Сүйінбай Аронұлы өлеңдері
Сүйінбай Аронұлы – 1815 жылы қазіргі Алматы облысы, Қарақастек ауылында дүниеге келген. Талантты, ұлы қазақ ақыны және айтыс аңызы. Ақын 1898 жылы туған жері Қарақастек ауылында дүниеден өтті. Жамбыл жырау өзіне ұстаз тұтып: «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай» деп жырға қосқан. «Өтеген батыр», «Саурық батыр», «Сұраншы батыр», «Жабай батыр», «Қарасай батыр» сияқты толғаулар шығарды.

БӨРІЛІ МЕНІҢ БАЙРАҒЫМ
Бөрілі байрақ астында –
Бөгеліп көрген жан емен!
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен!
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен!
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен!
Жау тисе жапан далада,
Бөрілі найза аламыз,
Қарасайлап шабамыз,
Қызыл қанға батамыз.
Бөрілі байрақ астында,
Ту түсіріп, жау алған,
Қазыбек, Қастек атамыз.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Жоқты жонып табамыз.
Бөрілі байрақ астында:
Ту түсіріп, жау алған
Шапырашты батыр бабамыз.
Бөрі басы –ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым!
БАҚСЫҒА
Ей, Елеміс, Елеміс,
Киініпсің әлеміш.
Бақсылықты қойсаңшы,
Сенсіз де болар бір мәніс.
Қолың толған салдырмақ,
Сылдырмақ не тындырмақ.
Сиқырлы адам болғансып,
Айтасың аят былдырлап.
ЖАҚСЫ МЕН ЖАМАН АДАМНЫҢ ҚАСИЕТТЕРІ
Жақсы жігіт ел-жұртының қаласындай,
Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай.
Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,
Көреді бәрін де өз баласындай.
Жақсы жігіт сөзіне сақ тұрады,
Қыранның қырдан байқар баласындай.
Жаман парқы жақсымен бірдей емес,
Жақсы жігіт елінің ағасындай.
Жақсының сөзін әркім пайдаланар,
Миуалы алма, өріктің ағашындай.
Жаманның көкірегі - көр, көзі - соқыр,
Жүрер жолдан тал түсте адасып-ай.
Жақсы адам қай жерден ажырайды,
Жақсымын деп бәрі жүр таласып-ай.
Жамандар - өтірікші, өсегі көп,
Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай.
Жалған сөзбен бықсытар ел арасын,
Жанбай қалған ағаштың шаласындай.
Соқтығып әркімге бір ұрынады,
Сиырдың тентек болған танасындай.
Сондай жанның ешкімге сүйкімі жоқ,
Жылқының қотыр болған аласындай.
Жақсы адам елдің басшы серкесіндей,
Жұғымды болар елге еркесіндей.
Жақсының жүзі жылы, сөзі майда,
Халқымның қалың жүнді көрпесіндей.
Жақсы болар баланың жүзі жақсы,
Орыстың күймей піскен бөлкесіндей.
Жақсыға үлкен-кіші бәрі жақсы,
Жасынан бірге өскен еркесіндей.
Жақсы кісі көрінер жыл құсындай,
Жаман адам балтаның ұңғысындай.
«Олақтан салақ жаман» ─ деген мақал,
Жамандар түзей алмас тұрмысын-ай.
Жақсы адам алысты жақын етер,
Беттескен екі таудың тұрғысындай.
Жамандар өсек-аян айтып жүрер,
Ешкімнің білмесе де қылмысын-ай.
Жаманның кеудесі үлкен, сөзі кесек,
Ақылы ауысқан адамның жындысынд-ай.
Екеуін салыстырып әдейі айттым,
Қажетін қолданарсың тұрмысыңа-ай.
ТЕЗЕККЕ ТЕПСІНУ
Ойланып қара, хан сұлтан,
Жолы қандай жақсының.
Үйіңе келген кісіні
Өлтірем деп қожаңдау –
Ісі емес пе бақсының?!
Өрістен ұрлап жегенің,
Сүйек таппай қаңғырған
Жұмысы болар қасқырдың.
Ел қадірін білмейсің,
Хан едім деп қастанып,
Бұқараңа қас қылдың.
Жарлының ұрлап жалғызын,
Шығармай қырға аш қылдың!
Хан емессің, қиықсың,
Қалың елді айдап жеп,
Теріңе зорға сыйыпсың.
Ұры-қары зұлымның,
Бәрін өзіңе жиыпсың.
Жанға жауап ьермейтін,
Дүлей мылқау сияқты,
Қиял мінез тұйықсың!
Дүниені жұтса тоймайтын,
Түпсіз жатқан ұйықсын!
Басшылық жоқ халықта,
Аққан судан сұйықсың.
Судан да сусын қанады,
Оппа балшық сықылды,
Жұтқыш лай былықсың!
Ел құмарын тарқатып,
Бір шешпедің түйінді.
Не деп айтып мақтаймын
Төре-қара биімді.
Хан ордадан топырлап,
Тарап жатқан елің жоқ,
Көр қылдың орда үйіңді,
Ашулансаң, хан Тезек,
Өлтірерсің Сүйінді.
Сүйінбай ақын өлген соң,
Көрерсің Тезек қиынды.
Шапырашты тентек ел,
Шығармай ма мыйыңды?
Қалың қазақ жиылып,
Бет-аузыңды қан қылып,
Бермей ме сөйтіп сыйыңды?
Сұраншы бастап аттанып,
Қарасай ұран шақырып,
Қызыл қанды сапырып,
Кетірер бастан күйіңді!
СӘЛДЕ ОРАҒАН ҚОЖАҒА
Сәлде ораған басына, байғұс Қожа,
Қарайсың дегелекше мойның соза.
Алпыс екі мақаммен сөз сөйлеген,
Халықтың ақынымын арым таза!
Қызылбастың топысын киіп алып,
Жүгіресің біреулер болса қаза.
Қызып тұрған тамұқта шоққа түсіп,
Қожам-ау, тұтып жүрме өзің аза!