«Атом көлінде» ел балық аулап жүр. Ғалымдар айтарға сөз таппай отыр
Ядролық жарылыс болған аймақ қараусыз жатыр
Жабылғанына 30 жыл болған Семей полигоны маңындағы жасанды улы көлден жергілікті жұрт беймарал балық аулап жүр. Тіпті, ол балықты базарға сатып жүргендер де бар дейді. Ғалымдар болса, қараусыз қалған көлдің жағдайын айтып, дабыл қағады деп хабарлайды malim.kz.
Әңгімемізді тарихтан қысқа қайырып бастасақ, осы жасанды су қоймасын құру үшін алғашқы өнеркәсіптік жарылыс Шаған және Ащы су өзендері бойында 1965 жылы жасалған. Қуаты 170 килотонна термоядролық әскери қару сынағы нәтижесінде ішіне су толған алып шұңқыр пайда болған. Кейінірек бұл ойық «Атом көлі» деп аталып кеткен. Жарылыстың қуаты Хирасимада жарылған бомбадан 8,5 есе жоғары еді. Жойқын күштен тастар жан жаққа қаңбақ құсап ұшып, шашырап, жер қопарылып диаметрі-500 метр, су бетінен түбіне дейінгі тереңдігі-80 метр көлге айналды.
Сол сынақтың әсерінен пайда болған су қоймасына бүгінде келушілер көп. Жағасында балық аулап, демалысын өткізеді осында. Полигон жабылғаннан кейін уланған қауіпті аймақ сол күйі ашық-шашық қалып қойған. Ғалымдардың айтуынша, қазір жарылыс болған аумақта кобальт-60, цезий-137, европий-152,154 сынды ауыр радиоактивті изотоптар таралған. Бұл адам ағзасына да, жан-жануарлар үшін де өте қауіпті. Қараусыз жатқандықтан «Атом көлі» аумағына кез-келген адам емін-еркін кіріп жүре береді. Осы жерге келіп, көлден балық аулап жүрген Сергей есімді балықшы «Бұл жасанды көлге 10 жылдың шамасында келіп тұрамын. Балығы өте дәмді. Ауру боласың деген өтірік. Кешке жақын мұнда адам көп келгенде тұратын орын таппай қаласың» дейді. Көпшіліктің айтуынша, ауланған балық тіпті, еш бөгетсіз сатылып та жатқан көрінеді.
Ал сынақ полигоны аумағын жылдар бойы зерттеп жүрген Ұлттық ядролық орталық ғалымдары көл мен оның маңы түгел уланған деп отыр.
«Атом көліндегі радионуклиттер санитарлық талаптардан аспайды. Адам ағзасына зиян тигізбейді. Радияциялық қауіпті аймақ болғандықтан балық аулауға тиым салыну керек. Себебі ол жердің суы таза болғанымен, маңайдағы топырағы ластанған. Атом көліндегі бір жылдық табиғи доазны 7 күнде-ақ қабылдайсың.. Бүгін болмасада, одан кейін адамның денсаулығына әсер ету қаупі өте жоғары»,-дейді Ұлттық ядролық орталығының мониторингтік зерттеулер зертханасының жетекшісі Медет Ақтаев.
Ал Ұлттық ядролық орталығының директоры Эрлан Батырбеков қауіпті аймақтың қараусыз қалғанына қынжылады.
«Қазіргі кезде көлдің аумағы қараусыз жатқаны үлкен қателік. Ол жер шынымен зиянды. Жарылыстан пайда болған үйінділердің барлығында радиация бар. «Атом көлі» бізге қарайтын территория емес. Ұлттық ядролық орталық сондықтан ол жерге шектеулер қоя алмайды» дейді. «Атом көлі» тек қана Ұлттық ядролық орталықтың ғана емес, ешбір аудан, қала әкімшілік аумағына да жатпайтын болып шықты. Кезінде сынақ полигонының жері деп саналып, кейін бос қалған. Енді ғалымдар бұл төңіректі заңдастырып, уланған аймаққа кіруге қатаң тыйым салу керек деп отыр.
Сәке Әкімбай, Шығыс Қазақстан облысы