Жаяу Мұса өлеңдері

Жаяу Мұса Байжанұлы (1835-1929) – әнші, ақын, композитор. 1835 жылы 30 шілдеде Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің маңында дүниеге келген. Көптеген әндердің авторы. Әнші бейнесі көркем шығармаларда, Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұса» романында сомдалған. Павлодар облысының Ақсу қаласындағы мәдени-ағарту училищесі және Павлодар қаласының бір көшесі Жаяу Мұсаның есімімен аталады.

Malim Админ

  • 23.09.2024

СӘУЛЕМ ҚЫЗДАР

Барады үркер ауып жазға таман,
Жүгірдім мылтық алып қазға таман.
Буылып қол-аяғым жатсам дағы,
Домалап бара жатам қызға таман.
Қаршыға қыран болса, тырна алады,
Жел соқса, ұзын ағаш ырғалады.
Құрбылар, жастығыңда ойна да күл,
Қызықтан ойнамаған құр қалады.
Бұлт басып айдың көзін торлады ма,
Әй, сәулем, көңілдегі болмады ма
Әркімнің ықтияры өзіңде ғой,
Сүймесең, сені біреу зорлады ма

 

*  *  *

Ей, Мұса, мен не қылдым саған, жарқын,
Күшпенен тоздырдың ғой ауыл халқын.
Бұзауын ауылымның қырып салдың.
Көрерсің не болғанын істің артын.
Мақтанба басыңызда бағыңызда,
Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.
Сізге де сорлы болу қиын емес
Басыңнан бағың тайған шағыңызда.

 

*  *  *

Туған жерім Баянауыл,
Кейде тынық, кейде дауыл.
Ұлытаудың қойнауында
Мекен еткен біздің ауыл.
Артта қалды Баян тауым,
Жер аудартты ата жауым.
Қанша қысым көрсетсе де,
Өмір бойы бітпес дауым.

 

ЛӘЙЛІМ

Ақ көйлек, асыл бешпент белін қысқан,
Бір қыздың даусы шықты Күншығыстан.
Қоян жон, құмырсқа бел қарағым-ай,
Жігіттің арманы жоқ сені құшқан!

 

АҚ СИСА

Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса,
Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса.
Шорманның Мұстафасы атымды алып,
Атандым сол себептен Жаяу Мұса.

Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса,
Жүрмейді кімдер жаяу зорлық қылса.
Байлары орыс-қазақ қашқын дейді,
Көрер ем қашқындықты күнім туса.

Үш жүзге атым мәлім Жаяу Мұса,
Жүрмейді кімдер жаяу зорлық қылса.
Аттыдан жаяу жүріп кек аламын,
Жігіттер, шамаң келсе, маған ұқса.

 

КӨКАРШЫН

«Көкаршын» ән еркесі баппен айтса,
Ер жігіт не болады серттен қайтса.
Ән болмас “Көкаршындай” қайда барсаң,
Ән білем деген адам шынын айтса.

"Көкаршын” көңіліме қонған әнім,
Сүйеді сұлу әнді менің жаным.
Айқайлап шырқағанда жүз құбылтып,
Кетеді бойым балқып, қызып қаным.