Ақтөбе облысының Алға ауданына қарасты Бесқоспа ауылында 22 жастағы келіншек өгей қайын атасының тарапынан зорлық көргенін айтып, полицияға арыз түсірді, деп хабарлайды Orda.kz.
Оқиға келін мен қайын атасы бірге тұратын үйде болған. Ресми мәлімет бойынша, шағым 29 қазан күні тіркелген. Келіншек болған жайтты жеке өзі полицияға баяндаған.
Қазір істің мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
"Полиция Алға ауданының 22 жастағы тұрғынын зорлау фактісі бойынша күдіктіні ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады. Қылмыстық істі жан-жақты, әрі бейтарап тергеуге бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс бойынша өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді", – деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, жәбірленуші келіншектің екі баласы бар: үлкені – үш жаста, ал кішісі – қырқынан жаңа шыққан.
Оқиға күйеуі үйде болмаған уақытта орын алған. Қазір келіншекке психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Күдікті – 53 жастағы ер адам, ол жәбірленушінің енесінің екінші күйеуі екені анықталған. Яғни, келіншектің туған қайын атасы емес, бірақ олар бір үйде бірге тұрған.