АҚЫН САҒИ ЖИЕНБАЕВТЫҢ ЛИРИКАЛАРЫ

Сағи Жиенбаев 1934 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Оймауыт ауылында дүниеге келген. 1994 жылы Алматыда қайтыс болды. Әдеби ортада мөлдір де сырлы лирикаларымен ерекше бағаланған. «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жазушы» баспасында қызмет еткен. Оның «Карлығаш», «Сыйлық», «Дала гүлі», «Теңіз сыры», «Таң алдында», «Менің көршім», «Кайырлы таң», «Ақ толқын», «Оркиік», «Алтын қалам», «Жадымдасың жас күнім», «Әлия», «Оймауыт», «Қуралай салқыны», «Бозторғай», «Іңкәр дүние», «Жарық жұлдыздар», «Нан мен тұз», «Жер құдіреті» т.б. жыр кітаптары жарық көрді.

Malim Админ

  • 21.08.2024

ТАБА НАН

Жас кеттім туған үйімнен,

Көп кездім қала жатағын,

Әйтеуір –

бала күнімнен

Басталды менің сапарым.

Жататын –

үйді жылытып,

Жол қамын жасап анашым,

Қып-қызыл шоқты үгітіп,

Қыздырып қара табасын.

Абдырап.

Іштей сүйініп,

Ұстатып нанды қолыма,

Тұратын ұзақ –

Сыйынып

Даланың қара жолына.

Таба нан –

анам пісірген

Бір жүрді талай жолдарда,

Аман-сау қайтып...

Ішімнен

Сыйынушы едім сол нанға.

Жыл сайын –

ұшып келем мен

Ауылға барып,

ойнақтап,

Аспан ғой қанша дегенмен,

Келеді түрлі ой қаптап.

Отырам бірақ жайланып,

Қызықтап таудың ақ басын,

Анамның ыстық ақ наны

Бірге ұшып келе жатқасын...

ЖАҢБЫР

Аңызақ соғып, шаң борап,

Ақ тозаң басқан бар қырды.

Аяулы далам әбден-ақ

Аңсаған екен жаңбырды.

Кептірген екен таңдайды,

Күйіп бір тұрған от күндер.

Аспаннан көзін алмайды

Ашылмай қалған көп гүлдер...

Қанбаған шығар шөлі де,

Қырларым қандай күйде деп,

Әкелдім туған жеріме

Алатау бұлтын сүйрелеп.

Жалын боп көкке жайылды

Жасылдың тілі жалақтай,

Бұлттардың төсін айырды

Батырлар тартқан садақтай.

Балбырап қана сасқаннан

Бауырын төсеп тұрды аспан.

Сары уыз, сайғақ жас талдар

Секірді-ау билеп тынбастан.

Күндіз де түні шелектеп,

Көл болып жерге ақты нұр.

Жазықта балғын бөбектей

Сүйдіріп бетін жатты гүл.

Саябыр тауып

шағылдың

Суырып құмын қуған жел,

Жаңбырдан кейін жаның бір

Жайланып қалды-ау, туған жер.

Жан ұлың аңсап келгенде,

Жадырап гүлдер, күлсе бау...

Жаңбыр боп келіп сендергө,

Жайнатып кетіп жүрсем-ау!

АУЫЛ ҚАРТТАРЫ

Дүниеге келер бір рет,

Дария-кеуде,

Тау-мүсін,

Құрыштан құйған құдірет —

Қарттарым,

аман-саумысың ?

Өздерің болсаң жанында,

Ел іші жомарт,

Еңселі,—

Дән иісі жүрген қанында

Даламның бір-бір бөлшегі.

Арада жылдар жөңкіліп,

Алыстап кеттім біртіндеп,

Айта алмай ауыз толтырып,

«Ассалаумагалейкум!» деп.

Өзге бір менде жоқ тілек,

Өздерің

көзбен баққаным,

Жайлы жер іздеп кетті деп,

Жазғыра көрме,

Қарттарым.

Ердім бір сиқыр қаламға,

Шығардым бөлге жыр көшін.

Болғам жоқ алаң,

Даламда,

Әулие қарттар жүргесін.

Жанды ғой бағы даланың,

Сендерге қуат,

дем берсін.

Киесі де оның сендерсің,

Иесі де оның сендерсің.

Алдында жүрші көзімнің

Асылым,

алтын қазынам.

Ауыра қалсам,

өзіңнің

Пейіліңмен-ақ жазылам.

Сағынтып талай жыр туар,

Оралар әлі-ақ сан жыршы.

Даламның иісі бұрқырап,

Қарттарым,

аман-сау жүрші!

ОҢ АЯҚ

Күн ұзаққа шөп шауып,

малды бағып,

Таң алдында жантайып қалғып алып,

Отыратын бір мезгіл кілең жесір

Құйттай-құйттай сәбиін алдына алып.

Жадау жүрген көңілді желпіндіріп,

Талпындырып сәбиді, серпілдіріп:

– Келер ме екен көкешің, құлыншағым,

Оң аяғың көтерші, – дейтін күліп.

Көзін алмай барлығы, тынып іштен,

Оң аяққа қарайтын сүйінішпен.

Қыбыр етсе баланың башпайлары,

Кететіндей жуылып күйік іштен.

Қадалатын ынтығып бәрі үзіліп,

Сан құбылып жүздері,

сан бұзылып,

Оң аяқта тұратын осы кезде

Жалғыз арман,

жалғыз ой,

жалғыз үміт.

Әлгі бала талпынып тұрған күліп,

Жалғыз өзі маңайын нұрландырып,

Көтеретін бір кезде оң аяғын,

Үйдің ішін мәз-мәйрам, думан ғылып.

Жеткізгендей хабарын ағалардың,

Мәз-мәйрам боп тұратын бала балғын,

Сәби жүрек сезе ме,

аз да болса,

Көтергенін көңілін аналардың.

***

Баяғыдай жатыр үнсіз Жем ағып,

Жас толқынды жүгіртеді жел алып.

Ашылғандай көкірегім сарайы

Туған жерім ауасымен демалып.

Барлық үйі сол күйінде тұр аман,

Бәріне де кіріп-шығып жүр адам.

Жалғыз ғана жарқабақта тұратын

Қараңғы үйдің қабырғасы құлаған.

Күндер қайда, дәурен қайда кешегі,

(Зымырап ағып жылдар қалай көшеді.)

Бір кездерде тәңіріндей бұл жердің

Ең айбынды, ең биік үй осы еді.

Осы еді тек бәрінен де сұсты ерек,

(Ол үшін де құдіретті күш керек!)

Жарқамыстың маңдайына бітпеген –

Сол маңайда тұратын бір үш терек.

Соған қарап жалынатын көң дала,

Соған қарай соғатын жел долдана.

Қақ айрылып жатсын бүкіл қара жер,

Құламастай көрінетін сол ғана.

Қара нөсер қаһарланып құятын,

Саз балшығын сайға қарай қуатын.

Кемерінен асып түсіп әдейі,

Жем толқыны қайырылып кеп ұратын.

Бәрі соның оқ боп оны атқандай,

Қаһарлы кек қабырғаға батқандай.

Бірте-бірте ел көзінен жылыстап,

Жер астына кіріп бара жатқандай.

Байланысты жаналықтар

Бүгінгі ауа райы қалай болады? Синоптиктер болжамы

02.10.2024

1 қазанға арналған ауа райы болжамы

01.10.2024

Шаңды дауыл, тұман. Бүгін күн райы қалай болады?

30.09.2024

27 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы

27.09.2024

Тұман, үсік, жел. Синоптиктер ескерту жасады

24.09.2024

20 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы

20.09.2024
MalimBlocks
Бүгінгі ауа райы қалай болады? Синоптиктер болжамы

Елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда тұман түседі

1 қазанға арналған ауа райы болжамы

Ақтөбе облысының батысында, оңтүстігінде, орталығында төтенше өрт қаупі сақталады

Шаңды дауыл, тұман. Бүгін күн райы қалай болады?

Қызылорда облысының орталығында шаңды дауыл соғады

27 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы

Ақтөбе облысының батысында, оңтүстігінде, орталығында төтенше өрт қаупі сақталады

Тұман, үсік, жел. Синоптиктер ескерту жасады

Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде 2 градус үсік жүреді

20 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы

Бірқатар аймақта үсік жүреді