Үмбетай жырау жырлары

Үмбетей Тілеуұлы (1706-1778) – қазіргі Ақмола облысында дүниеге келген қазақтың әйгілі жырауы. Ол көптеген соғыстарға қатысқан батырлардың бірі. Жоңғар соғысы кезінде елді рухты жырларымен жанып, халықтың мұңын жоқтаған.

Malim Админ

  • 25.08.2024

БҰҚАРҒА

Үй сыртында арқа тау,
Панасы егер жоқ болса,
Бұл шіркіннің несі тау?!
Кетеген болса, түйең жау,
Тебеген болса, биең жау,
Ұрысқақ болса, ұлың жау,
Керіскек болса, келінің жау.
Үйіңдегі ұлың жаман болса,
Есіктегі құлмен тең.
Қойыныңдағы қатының жаман болса,
Қаңтардағы мұзбен тең.
Кей сорлының қатыны
Күндіз ауру, түнде сау, -
Арқаңа артқан тұзбен тең!
Сәл бөгеліп барып:
Жылға сай батпақ болса, өте алмассың,
Жастан шыққан жүйрікке жете алмассың.
Дүниенің жүзінде осы қиын -
Жаман деп өз үйіңнен кете алмассың.
Бәйбішең аю болса, аса алмассың,
Қарау болса, әй деуге бата алмассың.
Мейманға отың басы болса суық,
Еліңе жақсы жігіт атанбассың.
Қосағың қоса ағармас қосақ екен,
Құдайым осылай да қосады екен.
Тоты құс жарқанатқа пенде бопты,
Бұқарым, айтар мінің осы-ақ екен.

 

ЖАУҚАШАРҒА

Бұрала біткен емендей,
Қисық туған адамсың.
Бұл мінез, бұл қылықпе
Қайдан абырой табарсың?!

Ындыны жаман жетеуің
Қашты әне жалт беріп,
Қалған мына екекуін
Қолыңа ал ант беріп.

Жол атаң «енем баласы»
Жатырқауды білмейді,
Ортайса да шарасы,
Арамдыққа жүрмейді.

Кісіні көрсең, ессікке
Жүгіре шық, кешікпе.
Қарсы алмасаң мейманды,
Кесір болар несіпке!

 

БӨГЕНБАЙ ӨЛІМІНЕ

Уа, Алатаудай Ақшадан
Асып тудың, Бөгенбай!
Болмашыдай анадан
Болат тудың, Бөгенбай!
Қалақайлап дулатқан,
Қалдамандап шулатқан
Қалмақты алдың, Бөгенбай!
Құбыла көшкен байтақтың
Ордасындай Бөгенбай!
Темір жұмсап, оқ атқан
Қорғасындай Бөгенбай!
Қолтығы ала бұғының
Пәйкесіндей Бөгенбай!
Жалаңқия жерлерден
Жазбай түсіп түлкі алған
Білегі жуанбүркіттің
Тегеурініндей Бөгенбай!
Баянаула, Қызылтау,
Абыралы, Шыңғыстау,
Қозы Маңрақ, Қой Маңрақ,
Арасы толған көп қалмақ;
Қалмақты қуып қашырдың,
Қара Ертістен өткізіп,
Алтай тауға асырдың!
Ақшәуліге қос тігіп,
Ауыр қол жидырып алдырдың;
Қалмаққа ойран салдырдың!
Қабанбай мен Бөгенбай,
Арғын менен найманға
Қоныс қылып қалдырдың!

 

БӨГЕНБАЙ ҚАЗАСЫН АБЫЛАЙ ХАНҒА ЕСТІРТУ

Ей, Абылай, Абылай,
Абылай ханым, бұл қалай?
Бұл қалайдан сескеніп,
Сөзімді қойма тындамай.
Талай істер басыңнан
Өтіп еді-ау жасыңнан,
Қиын, қызық әрбір жай.
Жас күнінде, Абылай,
Үргеніштен мұнда кеп,
Сарыарқаны жерім деп,
Қалың қазақ елім деп,
Келмеп пе едің жаяулай?!
Төле биді тапқанда,
Күндіз түйе баққанда,
Жалғызбын деп шошымай,
Еш малшыға қосылмай,
Қара жерге отырмай,
Күпінді салып астыңа,
Жең жастанып басыңа,
Қол-аяғың төрт жақта,
Жатушы едің сол шақта,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Жиырма жасың толғанда,
Қалмақпен соғыс болғанда,
Алғашқы бақты тапқанда,
Шарыштың басын қаққанда,
Қанжығаңа бас байлап,
Жау қашты деп айғайлап,
Абылайлап шапқанда...
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Сол ерлікпен хан болдың,
Әлем асқан жан болдың,
Барша әлемге даң болдың,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Қалдан ханның әскері
Іздеп сені әрі-бері,
Қапыда ұстап алғанда,
Алып барып Тәшкенде
Көр зыңданға салғанда,
Елің қараң қалғанда,
Тоқсан жақсы үш жүзден
Сені сұрай барғанда,
Өлтірем деп Қалдан хан
Орайына Шарыштың,
Сөзіне қарсы сөз айтып,
Жауаптастың, қарыстың.
Қапияда тұтылдың,
Қалмаққа бітеу жұтылдың,
Шешендік жолын тұтындың,
Үш ауыз сөзбен құтылдың,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Аруағыңа болысқан,
Әділ билік қылысқан,
Қашпаған қандай ұрыстан
Керейде батыр Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қу дауысты Құттыбай,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай –
Абылай, сенің тұсыңда
Сол бесеуі болыпты-ай!
Кейі батыр, кейі би,
Тәңірім берген сондай сый,
Ұмыттң ба соны, Абылай!
Батыры ханға сай болды,
Елің жайпақ бай болды,
Қыс қыстауы тау болды,
Жаз жайлауы көл болды,
Салқын сары бел болды,
Елге лайық ер болды,
Сарыарқа деп таңданып,
Өзге жұрт аңсар жай болды,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Айтқан сөзің ем еді,
Жолынды теріс демеді,
Қай бақытың кем еді,
Ел қорғаны көп еді,
Қалып па ең батыр таба алмай?
Жауыңның қанын ағызған,
Аузынан балды тамызған,
Би мен батыр аз болып,
Тасырқап па едің шаба алмай!?
Анау бір жылы аттанған
Әскерді қырғыз қырғанда,
Басынан оба қылғанда,
Ол хабарды ел біліп,
Көп батырмен сен жүріп,
Көзіңнің жасын көл қылып,
Кысылған әскербасының
Қасына барып тұрғанда,
Ақбоз атты шалғанда,
Мойныңа кісе салғанда,
Баба түкті Шашты Әзиз,
Содан бата алғанда,
Тілеуің қабыл болғанын,
Басыңа Қыдыр қонғанын,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Ұлы сәске болғанда
Жасаған жақсы жол беріп,
Жол бергенде мол беріп,
Ойламаған бақ беріп,
Қырғызды Тәңірім қақ бөліп,
Садырбала бітем деп,
Әтеке соғыс күтем деп,
Бірі көнбей біріне,
Садыр кетті бөлініп,
Соғысудан түңіліп,
Әтеке сынды жырықтың
Қабырғасы сөгіліп,
Шапқанда батыр төгіліп:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Сары, Баян мен Сағынбай
Қырмап па еді жауыңды,
Қуантпап па еді қауымды,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Дүние кезек, Абылай!
Қаласың әлі-ақ сен былай!
Артыңдағы балаңа
Табылар батыр тағы да-ай!
Сондай ерлер көп тусын
Деп тілей бер, а Құдай!
Орта жүзде қатын көп,
Туатын кейін батыр көп,
Сол мұқатар жауды деп,
Елестер көзге сағымдай.
Ей, Абылай, Абылай,
Сөзімді тыңда тағы да-ай!
Өзіңнен біраз жасы үлкен,
Дөмпеш таудай басы үлкен,
Жасыңда болған сырласың,
Үлкен де болса құрдасың,
Сексеннен аса бергенде,
Қайрылмас қаза келгенде,
Батырың өлді – Бөгенбай!
Иманын айтып өлерде,
Иекке жаны келгенде,
Сәлем айтты үш қайта,
Кеттім деп сізді көре алмай.
Батырды қолдан өткіздім,
Сәлемін міне жеткіздім.
Жыламай тында, Абылай!
Жараға жақсы қасқарар,
Ойбайлап жаман бас салар.
Көріспей айтты демеңіз,
Осы еді біздің келген жай.
Көзіңнің жасын тыя көр,
Жақсылық бата қыла көр.
Тағы да талай бақ берсін,
Балаңа алтын тақ берсін,
Бөгенбайдай жас берсін,
Өлшеусіз мал мен бас берсін!
Бөгенбай сынды батырдың
Береке берсін артына-ай,
Сабыр берсін халқына-ай.
Жасаған ие жар болып,
Бейіште нұры шалқығай!

 

ЕЙ, АҚТАМБЕРДІ, ҚАБАНБАЙ

Ей, Ақтанберді, Қабанбай!
Суытпа босқа түсіңді,
Қайрама онша тісіңді.
Сырт тазасы не керек,
Тазарт әуел ішіңді.
Салмақтасаң, айта ғой,
Хан алдында күшінді.
Елімді иесіз демейсің,
Алты арысқа білдірмей,
Басып жеймін демейсің?!
Батпан, батпан мінің бар,
Қабынбай, бітім қылындар.

Байланысты жаналықтар

Қашаған жыраудың өмірі

20.09.2024

Мәделі Жүсіпқожаұлы өлеңдері

14.09.2024

Шортанбай Қанайұлының өлеңдері

12.09.2024

Есет би өлеңдері

10.09.2024

Шал ақын өлеңдері

09.09.2024

Доспамбет жырау толғаулары

05.09.2024
MalimBlocks
Қашаған жыраудың өмірі

Қашаған Күржіманұлы (1841–1929) Жырлары мен өлеңдері халық арасына кеңінен таралған, суырып салма ақын Қашаған Күржіманұлы 1841 жылы Түрікменстанның Ташауыз қаласының маңында туған ақын. 1929 жылы Маңғыстауда өмірден озған.

Мәделі Жүсіпқожаұлы өлеңдері

Мәделі Жүсіпқожаұлы (1816-1888 ж.) – Қазақтың байтақ даласында көрнекті ақын әрі батыр атанған азаматтың бірі . Мәделінің кіндік қаны тамған жері қазіргі Түркістан облысының Қызылқұм ауданының қожатоғай кеңшары (бұрынғы Ақбұлақ болысы, Бадам жері). Зерек, болашақ ақын жігіт жастайынан діни медреселерді оқып, жан-жақты болып өседі. Қолына түскен кітаптарды көп оқып, мұсылманша оқыған білімі арқасында Құранды да оқып жатқа білетін болған. Кезінде кеңінен тараған шығыс әдебиеті, оның ішінде араб әдебиеті үлгілерінен, ертегі, дастан, қиссаларды көңіл қоя оқиды. Мәделінің өз заманында діни білімімен молдалық құрған кездері де болған.

Шортанбай Қанайұлының өлеңдері

Шортанбай Қанайұлы (1818-1881) – 19 ғасырда өз дәуірінің шындығын бүге-шігесіне дейін көрсете білген бірден-бір ақын, өз дәуіріндегі қоғамдық, әлеуметтік өмірдің әр саласын кеңінен қамтып, көркем бейнелеген ірі суреткер. Шортанбай өмірі мен шығармашылығы жөнінде қолда бар деректер тым шағын. Бұларға қарағанда ақын 1818 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түркістан ауданының Қаратау бойында туып, Арқадағы Қарқаралы өңірінде 1881 жылы қайтыс болған. Ол «Зар заман ақындарының» ірі тұлғаларының бірі.

Есет би өлеңдері

Есет би ХVIII ғасыр соңы мен ХІХ ғасырдың бас шенінде жасаған, өлең сөзде замандастарына дес бермеген би, шешендігімен, ақындығымен көзге түскен. Қазіргі Атырау облысы Қызылқоға аумағында дүниеге келген.

Шал ақын өлеңдері

Шал ақын атанған Тілеуке Құлекеұлы (1748-1819) халық ақыны, Абылай ханның замандасы. Тiлеуке Құлекеұлы қазiргi Ақмола облысы Азат темiр жол станциясының маңында дүниеге келген. Шал ақынның әкесi Құлеке батыр Тәңiрбердiұлы қазақ-қалмақ соғысының атақты батырларының бiрi. Өзі де жорықтарға қатысқан. Шал ақын ел аңыздарын жинап, эпостар жазған.

Доспамбет жырау толғаулары

Доспамбет жырау (1490–1523) – жырау, қолбасшы, батыр. Доспамбет жырау қазақ халқының қалыптасу кезеңінде өмір сүрді. Кіші Ноғай ордасында әскери қолбасшы болды. Дешті Қыпшақты көп аралаған, Бақшасарайда, Стамбұлда болған. Қырым ханының жағында көптеген әскери жорықтарға қатысқан. Доспамбет жырау тайпааралық ұрыстардың бірінде 1523 жылы Астрахан маңында қаза тапты.