Испания мен Португалия жарықсыз қалды

El Pais басылымының хабарлауынша, Испанияның барлық аумағында (Канар және Балеар аралдарынан басқа) түстен кейін жарық өшті. Сондай-ақ, Португалия да бұл блэкауттан зардап шеккен. Ал El Mundo кейбір Франция аймақтарында да жарық өшкенін хабарлады.
Электр қуатының өшуі бірнеше минуттан бірнеше сағатқа дейін созылды. Испания мен Португалия үкіметтері жағдайдың себептерін анықтап жатыр.
Мемлекеттік Red Eléctrica компаниясы әлеуметтік желіде жедел қалпына келтіру жоспарын іске қосқанын және басқа энергетикалық компаниялармен бірлесе жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Электр жарығының өшуіне байланысты:
- Мадридтегі Барахас халықаралық әуежайы және Лиссабон әуежайы жұмысын тоқтатты.
- Севилья, Барселона және Памплонада әлі де жарық жоқ.
- Валенсия мен Мадридте метро қызметі тоқтады.
- Қалаларда бағдаршамдар өшіп, пойыз қозғалысы бұзылды.
- Мадридте өтіп жатқан Madrid Open теннис турнирінің кейбір матчтары кейінге қалдырылды.
Сонымен бірге, Ұлттық киберқауіпсіздік институты электр үзілуінің хакерлік шабуылдан туындаған-туындамағанын тексеріп жатыр.
Алайда Испания қор биржасының (BME) жұмысы тоқтаған жоқ, сауда қалыпты режимде жүріп жатыр. Кейбір банктерде клиенттерге қызмет көрсету кезінде уақытша қиындықтар туындауы мүмкін екенін El Pais дереккөздері хабарлады.
Фото: Javier Mostacero Carrera/Getty Images