Шенеуніктер көтерілісі

Malim Админ

  • 26.06.2021

«Иә, бізде мемлекеттік қызмет онша сыйлы емес. «Шенеунік» сөзі көбінесе балағат мағынасында қолданылатыны рас... »

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ

«Бәрін кадрлар шешеді!..»

Ұлы диактатордың осы сөзін ешуақытта өзгермейтін аксиома, тіпті, даналық сөз қатарына жатқызуға болады.

Оның кадрлары мемлекет қойған мәселелерді толық шеше алмаған болса, Черчилль айтқандай, Иосиф Виссарионович «соқалы Ресейді ядролық держава деңгейіне көтерген» болып шықпас еді. Әрине, мұның қандай тәсілмен шешілгені, қаншама халықтың қасіретінің құнымен келгені белгілі. Бірақ ол – басқа әңгіме. Әрі мәселе міндеттің кадрларға қалай қойылуына байланысты. Қоясың – шешеді.

Кәдімгі атқамінерлердің, ұлылы-кішілі шенеуніктің шешуші кадр екені есі кірген балаға да аян. Демек, шенеунік - күш. Қозғағыш механизм! 

Ірі мемлекет қызметкерінің айтып отырғандай, «шенеунік» барлық замандарда «балағат сөз» емес-ті. Ұлы билеушілердің, жиһангерлердің ғаламат жоспарларын онбасыдан түменбасыға, уәзірге, бектен жасауылға, аға сұлтаннан старшинға, халық комиссарларынан «зәпперміге», министрден «збенебойға» дейінгі атқамінерлер жузеге асырғанын дәлелдеп жатудың да қажеті жоқ. Мемлекет дейтін алып механизмнің ірілі-ұсақты тегермеш-тетіктері - шенеунктер. Мұны большевиктер жақсы білді, тіпті В. Маяковскийдн «Тегермеш пен бұранда» («Маховик и винт») атты біз жаттаған тақпағының орасан зор идеологиялық мәнісі бар-тын әрбір нашар бригадирдің мемлекет маховигінің айналуына сеп болып тұратын «бұранда» екендігін сезіндіріп, оның мақтанышын оятатын.

Қазір ше?

Биылғы жылдың басында Ішкі істер министрі Қайырбек Шошанұлының өз шенеуніктеріне кейіп, күйініп отырып: «Сендер халықтың қорғаушысы болуға тиіс едіңдер, халықтың жауына айнапып кеттіңдер!» дегені тарихта қалатын болды: мұндай лағнат-қамытты бұрын-соңды шенеуніктерге, әсіресе, мемлекет сусынын символы айдауыл-жасауылдарға радикал-оппозиция да айта алмас еді: мемлекеттік органды қорлағаның үшін сол орган күзететін орыннан бір-ақ шығуың мүмкін. Әрине, генерал «санаулы сүмелектердің» сұсты да сыйлы мекеменің беделін қорлағанын, шын мәнінде қазіргі ауыр кезеңде қаншама полисмендердің басын оққа байлап, қылмыспен соғысып жатқанын да айтты. Бірақ адам табиғаты солай есіңде жамандық ұзағырақ сақталады - әлгі сөз қазір қоғамдық пікірге айналып болды. Оның үстіне генерал, полковник, майор шеніндегі ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік қызметтерінің өкілдері қылмысқа тартылып жатса, ұсақ шендердің небір «концерттері» туралы көріп-біліп отырса, халықтың есіне әуелі не түсері аян - «халықтың жауы». Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің болашағы ғана емес, бүгінгі күніне де аса зор қауіп төндіріп отыр: оған қарсы «ғазауат соғысын» жарияламасқа шара қалмады. Мұның қалай өтіп жатқанынан да хабардармыз: қалың кедей, содан да кекшіл бұқара күллі шенеунік-ке ақырзаман орнайтынына сеніп, алақанына түкіре бастап еді, бұл мәселенің шарты - «ұсталмаған ұры емес» болып шықты. Біз мұның, абайламаса, «кері революцияға» апарып соғуы бек мүмкіндігін немесе шенеуніктердің өз «конкуренттерін» жоюдың тамаша құралы” иә айналарын ескерткенбіз. Себебі?

Себебі, қазір — капитализм орнату кезеңінде! - ешкім де етегіне намаз оқи алмайды. Ойлап көріңіз: мен басқарып отырған облыста... жарайды ендеше! - ауданда миллионерлер пайда бола бастады, ал мен... әкімнің айлығын місе тұтып отырмын. Мұным қалай? .. дұре-ес, мен! әйелім, бала-шағам ғана емес, есі түзу жұрттың бәрі мазақ етеді! Немесе, әншейінде шенеуніктерді, парақорларды, сауда-саттықты қарғап, «қайран ғана Халқым-ай!» Деп жүрген жазушы мен әртісті алыңыз - спонсордан ас тартпайды, өзіне көлік сыйлаған бастықты мақтайды: «Алаштың азаматы» деп жазады... - «Бұлбұлдың да жемсауы бар...».

Әркім әлінен, қолынан келгенше, «көзін таба білгенінше» ӨЗ дәупетін жасап жатыр. Себебі, «өз күніңді өзің көруің керек!». Қалай оның амалын өзің біл ішің білісін...

Осы тұрғыдан алсаңыз, шенеуніктің балағатталмасқа шарасы жоқ: сүйгені болмағанымен, тигенін қарпып қалады. Ең бастысы, ісінде «күнәсіздік презумпциясы» (презумпция невиновности) болсын - заң сенің ұры екеніңді дәлелдей алмасын! Балағатқа келсек, қазір кім не демей жатыр, қаншама боқтағанымен, қара бұқараның байға не шарасы бар? Демек, «мемлекеттік қызметтің сыйлы еместігі» туралы өкіну де орынсыз; есесіне - майлы! Әрі сені қара бұқараның емес, дәулеттінің сыйлағаны бағалырақ. Себебі ол амалсыз сыйлайды - кешегі қарапайым кеңес адамының министрдің айлығын алған күнде де (қырық мың теңгенің о жақ, бұ жағы!)... найқапып шыға келуі мүмкін емес, демек, оны «әшкерелеуге» де болады.

Оның үстіне, баюға кім қарсы?!

Ешкім де (Мен де!). Демек?

Дәл осы тұста тұйыққа тірелесіз. Демек, «шенеунік» - балағатсөз өмес. Ең кішісі де. Үлкені де. Жейді, алады, байиды. Депутаттыққа кандидаттар да. Олар бұлбұл болған күнде де... тамақ ішпей ме, киім кимей ме?..

...Ірі қызметте болған танысым айтады: «Әкімнің де... барлығының да өз бизнесі бар. Бірақ біздің әкім қанағатшыл – халықпен сәл-пәл бөліседі». Дұрыс, сонысына тоба...

Ішіп-жеу, ақшаны алып қашып кету, өндіріс орындарын «тиынға сатып», «шәпкісіне» баю, «банкротқа ұшыратып барып сатып алу», зейнетақыны «айналдырып алып» беру, т.с.с - мұның бәрін қазір айту да ыңғайсыз: ешкім таңданбайды.

«Саясат - ірі бизнес» деген Пікірдің иесі Ермұханбет Ертісбаевтың бір кездері «жиен-жекжаттар Экономикасы» деген ділмарлығына ешкім таңданбайтын болды - біздегі капитализм шөнеуніктер капитализмі екені о бастан құпия емес-ті. Бұдан басқа жол да жоқты: «партиялық нег Ізден» құтылған бюрократияның меншік иесін сауыншы мен шопаннан жасамасы белгілі. Демек, бұған заңдылық деп қарауды үйрендік. Дау жоқ.

Бірақ... «бәрін шешетін - кадрды» қайтеміз? Бұл - күлетін емес, мемлекеттік мәселе.

Осы тұрғыдан келсек, қазір біздегі «шенеуніктер бассыздығы» мемлекеттің түбіне жетуі мүмкін қауіпке айналып барады. Пара алатындығынан ғана емес. Өзге себептерден...

Барлық саладағы бассыздықтарға біздің етіміз үйреніп кетті. Оны тізбелеудің жөні жоқ. «Өтпелі кезеңге тән нәрсе...»

 Мәселе басқада. Қазір мемлекеттік Тегермештің есендігінің кепілі болуға тиіс шенеунік сәл нәрсе үшін болса да жауап беруден мүлде қалды. Қатер - осында!

Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларын көрер көзге күйреткен шенеуніктер тобынан тым құрыса біреу кейіс естіді ме? Жоқ. Керісінше, өсіп те, байып та кетті.

Медициналық сақтандыру қорының миллиардтарын қалтасына тыққандар табылды ма - керісінше, одан кейінгі қор да желініп бітіп, енді ауру-сырқаудың обал-сауабы ғана емес, осы салаға бережақ 5 миллиард теңге (екі жарым млрд. - дәрігерлер жалақысының қарызы) үкіметтен жергілікті бюджеттің мойнына көшірілді. Бір адам жауап берді ме? Керісінше, комитет бастығы «жанұялық дәрігерлер деген тамаша болады» деп ыржаң қағады.

Ауылды ауылдың атқамінерлеріне тонатқан Ж.Кәріпжанов ше? Өсті: ештемеге жауап бермейтін дәулетті һәм сыйлы кісіге айналды.«Жарнамалық роликке» - телехабарлар ағынына түсіп үлгерген миллиард теңгені құртып жіберген Мұқашев ше - «сотталды, бірақ амнистияға ұшырады».

Депутат кезінде «С.Терешенко Қазақстаннан жеген есепсіз байлығымен Израильге қашайын деп жатыр!» деп мәлімдеме жасаған 3.Нұрқаділов те аң-таң шығар: С.Терешенко М.Оспановпен тізелесіп, жетекші партияны» жетелеп жүр.

Пәлен жыл бойы бәрін көріп отырып үні шықпаған Марат Оспанов енді «халық қамын ойлаушы» ролін меңгеріп, «еліміздің жетекші дәулескер саясатшыларының бірі» аталып жүр. Биылғы бюджетті «піштіртуге» көнген сабаз 2000 жылдың бюджетіне қарсы: ұпай керек! Ал Премьер-министр боп жатса, «обьективті себептер»» тауып, ақтала қоймақ. Жақында айына бір миллион теңгеге күзетшілерінен бас тартты – патриотизм! Тек қана, осы кезге дейін  сол күзетке пәлен миллионды неліктен бекер, үнсіз жұмсап келгенін түсіндірмеді. «Менің басымның ешкімге қажеті жоқ, қараңғы жерлерде, болса да, жүрмеймін» депті... Мүмкін, бұрын жүрген шығар?

Естуімізше, М.Оспанов сияқты 123 басшының әрқайсысының күзетіне айына миллион (!) теңге жұмсалатын көрінеді – олардың бастары «қажет» шығар, әйтпесе, дәл осы сома зейнетақы төлеуге жарап та қалар еді...

Министр М.Әбіләзов билігін өз фирмаларының дереу байып қалуы үшін пайдаланып, «қажет кезде қаулы шығарып, қажеті азайғанда оның күшін жойып отырғанын» айтады орыс тілді газеттер...

 Шенеуніктің ең сорлысы, ұсағы бір жапырақ құжат-қағаз үшін сергелдеңге салып қояды да, ақыры ақша беруіңе мәжбүр етеді...

Себебі ол – тетік, күш!

Бұл - бірер мысал ғана. Жаппай індетке айналған кеселдің аз ғана көрінісі. Ең қызығы, мұның бәрін қоғам, ел біліп отыр. Сол себепті, «жағдай түзелді» дегенді Пайғамбар келіп айтса да сенбейді!..

Істің осы ақиқи көрінісін байыптаңыз да, «Бәрін кадр шешетінін» еске түсіріңіз...

Біздің мемлекетіміздің «бұрандалары мен тегершіктерінің» ахуалы болса, қауіп ойламайсыз ба?! Бір қызығы, мұны мемлектпең, саясатпен тағдырлас «тегершіктер» мен «бұрандалар» – шенеуніктердің өздері де ойламайтың сияқты!..

Әйгілі Ортега-и-Гассет Еуропаның түбіне «көпшілік көтерілісі» -тексіз, жауапсыз, тұлғалық қасиеттерден (терең интеллект, білік, мәдениет, асқақ жауапкершілік сезімі) ада көпшіліктің- тобырдың! - қоғамға билік, үстемдік, жетекшілік жасауы жететінін ескерткен-ді. Еуропа қазір мұны ескеріп отырғанға ұқсайды. Ойшыл біздің «кеңес құрсағынан шыққан» қоғамды біліңкіремейді. Әйтпесе...

Әйтпесе, менің Отанымдағы мемлекет тағдыры үшін аса қатерлі осы құбылысты «шенеуніктер көтерілісі» деп атар еді!

Иә, қазір шенеуніктер пара алуды, білгенін істеуді, халыққа қорқынышты өнеге ұсынып, оның рухани, мәдени, имани болмысына керекті билік жасауға ұмтылуды былай қойғанда, ештемемен есептеспейтін, ешнәрсеге жауап бермейтін, ең бастысы, ештемеден қаймықпайтын қатерлі тобырға (критическая масса) айналды!

Бұл мәселе кей азаматтарды алаңдататын да сияқты. Әлихан Бәйменовтің мемлекеттік қызметкерлерді Іріктеу, орналастыру жөніндегі шырылдап айтқан пікірі бас-басына дербес би, саясатшыл, тіпті, олигарх болып алған ірі шенеуніктердің құлағына іліне қоярына сенім аз. Ал Әбіш Кекілбаев осы ушыққан мәселенің шешімін «шенеуніктердің жалақысын көбейте түсуден» іздейтінге ұқсайды. Біздің ойымызша -- керісінше, олар «қоғамдық негізде» жұмыс істеуге тиіс: алатыны айлығынан мың есе көп болмаса, шенеунікке жұрт неге таласады? (Бәрі байып болғанын айтпай-ақ қоялық: «әркімнің өз бизнесі бар!»).

«Шенеуніктер көтерілісі» апогейге жетіп болды. Ең қорқыныштысы – «көтерілген шенеуніктер» ештеме үшін жауапты да емес. Осы дүлей күштің көзсіз қозғалысының қасіретті салдарын қалың бұқара кімнен көреді? Кімді кінәлайды? Әрине, көзге көрініп тұрғанды, көп аталатынды! Өте ұтымды «позиция». Атқамінерлер позициясы...

 Шенеуніктер көтерілісі күшейіп тұр. Оларға бір ғана тыйым бар заңның салтанат құруы. Ырақ заңды да сол жауапсыз шенеунік шығарса ше? Орындамай қойса ше?

«Құлды қойса еркіне...» деген - осы.

Осы көзге көрінбейтін көтерілісті аңғардық па? Әлде шенеуніктер (осы мәселе өзіне жүктелгендер) әдейі үндемей ме?.. Мемлекет қауіпсіздігінің ең басты мәселесіне айналып бара жатқан жоқпа бұл?.. Қоғам шыдас бере ме бұған? Бұл үшін тек Президент жауапты ма?.. ол жағы беймәлім...

Қалай болғанда да, біздің мемлекет, саясат жалпы ұлттық болашақ үшін қазіргі ең қатерлі құбылыс - шенеуніктер көтерілісі!..

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ «Жел өтіндегі тағдыр» кітабынан.

Фото: fishki.net