Әділет Қожанбаев Семейдің әкімі болып сайланды

Семей қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Әділет Қожанбаев Семей қаласының әкімі болып сайланды. Ол 89 441 дауыс жинады, деп хабарлайды Malim.kz.
Жалпы облыс орталығының әкімі лауазымы үшін үш кандидат бақ сынады. Қалған екі үміткердің жинаған дауыс саны:
- Қаныш Төлеуовке – 12 557 адам,
- Айболат Бекжасаровқа – 9 763 адам дауыс берді.
Ал 4 310 сайлаушы «Барлығына қарсы» деген нұсқаны таңдаған.
Сайлаушылар тізіміне 220 761 тұрғын енгізілген, оның 118 553-і дауыс беруге қатысқан.
Сондай-ақ 2 482 бюллетень жарамсыз деп танылды.
Әділет Қожанбаев 1980 жылғы 1 қаңтарда Абай облысы Көкпекті ауданының Биғаш ауылында дүниеге келген.
Ол Семей қаласындағы Қазтұтынуодағының тері және былғары колледжін «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Сондай-ақ «Тұран» университетін «Бухгалтерлік есеп және аудит» және «Құқықтану» мамандықтары бойынша аяқтаған.
Кейін Мәскеудегі Ресей Президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында білім алған.
Еске салайық, 12 қазанда Семейде облыстық маңызы бар қала әкімінің алғашқы тікелей сайлауы өтті.
Фото: gov.kz