Үндістан мен Пәкістан атысты тоқтату жөнінде келісімге келді - Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан мен Пәкістанның "бірден және толық атысты тоқтатуға" келіскенін мәлімдеді. Бұл туралы АҚШ президенті 10 мамырда Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Мalim.kz тілшісі.
"Ұзақ келіссөздерден кейін Үндістан мен Пәкістан бірден және толық атысты тоқтату туралы келісімге келді. Екі елдің парасаттылық пен сабырлық танытқанына алғыс айтамын. Бұл маңызды мәселеге көңіл бөлгендеріңіз үшін рақмет", – деп жазды Трамп.
Сенбіде Пәкістанның сыртқы істер министрі Исхақ Дар да қос тараптың атысты тоқтатуға келісіп, шешімнің дереу күшіне енгенін мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, Дели мен Исламабад бейтарап аумақта кең ауқымды мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге уағдаласқан.
Еске салайық, сәуірдің аяғында Үндістанның Кашмир аймағында болған терактіден кейін екі ядролық держава арасындағы қарым-қатынас күрт шиеленіскен еді. Сол шабуылдан 26 адам қаза тапқан. Үндістан бұл оқиғаға жауап ретінде "лаңкестікке қарсы операция" жүргізіп, Пәкістан аумағына бірнеше соққы жасағанын хабарлады. Нью-Дели бұл әрекеттер тек "лаңкестік инфрақұрылымға" бағытталғанын, әскери нысандарға тиіспегенін мәлімдеген.
Кейіннен Пәкістан да Үндістанға қарсы әскери операция бастады. Исламабадтың хабарлауынша, олар Үндістанның екі ондаған нысанына, соның ішінде зымыран қоймасына жауап соққылар жасаған.
Фото: © Anna Moneymaker/ Getty Images