Темірше Сарыбаев өлеңдері
Темірше Сарыбаев 1941 жылы 18 қарашада Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Мырзабай ахун ауылында дүниеге келген. 2013 жылы туған жерінде қаза болды. Ақын, халықаралық «Алаш» «деби сыйлығының иегері.
АРМЫСЫҢ, АҚ ТАҢ, ЖАРЫҚ КҮН!..
Кешіппін күнін ғаріптің,
Қалжырап әбден қалыппын.
Шаршадым,
Шыдам таныттым.
Тірлігімді де жаңа ұқтым,
Ірілігімді де жаңа ұқтым.
Армысың, ақ таң, жарық күн!
Шалмайтын жерде шалыппын,
Бармайтын жерге барыппын.
Шындыққа шідер салыппын,
Күнәм жоқ деппін, масқара!
Үстінде тұрып табыттың.
Жүрекке қан боп тамыппын,
Жүдетіп жырды алыппын.
Жаңа ұқтым бәрін, жаңа ұқтым!
Ұмытып қамын халықтың,
Сапырып күшін сан ұлттың,
Сарсаңға салдым, сабылттым.
Ағына қара жағыппын,
Аяздай жанын қарыппын.
Жаңа ұқтым бәрін, жаңа ұқтым,
Армысың, ақ таң, жарық күн!
Іздемен сынық сылтауға,
Шағала көңiлім шырқауда.
Шындықты көрдім көзіммен,
Мың тәуба соған, мың тәуба!
Сейілді тұман, серпілді ой,
Көтердік көкке еркін бой.
Алданса, санын бір соғу –
Атадан қалған дертім ғой!
ҚЫМБАТТАЙДЫ
Қымбаттайды,
Әлі де қымбаттайды.
Қымбаттатам-демейді,
Ым қақпайды.
Татымайтын тиынға таңып тастап,
Түйедей ғып пұлдайды, тырнақтайды.
Қымбаттайды,
Әлі де қымбаттайды.
Оны ойласаң – бойыңа дым батпайды.
Қарыныңа қанжарын таяп тұрып,
Құбылады, көзіңе құр мақтайды.
Қымбаттайды,
Әлі де қымбаттайды.
Жаныңды жер жамалған жылдап қайғы.
Аларында – жабысып тас кенедей,
Берерінде – сынаптай сырғақтайды.
Көзсіз ғой ол, көздеген арманы үшін,
Жасырады кәрі жұт жалған ішін.
Ағашын да әрісі аспандатар,
Сөз бе сенің
Ақылың, Ар, Намысың?!
Шырпыға да зәруміз, шыныға да,
Ұлыққа да тәуелміз, ұрыға да.
Базар барсаң –
Бәрі асыл, бәрі қымбат,
Жерде жатқан адамның құны ғана.
ЖАҢА ӨМІРДІ ЖАПЫРАҚ БОП БАСТАЙСЫҢ…
Мұзарт таулар беліне орап сағымын,
Жүз жыл өтер,
Мың жыл өтер,
Тағы мың…
Ұрпақ атты ұлы дария толассыз,
Тоқтатуы мүмкін емес, ағынын!
Ағады олар,
Азабымен,
Мұңымен,
Жұлдызымен, жыл-айымен, күнімен.
Бақытымен,
Ырысымен,
Сорымен,
Бабалардың бастап кеткен жолымен.
Ағады олар, ағады олар, ағады…
Қалдырады тірлік атты жағаны.
Қуып-қуып арманының соңынан,
Ақырғы орнын топырақтан табады.
Аппақ жүзін торғынымен жабады.
Туар ғасыр,
Туар ақын,
Туар жыр.
Құлпырады абатты Сыр,
Қуаң Қыр!
Өткен өмір
Жаңа өмірдің алдында,
Болымсыздау елестейді, буалдыр…
Мұзарт таулар беліне орап сағымын,
Жүз жыл өтер,
Мың жыл өтер,
Тағы – мың!..
Ұрпақ атты ұлы дария толассыз,
Тоқтатуы мүмкін емес ағынын.
Ол – заңдылық!
Талас мейлің, таласпа.
Адамзаттан айналасың ағашқа.
Пенделікті мәңгі-бақи тастайсың,
Жаңа өмірді жапырақ боп бастайсың…
ТАЙЛАҚАРЫҚ
Туған жер,
Ту шалқытқан Тайлақарық,
Жатушы ең лайланып, жайлап ағып.
Құты еді қос кемерің қонысымның,
Аулымның ырысы едің айдан анық.
Атажұрт!
Абат мекен – Тайлақарық,
Су емес, қайтушы ек-ау қаймақ алып!
Тып-типыл тегістепті деп есіттім,
Басайын өксігімді қайда барып?!
Сағасын, сабазым-ай, алған өрден,
Жатушы ең жүрегімді жалғап елмен.
Естілер есімізде арық қазған,
Есерді естімеппін арна көмген.
Бабамның жазған жыры кетпенменен,
Сен барда сырласушы ем өткенменен.
Алыстан ақ рашың көрінгенде,
Жайнаушы ем қауышқандай көктемменен.
Басы едің сарқылмайтын қазынамның,
Жағаңнан жанға қуат азық алдым.
Арнаңды бір ақымақ көміп кетсе,
Жырыммен жарқыратып қазып алдым.
Өшпейсің, мен тіріде, мәңгіліксің,
Даңқыңа дарқан далам жаңғырықсын.
Пейілін диқан жұрттың әуелетіп,
Мейірін ағайынның қандырыпсың.
Сол үшін соқтым белгі жырдан қашап,
Толқындап арындай бер, жылдарға шат.
Ел-халқың баяғыдай егін егіп,
Қызылын қызықтасын қырманға сап.
АРЫМСЫҢ МЕНІҢ – АЛМАТЫМ!
Сілтесем тілім тасқа өткен,
Кезегі келді жанитын.
Тәуелсіз елдің әспеттеп,
Өлеңмен жазам тарихын!
Желкілде, жырдың шудасы,
Көтеріл, бүгін көкке өлең!
Бабамның аппақ бурасы,
Бұл жерге бекер шөкпеген!
Тіл біткен тауға, тасқа да,
Тәңірден түскен бір ақпар!
Осылай туған астана,
Жарқылдап жұлдыз шырақтар!
Жемісі желге жайқалып,
Дегізген жердің жаннаты!
Омырауын көкке айқарып,
Асқақтай келген Алматы!
Әлемге кеткен атағы,
Алқызыл алма – бақшаң-ай!
Аймалап, құшып жатады,
Айдыныменен Қапшағай!
Арқа да жарқа әз халқы,
Тотыдай түлеп гүл-бағы!
Алатау риза,
Мәз қалпы!
Шалқая түскен шыңдары!
…Мұхтарым ойға оранып,
Қанатын қаққан ән – Күләш!
Димаш пен Қаныш – сом алып,
Қырандар көкте қалғымас!
Туыңды төмен түсірмей,
Көтерем қарым талғанша!
Пір тұтқан мәрмәр мүсіндей,
Аруақтарым бар қанша!
Шалқыған иман – нұрымдай,
Арымсың менің – Алматым!
Шырқырап ұшар шыбындай,
Жанымсың менің – Алматым!
Сусылдап шашы төгілсе,
Қандай көз оны құтқарар!
Алматы – Ару керілсе,
Қартаңдау Лондон сұқтанар!
Лып етсе жырдың жарығы,
Ентелей ескен таудан жел!
Алматы дейміз… анығы –
Алланың нұры жауған жер!