Тәтіқара ақын өлең-жырлары
Тәтіқара жырау – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жасаған қазақтың ірі ақыны, жыршы-импровизаторы. Оның өлеңдері мен жырларынан тек ауыз әдебиетінің ерекшеліктері емес, жазба әдебиетке тән сипаттар да байқалады. Шапқыншылық кезінде Абылайдың қасында жүріп, талай соғыстарға қатысқан. Ол 1756 жылы Қытай әскерінің қазақ жеріне баса-көктеп кірген кезде халықты қайраған отты өлеңдерімен танымал болған. Оның жыр-толғауларының бір бөлігі ғана бүгінгі күнге жеткен.

* * *
Қамыстың басы майда, түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы - болат найза!
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда.
Бөкейді айт сағыр менен дулаттағы,
Деріпсәлі, Мандайды айт қыпшақтағы!
Өзге батыр қайтса да, бір қайтпайтын
Сары менен Баянды айт уақтағы!
Ағашта, биікті айтсаң, қарағайды айт,
Жігіттік, ерлікті айтсаң, Бөгембайды айт!
Найзасының ұшына жау мінгізген -
Еменәлі керейде ер Жабайды айт!
* * *
Кеше тоқыраулы судың бойынан,
Тоқал терек түбінен,
Ніл дарияның басынан,
Құмкент шәрінің қасынан,
Перінің қызы перизаттан туған,
Қара мерген атасы,
Сөзімнің жоқ қатасы,
Кеше бұл тұрымтайдай ұл еді-ау,
Түркістанда тұр еді-ау,
Қызметші боп жүр еді-ау,
Үйсін Төле билердің
Түйесін баққан теріс аяқ құл еді-ау!
Дәл жиырмаға келгенде
Ақ сұңқар құстай түледі,
Азуын тасқа біледі,
Дұшпанға найза тіреді.
Үш жүздің сонда баласы
Ақылдасып, кеңесіп,
Хан көтеріп еді!
Үш жүздің баласын
Бір баласындай көрмеді.
Ат құйрығын сүзіңдер,
Аллалап атқа мініндер,
Ханталау қылып алындар!
* * *
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Артық туған Абылай,
Көтере көр бұл істі.
Көп қытайдың жылқысы
Тұрымтайдай құнысты.
Жау жағадан алғанда,
Ит етектен алғанда,
Ер Абылай қорыққан жоқ,
Әншейін еңкейе бере жылысты.
Бәсентиін Сырымбет
Оқ жіберіп ұрысты.
Ақыл қалмас қашқанда,
Дегбір қалмас сасқанда.
Баяндай ерді көрмессің,
Бұрылып жауды шанышқанда!..
* * *
Ассалаумағалейкүм, жайсандар мен қасқалар,
Адам көңлін жоқтық шіркін баспалар.
Түзде жүрсем - батырмын,
Үйге келсем - пақырмын.
Таңертеңгі ішкен шалап
Қарында емес, қуықта,
Ажал шіркін алыста емес, жуықта.
Түссендер - міне қара лашық,
Түспесендер - жолың ашық!..