Астанада мас күйінде және жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған судья жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Астана қаласының Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында қызмет ететін Асель Досаева әлі де өз қызметтік міндеттерін атқарып отыр.
«Судья заңда белгіленген тәртіппен Жоғары сот кеңесі тиісті шешім қабылдағанға дейін өз қызметін жалғастыра береді», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Соттың ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, Асель Досаева қазіргі уақытта осы соттың судьясы ретінде тіркелген.
Сонымен қатар, сот өкілдері Ішкі істер министрлігінің әкімшілік құқықбұзушылық туралы материалдарын Бас прокуратураға жолдағанын мәлімдеді:
«Белгіленген тәртіпке сай прокуратура судьяны жауапқа тарту мәселесін қарау үшін Жоғары сот кеңесіне ұсыну енгізеді», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ сотта судьялардың тәртіптік жауапкершілігі, қызметке тағайындау және босату мәселелері тек Жоғары сот кеңесінің құзыретінде екенін атап өтті.
Еске салайық, 2 қараша күні әлеуметтік желілерде Астанада мас күйінде көлік жүргізген судья Асель Досаева ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Полицияның мәліметінше, рейд кезінде Mazda маркалы автокөлік тоқтатылып, жүргізушіден алкогольдік мас болу белгілері анықталған.
Кейін бұл жағдайға қатысты ІІМ де пікір білдіріп, судьяның жүргізуші куәлігі мерзімі өтіп кеткенін хабарлады.
Ал елорда соты судьялардың арнайы құқықтық мәртебесі бар болғанымен, бұл оларды заң бұзған жағдайда жауапкершіліктен босатпайтынын қадап айтты.