Биыл Нобель сыйлығын алған жапониялық қариялар ядролық қарудан бас тартуға үндеді

Ол қаладан қашып бара жатқан ауыр жараланған адамдарды көрді, жолдың екі жағында күйіктен бырысып қалған өліктер үйіліп жатты. Анасы екеуі әпкесінің мүрдесін «өз қолдарымен» өртеуге мәжбүр болды.

Аялдар Күнтуған

  • 11.12.2024

Фото: The Japan Times

Жапонияның атом бомбасынан тірі қалғандар құрған Nihon Hidankyo ұйымына сейсенбіде Нобель бейбітшілік сыйлығы табысталды. Нобельдің сужаңа иегерлері 80 жыл бұрын Хиросима мен Нагасакиге жасалған бомбалау оқиғаларынан кейін ядролық қарулардың қауіп-қатер ретінде қайта айтыла бастауына алаңдап, әлемді бұл қаруларды жоюға шақырды, деп жазады The Japan Times басылымы.

Nihon Hidankyo ұйымының үш тең төрағасының бірі, 92 жастағы Теруми Танака «ядролық қарудан азат әлемге жету үшін үкіметтерден нақты әрекет» етуін талап етті.

Сыйлық Осло қаласындағы Ратушада салтанатты рәсім кезінде берілді, бұл уақытта әлемдегі ең ірі ядролық арсеналға ие Ресей сияқты елдер атом қауіп-қатері туралы жиі жариялап жатыр.

«Менің жүрегім қайғы мен ашуға толы, өйткені «ядролық қаруға тыйым» бұзылу алдында тұр», – деді Танака құрметті қонақтар мен меймандарға, олардың арасында дәстүрлі норвегиялық бунаттар мен жапондық кимоно кигендер де болды.

Ресей президенті Владимир Путин бірнеше рет ядролық қауіп төндіріп, Батысқа қысым көрсету мен Украинадағы соғыста жеңіске жетуге ұмтылып келеді, қараша айының ортасында атом қаруларын қолданудың шегін төмендету туралы жарлыққа қол қойды.

Осыдан бірнеше күн кейін Украинадағы Днепр қаласына жасалған соққы кезінде Ресей армиясы ядролық оқтұмсық тасымалдауға қабілетті жаңа гипердыбыстық зымыранды сынақтан өткізді, алайда бұл жолы кәдімгі зарядпен атылды.

Nihon Hidankyo ұйымы Жер шарын жаппай қырып-жою қаруларынан арылту үшін талмай күресіп келеді, бұл ұйым Хиросима мен Нагасаки зобалаңынан тірі қалғандардың, яғни хибакушалардың естеліктері мен куәліктеріне сүйенеді.

1945 жылдың 6 және 9 тамызында АҚШ-тың екі жапон қаласын бомбалауы 214,000 адамның өмірін қиды, бұл Жапонияның тізе бүгуіне және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына әкелді.

Танака 13 жаста Нагасакиге атом бомбасы тасталған, эпицентр оның үйінен тек 3 шақырым жерде болған. Оның отбасының бес мүшесі қаза тапты.

Ол бомба жарылған мезетте кітап оқып жатқан еді.

«Жарылысты естідім, содан кейін барлық нәрсе әппақ жарыққа толып, үнсіздік биледі», – деп еске алады ол.

«Мен шынымен таңқалдым. Өміріме қауіп-қатер төнгенін сездім.»

Үш күннен кейін анасы екеуі туыстарын іздеп шығады. Олар сонда барып апаттың қандай жойқын болғанын түсінген.

«Біз таудағы бір асуды кесіп өтіп, қалаға көз салдық, сонда айналаның тып-типыл екенін алғаш көрдік. Айнала түгел қап-қара, түгі қалмай күйіп кеткен.»

Ол қаладан қашып бара жатқан ауыр жараланған адамдарды көрді, жолдың екі жағында күйіктен бырысып қалған өліктер үйіліп жатты. Анасы екеуі әпкесінің мүрдесін «өз қолдарымен» өртеуге мәжбүр болды.

«Мен ессіз едім, ештеңе сезбедім.»

Nihon Hidankyo ұйымының мүшелерінің саны жыл өткен сайын азайып келеді. Жапон үкіметі бүгінгі таңда көзі тірі 106 800 хибакушаны тізімдеген. Олардың орташа жасы – 85.

Батыс ядролық қауіп тудырады деп Солтүстік Кореядан да секемденеді, ол ел баллистикалық зымырандарын сынақтан өткізуін арттырып отыр, сондай-ақ Иран да ядролық қару жасап жатыр деген күдікке ілінген, өздерін оны теріске шығарады.

Қазіргі уақытта ядролық қаруға ие тоғыз ел бар: Ұлыбритания, Қытай, Франция, Үндістан, Солтүстік Корея, Пәкістан, Ресей, АҚШ және бейресми түрде Израиль.

«Біздің қозғалысымыз «ядролық қаруға тыйым» салуда сөзсіз маңызды рөл атқарды», – деді Танака.

«Дегенмен, бүгінгі таңда Жер бетінде әлі де 12 000 ядролық оқтұмсық бар, олардың 4 000-ы дереу қолдануға дайын тұр», – деп атап өтті ол.

2017 жылы 122 мемлекет ядролық қаруға тыйым салу туралы тарихи БҰҰ келісімін қабылдады (TPNW), бірақ бұл мәтін тек символдық мәнге ие болып тұр, өйткені ешбір ядролық держава оған қол қойған жоқ.

Ослода өткен сейсенбідегі рәсімге барлық елші шақырылғанымен, қатысқан тек ядролық державалар ғана болды: Ұлыбритания, Франция, Үндістан, Пәкістан және АҚШ. Ресей, Қытай, Израиль және Иран қатысқан жоқ, деп хабарлады Нобель институты.

«Әлемнің «жаңа, әрі тұрақсыз ядролық дәуірге» аяқ басуына алаңдаушылығын білдірген» Нобель комитетінің төрағасы Йорген Ватне Фриднес «ядролық соғыс біздің өркениетімізді жойып жіберуі мүмкін» деп ескертті.

«Бүгінгі ядролық қарулар ... 1945 жылы Жапонияға қарсы қолданылған екі бомбадан әлдеқайда күшті. Олар миллиондаған адамды бір сәтте өлтіруі мүмкін, одан да көп адамды жарақаттап, климатты катастрофалық түрде бұзуы мүмкін», ֪– деп ескертті ол.

Биыл медицина, физика, химия, әдебиет және экономика саласындағы Нобель сыйлықтары Стокгольмде бөлек салтанатты жағдайда тапсырылады.

MalimBlocks
Ресейдің ядролық қару қолдану қаупі жоғарылап келеді

Ресейде ядролық қару қолдануы мүмкін екеніне сенетіндер саны өскен.