Польшадағы президент сайлауында консерватор Навроцкий жеңіске жетті

Польшада президенттік сайлаудың шиеленісті екінші турының ресми нәтижелері жарияланды: жеңіске оңшыл ұлтшыл кандидат Кароль Навроцкий жетті, деп хабарлайды Malim.kz dw.com-ге сілтеме жасап.
Бүгін Польша сайлау комиссиясы таратқан мәлімет бойынша, барлық дауыстарды санау нәтижесінде Навроцкий 50,89 пайыз дауыс жинап, еуропашыл қарсыласы Рафал Тшасковскийден (49,11 пайыз) басым түсті.
AFP агенттігінің мәліметінше, Навроцкийдің жеңісі либерал-консервативтік премьер-министр Дональд Туск басқаратын үкімет үшін ауыр соққы болды.
Бұл жолғы президенттік сайлау тек Польша үшін емес, бүкіл Еуропа үшін маңызды оқиға саналды: егер Тшасковский жеңіске жеткенде, бұл Туск пен оның реформаларына жаңа серпін беретін еді. Қазіргіге дейін бұл реформалар бұрынғы оңшыл ұлтшыл президент Анджей Дуданың тарапынан кедергіге ұшырап келген.
Навроцкийді, дәл Анджей Дуда секілді, 2023 жылға дейін билік басында болған "Құқық және әділеттік" атты оңшыл ұлтшыл партия қолдаған. Сарапшылар оның президенттікке келуі Польша тарапынан Украинаға көрсетілетін қолдаудың әлсіреуіне алып келуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
42 жастағы Кароль Навроцкий – саясаттағы жаңа тұлға. Сайлауалды науқан кезінде ол "Польша бәрінен бұрын" деген ұранмен шықты. Ол елде жүрген шамамен бір миллион украин босқынын "Польша есебінен пайда көріп отыр" деп айыптап, Украинаның НАТО-ға кіруіне қарсы екенін мәлімдеген.
Сондай-ақ, ол АҚШ президенті Дональд Трампқа ерекше ықыласпен қарайтынын жасырмады.
Фото: Czarek Sokolowski/AP/dpa/picture alliance

Ең көп оқылған
