Жұмағали Саин ақынның өлеңдері
Жұмағали Саин (1912–1961) Көкшетау облысы (қазіргі Ақмола) Арықбалық ауданы «Баян» көлінің жағасында туған. Жастайынан жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген. Соғысқа қатысып, майдан жырларын жазған. Бірнеше жыр жинағының авторы.

ДАУЫС
Беріктік қаула жүректе!
Тап жолынан таймайтын.
Жалында күш білекте,
Майданда барлық талмайтын.
Даусым дауыл, сөзім от,
Шыжылда жаулар қансырап
Капиталға ажал оқ.
Даусым тапқа шам-шырақ.
Құйыл жыр, теңіз - телегей!
Үде шабам,— шабысым!
Бар майданды жебелей,
Тілімнің уы шашылып,
Тап дұспаны улансын!
Майданға қару асынып,
Шығам, жаулар «туласын»
Сытырла, қалам, жорғала!
Орында ойдың қорғала,
Тұлпарым, сенсің жүйрігім,
Түсейін топқа тайсалмай,
Даңқсыз талап болса да,
Қарыштап жазам денемді,
Толмаса да, толса да.
Ағында, екпін, ағында,
Бұрқырат шаңын даланың,
Дауысым таптық жаңылма!
Қайнатам қару, қолда алмас,
Майданға кірдім тап үшін,
Сайра, жағым, тіл талмас,
Саңқылда, жас дабысым.
ДАЛА
Уа, дала, күнің күліп, түнің жылып,
Пердеңді бетіңдегі қойдың сырып,
Дәл бүгін сансыз еңбек төсің көрді,
Нешеме жыл ұрланған сырың біліп,
Өскен күй, билеген би тамырыңа,
Балқытып маужыратып кетті сіңіп.
Жайраңдап жадырадың сырыңды аштың,
Түрлендің еңбек деген күйге бастың.
Көгеріп күннен-күнге, жылдан-жылға,
Аңқытып дүниеге гүлің шаштың.
Күн дала, күнім дала, гүлді дала,
Жыртылған жүректегі бітті жара.
Күлімдеп көкке серпіп нұрлы түсің,
Түр жапты және - дағы қызыл ала.
Көк құрақ, жасыл шалғын түрлі-түсті,
Ие боп малын жайса кеше күшті.
Күл болып көсегесі талқандалып,
Быт-шыт шаңырағы аспанға ұшты.
Тап бүгін қожа саған еңбекші ел,
Ағызған еңбек етіп маңдайдан тер.
Міне, олар шалғыныңа малын жайды.
Ал, дала, гүлдене бер, түрлене бер!
Беттеген келешекке сенің елің,
Басшы ғып Компартия кемеңгерін,
Игі іс, екпінді еңбек таудай талап,
Жетуге нысанаға күшті сенім.
Кең дала, кенді дала, көне дала!
Гүлденіп еңбекпенен болдық жаңа.
Төрінде жақсылықтың сәулесі ойнап,
Әнекей жаппай қимыл ауыл, қала.
Ұлы екпін, күшті екпін өне берсін,
Жаңалық ең далаға ене берсін!
Не қилы бөгеттерді жолдан сырып,
Біздің көз табыстарды көре берсін!
МӘЗ ЕМЕС
Мещанкаға
Қызыл ерін,
Жалғыз көрім,
Бетіңе «ұнды» жағынсаң.
Үйден безіп,
Көше кезіп,
Жұрттың көзін бағынсаң.
Еппен тұрып,
Көзің күліп,
Назданасың «сарына»
Бүгін мынау,
Ертең анау,
Қарамайсың арыңа.
«Мен сүйемін,
Мен күйемін»
Жаттанды бұл «ойының».
Бұл - жүрістен,
Бұл сүйістен
Болар ма бір тойымың?
Саған қарап,
Жұлдыз санап,
Жүрген жастар аз емес.
Сені бағып,
Қалта қағып,
«Олжасы» алған мәз емес.
ДАРИЯ
Мынау дала керілген,
Кербез сұлу шын тасты,
Көркейе түсті күлді күн,
Жер түрленді, гүл шашты.
Кесілген көлбей күміс су,
Әне, айдынды дария,
Қаңқылдап ұшқан үйрек, қаз,
Маңайына сап ұя.
КЕСТЕ
Алда ақ бәтес, айшықтаған
Қаста жібек, қолда біз.
Өте сұлу тігіп кесте..
Отыр екен бір жас қыз.
Көргім келіп қыз кестесін
Жақындадым жанына,
Арнап шегіп отыр ма деп
Сәулесіне – жарына.
Жапырағын төгілдіріп
Ою ойып шырматып,
Кімге асығыс тіктің, шырақ,
Тыным таппай, түн қатып?
– Қошқар мүйіз кестем түрін
Қолтырмаштап, мәнерлеп.
Төктім сырлы, сәулетті етіп
Сәнді шимай, сан өрнек.
Үшкіл тарттым, қиыстырдым,
Айшықтарын, топтарын.
Гүлдер септім, безендірдім
Әшекейін, шоқтарын.
Күміс жіппен жарқыраған
Қондырдым күн кестеме,
Махаббатым елге арнаған,
Кестеде, осы кестеде.
Тереземнен төнген айды,
Шоқ етейін қадайын,
Бақшада өскен алмаларды
Алқа етейін, тағайын...
Балға - ораққа орайыншы
Бидайымның бастарын,
Жарқыратып төгейінші,
Брильянттың тастарын.
Кестем осы, шетіндегі
Шоғырланып өскен мал,
Бердім сізге тартуымды,
Астанаға алып бар!
Қош деп, маған қолын берді,
Тапсырды өзі кестесін.
Колхоз қызы қарындасым,
Ұмытпаспын – естісең.