Бір аптада 46 бай ұсталып, 12 мың ірі қара кәмпескеленген

Бір ғана Ақмола округінде қыстың көзі қырауда 90 бай отбасымен жер аударылған.

  • 14.12.2022
Көрнекі сурет / Фото: e-history.kz

Бәрімізге белгілі жайт, ашаршылықтың басы – саяси қуғын-сүргіннен бастау алады. Репрессия 1930 бен 40 жылдар арасында қатты жүргенмен, оның негізі Совет өкіметі орнағаннан кейін-ақ басталды. Мұның басы сонау 1918 жылы қазақ байларының малын тәркілеу ретінде көрініс тапты деуге болады. Бұл туралы Астана қаласы Мемлекеттік архивтің ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы, Астана қаласы бойынша қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия мүшесі Ғазиза Исахан жазады. Ол байлардың мүлкін мемлекет меншігіне айналдыру 1918 жылдардан басталды дейді.

«Болшевиктердің билікке келуімен бай, көпестердің мүлкін мемлекет меншігіне айналдыру, кәсіпорындарын тәркілеу, егістік, мал жайылымдарын алу 1918-1920 жылдардан-ақ  басталған. Ақмола қаласының белгілі бай-көпестері Б. Қосшығұлов. Халфиндер, Кубриндер, Казанцев, Моисеев, Силин т.б. үй-жайлары совет мекемелеріне берілген. Сөйтіп, олардың мүлкі ашық түрде талан-таражға салынған. Бірсыпыра көпестер мен байлар қудаланып, түрлі саяси шауқандар нәтижесінде РСФСР Қылмыстық кодексі бойынша абақтыға жабылды», - деп жазады ол «Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайында ел білмейтін деректер» атты мақаласында.

Бұдан ары қарай байларды тәркілеудің қалай жалғасқаны белгілі. Әрине, негізгі сылтау бай-кулак, одан бөлек, колхоздастыру, теңдік сияқты жасанды ұран аясында қазақтың негізгі тіршілік көзі малға, жерге ие болып отырған ірі байларды тап жаулары ретінде ұстап, олардың малын тартып алып, өздерін каторгаға айдады. Большевиктер байларды тап ретінде жоюға жаңа екпінмен кіріскен кезі – 1927 жылдан басталады.

«Өлкелік партия комитетінің VI пленумында бұл мәселе талқыланады.   Байларды тәркілеу және оларды жер аудару жөнінде Қазақстан Орталық Атқару комитеті мен ҚАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы» қаулысы қабылданады. Осы қаулыдан соң 30 тамызда бірнеше қаулылар мен тәркілеу бойынша нұсқаулықтар қабылданады. Сөйтіп, әрбір ауыл, аудан, округ бойынша байлардың мал, жан, мүлік есебі ОГПУ тарапынан жасырын түрде нақтыланды. Тәркілеуге жататын байлардың алғашқы тізімдерінің жобасы алдын-ала бекітілді. 1928 жылы 16 тамызда өткен байларды кәмпескелеу жөніндегі партия комиссиясының отырысында қаралып, тәркілеуге түсетін қожалықтардың саны, жер аударылатындардың саны, науқанның басталу, аяқталу мерзімі белгіленді», - дейді ғалым.

Бір ғана Ақмола округі бойынша осы алғашқы қаулы негізінде 46 бай ұсталып, мал-мүлкі тәркіленген. Қазақ байларының негізгі малы – жылқы болса, жылқының негізгі ұлы қоры Сарыарқада болды. Мың-мыңдап жылқы айдаған алып байлар да осы кең даланы мекендеген. Себебі, өзге аймақтарда мыңдап жылқы бағуға жер ыңғайы келмейді. Сондықтан, қазақтың жылқы шаруашылығы ғана емес, ең ірі малды байлары осы Сарыарқаға тиесілі деуге болады. Архивтік құжаттарда байларды тәркілеуді «шаруашылықтарды тәркілеу» деп жазған. Мұның себебі де жоқ емес болатын. Қазақ байлары жай ғана малдың соңында жүрген малшы қауым емес, олар ең алдымен бүкіл бір ауылдың ұстын-тірегі, елдің иесі еді. Олардың айналасына топтасқан отбасылар советтер айтқандай құлдыққа жегілген, тегін жұмыс күші ретінде күнін көріп жүрген кедей-кепшік, жоқ-жітік емес, сол байдың айналасы, ағайын-туысы, руласы болғаны жиі айтылып жүр. Иә, ол уақытта қазақ ауыл-ауыл болып, көшіп-қонып жүреді. Оның ішінде негізгі үй – ауыл иесі, малды, жанды бай, қалғаны сол байдың айналасына шоғырланған жұмысшылар, еңбек күші. Әрқайсысының тиесілі міндеті бар, соған орай айыратын еңбекақысы да белгіленген. Сауынға сияр, мініске ат, көшке түйе, өгіз алады, қалаға базаршылап барғанда байдың базаршылары оларды да базарлықсыз, киім-кешексіз қалдырмайды. Тіпті, ұл-қызы отау болып, құдалық жағдайында да көмек қолын созып тұрған. Ол уақытта қалың мал мәселесі өзекті, қыз айттыруға шамасы келмегендерге де ауыл болып қол ұшын созып тұрғаны айтылады. Ғалым келтіріп отырған архивтік деректегі  шаруашылық – 46 бай осындай 46 ауыл еді. Осындай 46 ауылдан 12 мыңнан аса ірі қара жиналған. Осы 46 байды тәркілеуге бір апта ғана уақыт жұмсалған. 1928 жылдың 29 қазаны мен 4 қарашасы аралығында соншама малды тартып алып, айдап әкеткен. Кей деректерде байларды қуғындау кезінде тартып алынған малдың көбі қырылып, қазақ даласы қан сасығаны айтылады. Соның бәрі осындай асығыстықтан еді.

Енді ғалым жазғанжайдың дерегін келтірейік.

«Бұл 46 ірі байдың жеке істері Астана қаласының мемлекеттік архивінде сақталған, онда кәмпескелеу парақтары, хаттамалар, кәмпескеленген мал, мүліктерді тарату қағаздары, оны алғаны туралы кедей, батрактардың растау қағаздары, т.б. тәркілеуге қатысты құжаттар сақталған. Сонымен қатар, Ақмоладан Гурьевке жер аударылған 52 байдың тізімі кездеседі. Құжаттарды зерделеу барысында, Атырау облыстық мемлекеттік архивінен, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінен (ҚР ОМА) тиісті деректер алынды. ҚР ОМА деректер Ақмоладан жер аударылған 72 бай жөнінде айтылады. Кеңесбайұлы Исламбектің арызына қарағанда қарашаның 17-і күні Ақмола округі бойынша кәмпескеленіп, жер аударылатын 46 кісінің аты-жөні бар алғашқы тізім қайта жаңғыртылып, өзгеріс енгізілген. Ақмола округтік партия комитетінің шешімі бойынша ауыл байлары Мұқтар Мұстапаұлы, Молдабай Әлжанұлы және Нұрқамыт Сейдалыұлдары тізімнен шығарылады да, олардың орнына орта шаруалар Қасым Ахметұлы, Дәулетбек Мұстапаұлы және Исламбек Кеңесбайұлын қосады».

Бұл ұсталған, қуғындалған байлардың бәрі ауыр жұмыстарға жегілді, жер аударылды, отбасы, бала-шағасы тоз тоз болып тентіреп кетті. Соншама уақыт бойы бір ауылға ғана емес, бүкіл өңірге аты шыққан, ықпалды адам бір-ақ күнде таяқ ұстап қалады, артынша бейшара кепке түсіп, айдалып кете барады. Солардың қаншамасы хабарсыз кетті, қаншамасы басқа бір өңірге жер аударылып барып, сонда көптің бірі болып тұрақтап қалды, одан былайғы өмірінде бойын жасырып, бар-жоғы білінбей күн кешті. Олардың өзі 1937-38-дегі қалың дүрмектің ішінде қайта ұсталып, атылып, айдалып кетті.

Жалпы Ақмола округінің өзінен ғана 90 байдың кәмпескеленіп, отбасымен жер аударылғаны айтылады. Демек, осыншама ауыл қараусыз, малсыз қалды деген сөз. Әрине, бұл уақытта колхоздастыру қызу жүріп жатқан, кедейлерді де байларға қарсы қойып, отырықшы болып, егін салуға үндеп жатқан. 1 аптада 46 байды түк қалдырмай кәмпескелеген Совет өкіметі қысқа уақыт ішінде тағы соншама байды ұстап, өздерін қыстың көзі қырауда тентіретіп жіберген. Ал, сәл ерте қимылдаған байлар үдере көшті. Қаншама малы жоспарсыз көш үстінде қырылып қалды, өздері қандай күйге түсті, оның барлығы ендігіде зерттелуге тиіс мәселелер. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның негізгі бір міндеті де осы болуға тиіс. Осында байды тәркілеу, жер аударудың соңы не болғанын 1931-33 жылдардағы ұлы геноцид – ұлы ашаршылықтың қаралы тарихы көрсетіп берді.

Байланысты жаналықтар

Шымкентте саяси қуғын-сүргін құрбандарының бейітінің үстіне жол салынған

18.11.2021

Досым Сәтпаев: Тоқаев ашаршылықты геноцид деп жариялауы керек

31.05.2020
MalimBlocks
Шымкентте саяси қуғын-сүргін құрбандарының бейітінің үстіне жол салынған

Шымкентте саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың бейітінің үстіне жол салына бастаған. Қазір құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап тұр, деп хабарлайды 31 арна.

Досым Сәтпаев: Тоқаев ашаршылықты геноцид деп жариялауы керек