Соғыс туралы өлеңдер
Мың қолдар сау болсын деп, Мен бір қолымды бердім.

Мың қолдар сау болсын деп,
Мен бір қолымды бердім.
Мың жолдар жалғансын деп,
Мен бір жолымды бердім.
Мың гүлдер солмасын деп,
Гүлдей жастық күнімді бердім.
Мың ақын толғасын деп,
Мен бір жырымды бердім.
Құлын
Шаршаған жол батып
Волховтың батпағында,
Жатыр бие толғатып
Зеңбіректің арт жағында.
Фугас бомбасы
Жерді өртеген қиын күнде,
Тіршілік жолдасы
Бүлкілдейді биенің бүйірінде.
Адамдай жапа шегіп құса-мұңнан,
Сәби бір үн сағынған.
Жалы. тарап, көзіне үнсіз қарап,
Солдат оның сипайды құрсағынан.
Шашыраған көк жалынын бүркіп
темір,
Орманның іші үрейлі.
Ал оттың ортасында -
Шіркін өмір
Құлын боп кісінейді.
Қасым Аманжолов
Сен фашиссің, мен қазақпын!
Сен фашиссің, мен қазақпын,
Сен айтқандай «азиятпын».
Сен аспаннан «жұлдыз қақтың»,
Мен далада түйе бақтым.
Енді мынау қарайсың тек,
Дәрменің жоқ, көзіңмен жеп.
Арланасың, қорланасың,
«Тұтқын болдым тағыға» деп.
Егер де мен түссем қолға,
Қамар ең ау темір торға.
Олай болмай, бұлай болды,
Біздің бақыт, сіздің сорға.
Сен фашиссің, мен қазақпын,
Өзің айтқан «азиятпын».
Таңғаларсың, «философым»,
Ғажабына табиғаттың.
1944 жыл
Соғыстың, қыстың ызғары
Соғыстың, қыстың ызғары
Бойымнан кетпей, боп сырқат,
Емендей жалғыз құздағы
Айналаға болдым жат.
Қайсарлықпен сыр бермей,
Отырмын қарап биікке:
Ұшқан құсқа тау көлбей,
Қиялда жортқан киікке.
1944 жыл
Қанқұйлы жау
Қара тулы қанқұйлы жау,
Көрсем деуші ем азғаныңды:
Шұлғауыңды етіп жалау,
Өзің қылғып өз қаныңды,
Іріп-шіріп тозғанынды.
Арманым жоқ, өз көзіммен
Көрдім бәрін, болды тілек.
Қасиетті отты зілмен
Көкірегімде қайнаған кек,
Төгіл жауға! Тула, жүрек!
1943 жыл
Үстімде сұр шинелім
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қанды кырғын, қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің.
Үстімде сүр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қағып-соғып жығар ма
Оңайлықпен мені өлім!
Үстімде сүр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Баяғы Қасым, бір Қасым,
Баяғы күйім, өлеңім.
Үстімде сүр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Ұмытса да достарым,
Ұмытар ма мені елім!
1944 жыл
Ұлы Отан соғысы туралы жыр
Міне, менің алдымда жатыр Еділ,
Ер орыстың ежелден бесігі бұл.
Рухындай аруақты ата-бабалардың
Ойшыл бұлттар аспанда шомылып жүр.
Саратов, Тамбов, Москва- байтақ елім
Киінген қызыл әскер сұр шинелін.
Қайнап аққан болаттай келеді ерлер,
Қорғасынға түйіп ап кекті зілін.
Жау сұрқия, тобыры жендеттердің,
Ажал досы, қырсығы көк пен жердің.
Оның қанды қолынан, қанжарынан,
О, бауырым, аз қырғын болды дер кім!
Апат боп өліктерді басып-таптап,
Қасқыр боп, өрт боп дұшпан келді қаптап.
Атаға да балаға сайлап бұғау,
Жыландай жанды жерден болды шақпақ.
Ұлы ұран тау қырандай саңқылдады,
Дабысын ұлан-байтақ ел тыңдады.
Сонау алыс ғасырлар түкпірінен
Түсі суық найзалар жарқылдады.
Түстік таулар, арқалық теңіздерден
Ағылды әскер намысын кек кемірген.
Көтерілді орыстың ер ұрпағы
Бастап сонау қан қырғын Чуд көлінен.
Алты аспабы жарқылдап астында айдың,
Жалын шашып жүздері шегіп айбын,
Аттанды кеп ерлері Ұлы Отанның,
Дауыл күнгі бейне бір шалқар айдын.
Қатал күндер дауысы дауыл болып,
Ғасырларды оятып, өтті соғып.
Альпы тауын бетке ұстап саңқ-саңқ етіп,
Шықты ұшып қарт бүркіт ер Суворов.
Смоленск түбінде құрып шебін,
Кутузов жүр көкке атып зеңбірегін.
Қанды кия тастарға қару қадап,
Москва тұр баспа ғып Чудтың көлін.
Адам да, жер де, су да, ормандар да,
Ғалым, тарих, намыс та, кек те, ар да -
Бәрі де тайталасып майданға енді,
Жігіттер, бұдан асар ғажап бар ма!
Қарт Толстой жалын боп шығып демі,
Жазып жатыр, кім білер, әлденені?
Кей кезде бір шалынад құлағыма
Глинканың тым ауыр күрсінгені.
Салдың жара кеудеге, сұрқия жау,
Кетпес естен қан қырғын, талау-тонау.
Сенің арам сүйегің шірігенше
Біздің ауыр жарамыз жазылар-ау.
Европаға сыймастай ісіп-кеуіп,
Тәкаппарсып кетіп ең басып, теуіп.
Құладындай жүзіңді ішке тығып,
Енді неге бұғасың бүкшірейіп?!
Өлтіре соқ фашисті, ұр желкеден
Ғасырлар мен жылдардың салмағымен.
Өртенген үй, қираған атамекен,
Қан мен жастың кегі үшін аянба сен!
1943 жыл
Мұқағали Мақатаев
1941 жыл. Ақпан
1941 жыл ақпандатқан,
Сыртта аяз.
Аулымызды ақ қар жапқан.
Үңірейген үрей тұр соғыс дейтін,
Алапат аспан, жерді аттандатқан.
«Аттан!» – деді,
Ол ертең аттанады.
Аттанады еңбектің ақ табаны:
Күрегінің орнына қару алып,
Жауынгердің ролін атқарады.
Ол ертең аттанады.
Жарты Ай тұр шар аспанда –
тозған таға,
Үскірік үрлей ме әлде қозғалта ма?!
Әжем жүр туған жердің топырағын,
Тұмар ғып тігіп жатыр бөз қалтаға.
Ол отыр.
Аямай-ақ ішіп алған.
Санасын мазалайды күшік-арман.
Аттан, әке!
Таныс қой күрес саған,
Күресуі керек қой күші бар жан.
Here бізге үмітсіз тесілесің?
Аттан, әке!
Жолыңнан кешігесің.
Кеудесінде шыбыны бар пақырлар,
Тауып жейді сенсіз де несібесін.
Қалай сені жұбатам, аңыра, Ана,
Сау қайт деп тәңіріңе жалын, Ана.
Мына отырған иеміз құласа егер,
Саған жар, бізге әке табыла ма?
…Жалынған ғазиз Анам, сұрап қалған,
Жоғалды сол бетімен бірақ та арман.
Сенбеймін әкең өлді дегенге мен,
Себебі ол үйімізден тірі аттанған…
Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ
Солдат ұлы
Кездесіп сәлем берді сәби Айтпай,
(Адамның бір бақыты бала емес пе?).
Кешегі қанды ұрыстан қалған қайтпай,
Досымды әлсін-әлсін салады еске.
Жанымдай көрем жақын көз жанарын,
Көтеріп жерден қунап, тез аламын.
Шымырлап қозғалғандай болады аузы,
Жүрекке соғыс салған бір жараның.
Сүйемін әкесіне тартқан көзін,
Досымның айнымаған тура өзін.
Дәл осы баласына хат та жазған,
Еске алам жорық күнгі соңғы сөзін:
«Барады әкең жазып өмір жолын,
Саған да сол кітаптан қалар орын.
Жазарсың жалғастырып жақсы күнді.
Келешек өмірінде қасірет жоғын».
… Өмірін қорғады ол баласының,
Қалдырып жауға деген жан ашуын.
Беріп кеткен секілді жүрегі мен
Сөнбесін деп көзінің қарашығын.
– Қарашы, әне, аға, – деп тамашаны,
Жөнеледі асығып бала жаны.
Көз алдымнан бұлаңдап өте шыққан,
Секілденіп досымның бала шағы.
Көрнекі фото: e-history.kz