«Жәңгір ханның өлімінен кейінгі кезең». Ақын Ерлан Жүніс пен Тоқтарәлі Таңжарық роман жазып жатыр

Әдебиетке поэзия арқылы келген ақындардың роман жазуына не түрткі болды?

Сабина Асқарқызы

  • 23.09.2024

Ақын Тоқтарәлі Таңжарық пен Ерлан Жүніс роман жазып жатыр. Бұл туралы қалам иелері  «Әдебиет порталының» YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Бағдарлама барысында жүргізуші Шерхан Талап «Әдебиетке поэзия арқылы келген ақындардың роман жазуына не түрткі болды?» деген сұрақ қояды. Ақындардың айтуынша, өлеңге сыймайтын кейіпкерлерді проза арқылы жазуға болады.

«Кезінде «Жолаушы, қария және ит» деген пьеса жаздым. Оны оқымаған шығарсыздар. Негізі оны мен туған үйіме арнап поэма ретінде жазамын деп ойладым. Сыныптасым біз тұрған үйдің суретін жіберген. Кезінде әсем сарайдай болған, менің балалық шағым өткен үйдің тоз-тозы шыққан. Соны поэма қылып жазайын десем де жаза алмадым. Ағамның ұлы 2 жасында шекарадан өтіп, Қазақстанға көшкен. 22 жасында атасы туған үйіңді көріп кел деп жіберді. Солай туындының формасын іздеп, 23 беттік пьеса жаздым. Оны көпшілік жылы қабылдады. Мен оны поэзия ретінде берсем дәл осындай етіп жаза алмас едім деп ойлаймын. Кейін махаббат туралы жазамын деп «Бұлыңғыр түн» хикаясы жарық көрді. Поэма жаза алмай, көп қиналып ем. Ұйқасы бар, ұйқассыздығы бар. Бірнәрсе жетпейді. Сосын елдің бәрі проза жазып жүр ғой, мен де бір жазып көрейінші дедім. Қарапайым дүниеден туды. Бір қарасам 17 бет, 19 бетке дейін жазып кеттім. Жазған дүниемді басқаларға оқытып та алдым. Адам көлемді дүние жазса, көбірек оқиды екен. Бір оқиғаны басқа жазушылар қалай суреттегенін білу үшін көп оқи бересің», - дейді ақын Тоқтарәлі Таңжарық.

Ақын қазіргі таңда адамның ішкі болмысы мен рухани тұлғасына қатысты сұраққа жауап беретін роман жазып жатқанын айтты.

«Өзімді зерттей келе әлеуметтік-қоғамдық мәселелерге жоқ екенімді түсіндім. Саясат пен әлеуметтік мәселелерге шығармашылық қабілетім жетпейтін шығар, бірақ ішкі түйсігім соған келмейтін шығар деп ойладым. Сөйтіп «Адам деген не» деген секілді тақырыпта өзіңді-өзің жек көру, өзіңді-өзің мүжу секілді сезімдер мен ойлар туралы жазып жатырмын. Ол зәулім сауда орталығының жедел сатысында 17 қабаттан әрі қарай көтеріле алмайтын кейіпкер туралы болмақ», - деді Тоқтарәлі Таңжарық.

Көпшілікке белгілі ақын Ерлан Жүніс қазақ әдебиетіндегі ақындардың көпшілігі проза жазғанына тоқталды.

«Бала күнімізде барлығымыз ауыл маңындағы өзендерде жүзуді үйрендік қой. Суы неғұрлым таяз болған сайын бала жүзуді үйрене алмайды. Бізді ағаларымыз көлдің ортасына қарай лақтырып жібергенде жанталасатынбыз. Әрине, бірден роман бастау қиын. Бірақ бала күндегідей өзімді бірден лақтырдым. Кейде өлеңге сыймайтын ойлар болады. Ол тұрмыстық, қоғамдық-әлеуметтік, тіпті, «Адамның жүрегі дегеніміз не? Санасы дегеніміз не? Жалпы өмір дегеніміздің өзі не? Жоғалту дегеніміз не? Табу дегеніміз не? Құрбандыққа бару дегеніміз не?» деген секілді сұрақтарға кейіпкерлер көбірек жауап бере алатын сияқты. Мысалы, ақын ретінде өз сезіміңді, өзің көрген дүниені жазасың. Бірақ ақын дүниенің бір емес, мың түсті нұсқасын көреді. Бірнәрсенің өзін сан алуан нұсқада көресіз. Оның бәрін өлеңге алып келе алмайсыз. Сондықтан Бовари ханымның «Мен» деген секілді кейіпкерлері керек екен. Өйткені, басқаша көріп тұрған дүниені сол басқаша адамның санасымен беру керек. Кез келген ақын прозаға барады. Мысалы, қазақ әдебиетінде проза жазбаған ақын кемде кем. Әлем әдебиетінде де солай», - дейді Ерлан Жүніс.

Ақын қазақ тарихында Жәңгір ханның өлімінен кейін болған оқиғалар туралы жазып жатқанын айтады.

«Мен өзім тарихи тақырыпқа қызығамын. Бала күнімнен тарихты жақсы көремін. Қазір де тарихи роман жазып жатырмын. Жәңгір ханның өлімінен кейінгі уақыт қазақ тарихындағы өте бұлыңғыр, жоғалған уақыт. Ол жерде көп айтылмаған, тек дерек жүзінде қалған соғыстар бар. Негізгі басты мәселем – біз Түркі қағанаты құлағаннан кейін түркі халықтарының бөлінуі туралы көп жаздық. Түркі халықтарының әрбір өкілі өз қозқарасымен тарихын жазып шықты. Бірақ біздің тарихымызда түркі халықтарының біріккен уақыттары болған. Үш-төртеуінің, бес-алтауының бірігетін кезі болған. Жәңгірдің өлімінен кейінгі оқиғаларда түркі халықтары бірігеді. Ең қызықты уақыт. Сондықтан осы тақырып қызықтырып, жазып жатырмын», - деді Ерлан Жүніс.

Фото: Видеодан скрин  

Байланысты жаналықтар

Күз туралы өлеңдер

16.09.2024

Менің мылқау махаббатым, қалайсыз?..

11.03.2021

РЕДАКТОР

10.10.2020
MalimBlocks
Күз туралы өлеңдер

Күз – шабыттың маусымы. Күзгі табиғат – пейзаждар әлемі. Күз туралы өлеңдер топтамасын оқысаңыз, табиғат пен өмірдің сан алуан бояуын көресіз.

Менің мылқау махаббатым, қалайсыз?..

РЕДАКТОР