Трамптың билікке келуі Қазақстанға қалай әсер етеді? Сарапшылар пікірі
Дональд Трамп араға 4 жыл салып АҚШ президенті болып қайта сайланды. Кеше ол ұлықтау рәсімінде ант беріп, қызметіне кірісті. Жаңа да ескі президент Украина мен Ресей арасында соғыс ушығып, Таяу Шығыста қарулы қақтығыс жалыны сөнбей тұрған шақта Ақ үйге оралды. Халыққа елдің ішкі мәселелерін басты орынға қоюға уәде еткен Трамп биліктегі екінші мерзімінде қандай саясат жүргізеді? АҚШ-тың Орталық Азия мен Қазақстанға қатысты саясаты өзгере ме? Malim.kz тілшісі қазақстандық сарапшылар мен депутаттардың пікірін сұрап көрді.
Трамп ұлықтау рәсімінде Украинадағы әскери қақтығысты тоқтатып, үшінші дүниежүзілік соғыстың алдын алатынын мәлімдеді. Әскерилерге Құрама Штаттарды қорғау үшін «Темір күмбез» зымырандық қорғаныс жүйесін жасау міндеті жүктелетінін, АҚШ-тың 35-ші президенті Джон Кеннеди, сондай-ақ, Мартин Лютер Кингті өлтіру туралы құжаттар құпиядан шығарылатынын айтты. Ол TikTok-ты АҚШ-қа оралтты, ел қызмет активтерінің жартысын аламын деп бекініп отыр. Трамп Мексикамен шекарада төтенше жағдай жариялап, елді «басқыншылардан қорғау» үшін ұлттық гвардия әскерін жіберетінін айтты, елдегі мұнай өндіруді «бұғаттан шығаруға» уәде берді. Бұған қоса ол федералдық деңгейде өлім жазасын қайта енгізіп, ресми деңгейде тек екі жынысты ғана мойындайтын және «гендерлік идеологияға» тыйым салатын жарлықтарға қол қоймақ.
Экономист Қайырбек Арыстанбеков Трамптың билікке келуі Қазақстан экономикасына ерекше әсер етеді деген пікірде. Егер Ресейге қарсы салынған санкциялар сақталар болса, біздің сыртқы экономикалық қатынастар күрделене түседі. Әсіресе, импорттық бағалар қымбаттауы ықтимал.
Бұл инфляцияға әсер етеді. Өйткені, бізде логистикалық, импорттық заттардың 30 пайызы Ресей арқылы тасымалданады. Сол себепті бізге теріс ықпалы сезіледі. Екіншіден, Трамп Америка құрама штаттарының қойнауында жатқан мұнай кен орындарын ашу, оны өндіріп, экспортқа шығаруды қолға алуы мүмкін. Егер АҚШ мұнайды жаппай экспортқа жіберсе, әлемде қара алтын құны төмендейтіні анық. Вrent, urals маркалы мұнай бағасы 50 долларға дейін төмендесе, Қазақстанда бюджеттік кіріс қиын жағдайға түседі. Экспорт азайып, төлем балансында тапшылық пайда болады, дейді Қайырбек Арыстанбеков.
Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пайымдауынша, Америкадағы билік транзиті Қазақстанға саяси тұрғыда ерекше әсер етпеуі мүмкін. Себебі, біздің аймақ Трамп әкімшілігі үшін айрықша басымдыққа ие емес, тек жанама түрде назарға алынады. АҚШ-тың өз мұнайын өндіруі кейбір елдермен сауда соғысын жасау мақсатында іске асуы мүмкін.
Америка үкіметі шешім қабылдаған жағдайда Трамп кейбір елдерге тарифтік күрес пакетін дайындайды. Ол Қытай, Еуропа, әсіресе БРИКС-ке қарсы бағытталады. Егер тарифті көтеріп, өзінің ішкі нарығын қорғай бастаса әлемдік саудада өзгерістер болады. Ол біздің сыртқы саудаға әсер етпей қоймайды.
Алайда, саясаткер Әміржан Қосан Трамп билігіне күдік-күмәнмен қарайтынын жеткізді. Себебі, әлемдік деңгейдегі әлімжеттік бастамаларымен жарты жолда импичментке ұшырап қалуы да ғажап емес екенін айтады. Мұның үш себебі бар.
Біріншіден, шынымен де Трамптың геосаяси бастамалары тым тосын, оғаш және тым оқыс. Жылдар бойына қалыптасқан әлемдік архитектура өзгеруде, күні кешегі ықпалды орталықтар мен одақтар қайта құрылуда, сол себепті белгілі бір геосаяси бастамалар жасалуы әбден орынды. Алайда, Трамптың мына ұсыныстары анау-мынау емес, тұтас мемлекеттердің намысына тиіп, керек десеңіз, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен халықаралық ұйымдар деңгейінде бекітілген келісім-шарттар, адамзат мойындаған шешімдерді жоққа шығарып отыр. Бұл болса, Трампқа, түптеп келгенде, АҚШ секілді супердержаваға абырой әпермейді. Екіншіден, ішкі протекционизмге бар күшін салғысы келетін Трамптың саясаты қалыптасып қалған халықаралық еңбек бөлінісі мен сауда-саттыққа кесірін тигізері анық. Ол да болса, нақты мемлекеттер мен одақтардың қарсылығын туғызары сөзсіз. АҚШ қанша мықты болса да оған да одақтас керек-ақ, геосаясатта да «жалғыздың үні шықпас» деген қағидат өзекті», дейді ол.
Әміржан Қосан үшінші себепті АҚШ-тың ішкі саясатымен тікелей байланыстырады. Осы және басқа да наразылықты Трамптың жеке қарсыластары, ол өкілі боп табылатын Республикалық партияның оппоненті – Демократиялық партия, басқа да алуан-түрлі ішкі оппозиция өз мақсатында пайдалануға тырысады. Сөз бостандығы, саяси бәсеке, билік тармақтарының тепе-теңдігі орныққан АҚШ саяси жүйесінде билік басына келгелі жатқан президенттің қарсыластарының идеялық, креативтік әдіс-тәсілдері, керек десеңіз, құқықтық мүмкіндіктері зор болмақ. Сол себепті саясаткер Трамптың президенттік болашағына күмәнмен қарайтынын кесіп айтты.
Экономист Уәлихан Қайсаров Трамп Қазақстанға арнайы көңіл бөліп, ерекше саясат жүргізеді деп ойламайтынын жеткізді.
Американың ішкі экономикасында мәселе жеткілікті. Базалық мөлшерлемесі 5 пайыздан асып жатыр. Бұдан бөлек АҚШ Еуропа, Қытай мен Ресейге де әсер еткісі келеді. Сондықтан, Америка президенті долларды күшейтуге мән береді. Егер доллардың құны көтерілетін болса, теңге инфляцияға ұшырайды.
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерболат Саурықовтың сөзінше, Трамптың бұдан бұрын ел басқарғандағы позициясы мен қазіргі ұстанымында өзгешелік болуы әбден мүмкін. Әсіресе, АҚШ президентінің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге көзқарасына көп нәрсе байланысты. Дегенмен, Ресей Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы мемлекеттердің ішіндегі ықпалы жөнінен де, көлемі жағынан да ең үлкені. Кремль мен Ақ үйдің қарым-қатынасы сөзсіз Қазақстанға да әсер етеді.
Трамп бұрын билікте отырғанда Ресеймен ымыраласып жұмыс істеді. Ол осы ұстанымға қайтадан көшуі мүмкін. Сол арқылы соғыстың тез арада тоқтауына түрткі болуы ықтимал. Әзірше текетірес тоқтамай тұр, сол себепті алдағы 2025-2026 жылдар Қазақстан үшін экономикалық тұрғыда қиын болатыны анық. Өйткені шекаралас елдерде туындаған жағдайлар, дағдарыстардың ықпалы бізге сезіледі. Соғыстың салдарынан Украина экономикасы 20-25 жылға құлдырады. Соның әсерінен Ресейге бірнеше санкция салынып тұр. Осының бәрі біздің елге ықпалын тигізіп, бюджетіміз әлсіреді, инвесторлар күрт азайды. Сондықтан, Президент Тоқаев Қытай, Иран, Мажарстан секілді елдермен байланысты күшейтуге тырысып жатыр. Алдағы жылдар біз үшін оңайға соқпайды. Трамптың Ресей мен Украина арасындағы соғысқа көзқарасы қалай болады, сәйкесінше бізге де тигізер ықпалы солай болмақ. Америка қарулы қақтығысты одан әрі ушықтырар болса жағдайымыз жақсы болады деп айту қиын.
Дональд Трамп 2017-2021 жылдары АҚШ-тың 45-ші президенті міндетін атқарған еді.
Фото: Julia Demaree Nikhinson / AP