Қазақ ғалымдары не зерттеп жүр? Сутегі болашақтағы энергия көзі!
12-сәуір ғылым қызметкерлерінің күні. Осы датаға орай, АҚШ-тың атақты білім ордаларында 20 жылдай білім алып, жастарға білім берген, бүгінгі күнде президент басшылығындағы ғылыми кеңестің мүшесі, Назарбаев университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің профессоры Нұршат Нураже ні аз-кем әңгімеге тартқан едік.

–Сіз ұзақ уақыт шетелде білім алдыңыз, білім бердіңіз. Әлі де жүре беруге мүмкіндігіңіз көп еді. Бірақ, Қазақстанға қайта оралдыңыз. Шыныңызды айтыңызшы, өзіңіздей ғалымға Қазақстандағы ғылым несімен қызықтырды?
–АҚШ-та 20 жылдан артық білім, ғылым саласында жүрдім, алдыңғы қатарлы университеттерден білім алдым, ол жақта жағдайым жаман болған жоқ. Бірақ қазақтың бір азаматы ретінде бір студент болса да қазақтың жастарын ғылымға баулимын, қазақ елі үшін қызмет жасайын деп барлық керемет жағдайларды тастап, Қазақстанға қайтып келдім. Қазіргі таңда 15-тен артық ғылым докторларын дайындадым. Олардың барлығы Қазақстанда ғылым саласында қызмет етуде.
Қазіргі таңда әлемдік деңгейден қалмау үшін елімізде білім мен ғылым саласын дамытуға баса назар аударылып отыр. Мемлекет басшысының қолдауымен ғылым саласында бірқатар оң өзгерістер де болды. Атап айтсақ, жас ғалымдарды қолдау шаралары кеңейді, ғалымдардың жалақысы артты, сондай-ақ Қазақстанда ғылым саласын дамытуға бөлінетін қаражат көлемі де артты. Дегенмен ғылым саласында бірқатар кемшіліктер де жоқ емес. Ол туралы өз ұсыныстарымды ұлттық ғылыми кеңеске жолдадым және Қазақтан ғылым және технологиясының дамуына өз үлесімді қосу орайына ие болғаныма өте қуаныштымын.
– Астана Ұлттық Зертханасында зертхана меңгерушісі болып, өз зерттеу тобыңызды ашқаныңызды білеміз. Онда елуге жуық жас маман зерттеумен шұғылданады дейді. Нені зерттеп жатсыздар? Біздің ғалымдар зерттей алатын тақырып бар ма?
–Ғалым үшін зерттейтін тақырып көп. Ашылмаған әлем әлі де көп.
Ал біздің орталықтың жұмысына келсек, қазір негізінен төрт бағытта зерттеу жүргізіп жатырмыз:
Біріншісі, тоқ өткізетін полимерлер бағыты. Бұл бағытта біз әртүрлі тоқ өткізетін жартылай өткізгіш материалдарды жасау және оны әртүрлі бағытта қолдану (электроника, медицина, энергетика, сенсор т.б.) зерттеуімен айналысып жатырмыз. Осы бағытта зерттеу жұмысы бойынша жақында әлемдегі ең беделді Advanced Materials журналына мақала шығардық (IF=32.5). Бұл Қазақстанда зерттелген, әлемдегі ең беделді журналға шыққан алғашқы жұмыс және осы бағыттағы жұмысты доктор Мүнзия Әбутәліп жетекшілік етеді.
Екінші негізгі бағыт ол көп функционалды полимерлі материалдарды зерттеу, яғни осы материалдар арқылы мұнайды көптеу шығару, мұнайда Парафиннің қатуын болдырмау және мұнайды күкіртсіздендіру. Бұл топқа доктор Жексенбек Тоқтарбай жетекшілік етеді.
Үшінші бағыт жасыл технология. Күн энергиясынан пайдаланып сутегі газын алу және сақтау. Сутегі біздің келешектегі энергия көзі. Ол жұмыстар бойынша да көптеген халықаралық басылымдарда ғылыми мақалалар, кітаптар жарық көрді. Бұл топқа доктор Владислав Кудряшев жетекшілік етеді.
Төртінші бағыт Биомассаны пайдаланып дәрілік заттар және полимерлі материалдар жасау. Бұл бағыттағы зерттеулер келешекте мұнайға тәуелділікті азайтады. Бұл бағыттағы зерттеуді доктор Шаймардан Минавар жетекшілік етеді.
–Күн энергетикасын пайдаланып, сүтегі энергетикасын шығару жобаңыз туралы кеңірек айтып бере аласыз ба? Қандай да бір нәтиже бар ма?
–Күн энергиясын пайдаланып, сутегі энергиясын алу әлемде енді ғана дамып келе жатқан әдіс. Энергия алудың ең тиімді жолы болып табылады. Себебі күн энергиясы және су мөлшері жеткілікті. Осы уақытқа дейінгі зерттеулер күн энергиясы арқылы сутегін алу жалпақ тілмен айтқанда табылдырықта тұр. Яғни, фотокаталитикалық жолмен сутегін алу 5 пайызға жетпейді. Бұл бағытта біз жасаған гетероқұрылымды жаңа фото катализдік материалдар әлемдік жоғары дәрежедегі журналдарда жарияланды, кейбір еңбектер өте жақсы деп бағаланды. Ары қарай осы бағытты дамыту және өндіріске қосу Қазақстанның ғылымын дамытуға мүмкіндік береді.
– Сіз және сіздің командаңыз өткізгіш полимерлерді синтездеудің жаңа әдісің талдап жатыр екенсіздер. Бүгінгі таңда жасанды интеллектке, виртуалды шындыққа, заттардың интернетіне сұраныс артып жатқан кезде, сіздің жұмысыңыз ерекше құнды болып тұр дейді.
–Иә, ол солай. Қазір ток өткізгіш полимерлер өте кең қолданыс табуда. Себебі металмен салыстырғанда полимерлер өте жұмсақ, әрі өте жеңіл, кез келген бағытқа бүктеп, майыстыра беруге болады. Әртүрлі химиялық ортаға тұрақты болып келеді, металдар сияқты шірімейді, тот баспайды. Сондықтан да қазір ток өткізгіш полимерлер жұмсақ электроникада өте көп қолданыс табуда. Бірақ жоғарыда айтқанымдай ток өткізгіш полимерлерді синтездеуді Қазақстанда тек біздің команда ғана жасайды. Бұл саланың болашағы зор деп ойлаймын.
–Әңгімеңізге рақмет! Істеріңізге сәттілік.
Анықтама: