығына...
Қырық бір қозы сойыпсың өзенге айдап,
Қаріп бенен қасердің аузын майлап.
Құртар деп қара Бәйтік бұ қозыны,
Біреуге бақтырыпты енді жайлап...
Он жетіге келгенде,
Салған екен хан, Бәйтік,
Бақ деп сені жылқыға.
Жылқыға түсіп алған соң,
Бәйсейіт, Бошай ағаңның
Бір көнбедің ырқына.
Жиырма бірге келгенде,
Таласыпсың жұртыңа...
Таласқан жұртты ап кеттің...
Егескен жауды жеп кеттің...
Асылдының басында,
Көп нөкердің қасында,
Дұшпанға қату ер едің
Тауға біткен ырғайдай.
Досыңа жақсы бек едің
Алтын, күміс, мырғайдай.
Сендей кісі туа алмас
Бү қырғыздың ұлтынан.
Он жетіге келгенде,
Ақырып топқа жұлқынған.
Атты міндің жүйріктен,
Тегіс шықты сүйріктен.
Көрмеген бағың қалмады,
Жайдың атқан тасындай -
Ерегіскен дұшпанның
Еңсесін үздің жасындай.
Келбеті келген сұңқарсың
Болатты кескен асылдай.
Арқадан келген Шөженің
Айтар сөзі осындай...
ДӘУКЕЙГЕ
Дәуке, осынша не қылды, бейілің қашып,
Арқада жатыр едім мойным қашық.
Атағың Алатаудай болғаннан соң,
Құмар боп келіп едім болып ашық.
Бір тоғыз сіз бен бізге лайық емес,
Құрғақ кетіп қаламын амандасып.
Арғы атаң қыдыр қонған Дулат қожа,
Даңқыңа Дәукем деген келдім тасып.
Бергенің бір сөзіме татымайды,
Қалды ғой көңіл шіркін жаман сасып.
Арқаның өлең айттым беглеріне,
Жанғұтты жеті атаның дегдеріне.
Бәрін бірдей сипаттап айта берсем,
Таң-тамаша боларсың бергеніңе.
Арқада Жаманбайға өлең айттым,
Алғаным толып жатыр, ырғап қайттым.
Бергенің жалғыз түйе, сегіз жылқы,
Дәукем деп ел-жұртыма несін айттым?
Ел босқа айтады екен дәріп қылып,
Келіп ем қайтарар деп қарық қылып.
Сондағы бар алғаным тоғыз қара,
Орнымнан тұрғызбадың, арық қылып.
Және бас, және алдияр, және құлдық!
Дәукем би дегеннен соң, мойын бұрдық.
Бергенің сегіз жылқы, жалғыз түйе,
Япыр-ау, мұның өзі неткен сұмдық?!
Дәукем бидің қалыпты бейілі кетіп,
Бейілі кетіп тұрғанда келдім жетіп.
Алдына Ұлы жүздің түсемісің
Шөжені іздеп келген өкпелетіп?
Бірің - жал, бірің - құйрық, көңілге тоқ,
Аллаға пенде бар ма қайғысы жоқ.
Бердім деп тоғыз қара отырғаның,
Бейіліңді тарылтқан ғой дүние боқ.
Дулаттың Құдай қылған құтпаны едің,
Өңкей бек, серкелердің сұлтаны едің!
Жарқырап қарағанды жарық қылған
Ішінде Ұлы жүздің Шолпаны едің.
Ай, Дәке, осы ма енді бергеніңіз,
Ақынды осы ма еді көргеніңіз?
Дәукемнің бергенінен ұялғаннан,
Бәрінен артық боп тұр өлгеніміз.