Манчестердегі синагогаға жасалған шабуыл: қаза тапқандар бар

Манчестердегі Хитон-Парк синагогасының жанында бейсенбі, 2 қазан күні таңертең белгісіз ер адам көлігімен адамдарды қағып, кейін оларға пышақпен шабуыл жасаған, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Sky News дерегінше, полиция оқиғаны қазір теракт ретінде қарастырып отыр.
Шабуыл иудейлердің басты діни мерекелерінің бірі – Йом-Кипур күні болды. Жаңартылған мәліметке сәйкес, екі адам қаза тауып, тағы үш кісі ауыр жағдайда ауруханада жатыр.
Полицияның хабарлауынша, шабуыл кезінде синагогада «көптеген адам» болған. Бұған дейін төрт адамның жараланғаны айтылған еді.
Үшінші қаза тапқан – шабуылдаушының өзі. Оны полиция қызметкерлері оқ атып өлтірді. Алғашында тәртіп сақшылары «оның жанындағы күдікті заттарға байланысты қауіпсіздік мәселелері туындап, өлімін растау мүмкін емес» деп хабарлаған.
Оқиға орнында жарылғыш заттарды залалсыздандыру бөлімі жұмыс істеді. Кейінірек Sky News телеарнасы Манчестер полициясына сілтеме жасап, күдіктінің өлгенін растады.
«Үшеуінің қаза тапқанын растаймыз, оның ішінде Манчестер полициясы қызметкерлері атқан шабуылдаушы да бар», – делінген ресми мәлімдемеде.
Манчестер мэрі Энди Бернхэм BBC арнасына берген сұхбатында оқиғаны аса ауыр жағдай деп атады. Оның айтуынша, полицияның жедел әрекеті ауқымды қасіретті болдырмауға мүмкіндік берді.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Манчестердегі синагогаға жасалған шабуылға қатты қайғырғанын жеткізді. Оның сөзінше, бұл оқиғаның дәл қасиетті Йом-Кипур күні болуы жағдайды «одан бетер қорқынышты» етеді.
Фото: Peter Byrne/PA Wire/picture alliance