Тед Соренсен. Президент сенімді сөйлеуі керек

Бұл 60 жылдан бері АҚШ-тың, қала берді бүкіл әлемнің саяси риторикасына елеулі әсер етіп келе жатқан Тед Соренсен туралы Malim.kz оқырманына ұсынатын соңғы материалымыз. Соңғы материал ретінде Тед Соренсеннің “Кеңесші. Тарих жиегінде өмір” атты мемуарындағы спичрайтингке арналған 12-тарауын аударып беруді жөн көрдік. Мемуардың ағылшын тіліндегі атауы -  Theodore C. Sorenson. “Counselor: A Life at the Edge of History”. Кітапты HarperCollins Publishers баспасы 2008 жылы шығарған.

  • 02.06.2022

Соңғы елу жылдың ішінде мен спичрайтингтегі өз стилімді қалыптастырдым. Ол стильді қарапайым алты ережемен түсіндіруге болады. 


1. Қысқалық қашан да көп жазуға қарағанда жақсы

Спичіңіз мүмкіндігінше Библиядағы “10 өсиет” сияқты қарапайым және айқын болғаны дұрыс. Немесе Джон Морганның “құнды қағаздар нарығының құпиясы қандай?” деген бозбаланың сұрағына берген жауабы сияқты болсын: “Құбылмалы”. Кейбір саясаткерлер саяси спич дегенді аз ғана ойды мүмкіндігінше көп сөзбен жеткізу деп түсінеді. Бұл қате. Джон Кеннеди екеуміздің ұстанымымыз мүлде басқа болған. Біз қай кезде де Кіші Уильям Странк пен Элвин Брукс Уайттың  классикалық “Стиль элементтерінде” жазылған даналығына сүйендік. Онда: “Қажет емес сөздерді алып тастаңыз” делінген. Бұл менің ең сүйікті ережем. Себебі қарапайым әрі түсінікті. 

Мен сіздерге өзіме ұнайтын екі мысалды келтірейін. Біріншісі, Уинстон Черчилльдің 1940 жылдың маусымында Франция жеңіліске ұшырап жатқанда радио арқылы жасаған жолдауындағы алғашқы сөздері: “Франциядан жеткен жаңалық өте жағымсыз”. Бірде басы артық немесе бұлыңғыр бірде бір сөз жоқ. Екіншісі, дүкен маңдайшасында жазылған жарнама: “Бүгін мұнда жаңа ауланған балық сатылады”. Бұл жарнамадағы сатып алушыға керек бір ғана сөз бар - “балық”. 


2. Әрбір сөзді дәлдік құралы ретінде таңдаңыз 

Әрбір спичте дұрыс сөз бен сөз тіркестерін таңдауда ұқыптылық пен көрегенділік аса маңызды. Бұл тәжірибе Кариб дағдарысы кезінде Совет үкіметінің басшысы Хрущевке хат жазатын кезде керегімізге әбден жарады. Сыртқы саясатқа байланысты спичтерінде Джон Кеннеди терминология торына шырмалып қалмауға тырысатын. Әдетте саясаткерлер белгілі бір топтарды “коммунист”, “жау” немесе “тажал” деп таңбалап, келіссөзді қиындатып алады. Кеннеди әдетте метафораларды, соның ішінде теңізге байлансты метафораларды жиі қолданатын. Әрине әскери-теңіз күштерінде қызмет еткен адам ретінде Кеннеди мұндай метафорларды менен жақсырақ білетін. Алайда ол көптеген саясаткердің сүйікті метафорасы - “соғыс ашу” деген сөзді мүлде қолданбайтын. Ол ешқашан қатерлі ісікке немесе қылмысқа қарсы “соғыс ашқан” емес. Мен, сондай-ақ, Роберт Кеннедидің немесе Линдон Джонсонның 1964 жылы кедейлікті жоюға арналған бағдарламаны қабылдаған кезде де “кедейлікке қарсы соғыс ашамыз” деген тіркесті қолданғаны есімде жоқ. 

3. Мәтін жазғанда оның қарапайым, айқын болуын және екпін салатын жерін қадағала  

Спич жоспарға сай жазылып, қисын тізбегі сақталғаны жөн. Керек жерінде түйінді ойларға реттік сан тағайындаңыз. Нөмірленген әрбір параграф аз сөзбен бастала алады. Спичтің ұқыпты құрылымдалған, қисыны мен тұрақты тақырыбы болуы керек. Осыған байланысты кезінде оппонентінің спичін сынға алған Черчилль былай депті: “Мына қабақтай бәле спичіне тақырып қоймаған”.  Бірнеше спичрайтер жабылып бір спичті жазғанда тұрақтылық пен қисын бұзылады. Біраз адам кеңес айтуы, өңдеу ұсынуы мүмкін, қалай дегенде де спичтің бір адамның қолынан шыққаны дұрыс. 

4. Еске мықты жатталып қалу үшін спичті түрлі әдеби тәсілдермен күшейтіңіз

Алайда бұл адамдарды шатастырып, назарын басқа нәрсеге бұрмауы керек 

Аллитерация және қайталау спичтің есте қалуына көмектеседі. Тағы бір тәсіл бар, хиазм деп аталады, бұл тәсілді Джон Кеннеди екеуміз көп қолдандық. Сол үшін де бола, бізге көп пародия жасалды. Көп уақытқа дейін бұл тәсілдің ғылыми атауы “хиазм” екенін білмей жүрдім. Мен үшін бұл беймәлім сөз болғанымен, антика заманынан келе жатқан әдеби тәсіл. Мысалы, “біз қорыққаннан келіссөз жүргізбеуіміз керек, алайда біз келіссөз жүргізуден қорықпауымыз керек”, “басқа елдерді жоюға бағытталған абсолютті күшті барлық ел жабылып абсолютті бақылауға алыңдар”.

Мен рифмамен жазуға жиі жүгінетінмін және бұл тәсілді бала кезден жақсы көрем. Бұған отбасы мүшелерімен саяхатқа шыққанда Небраска штаты жолдарының жиегіндегі Burma-Shave (америкалық компания - ауд.) белгілерін көріп өскенім әсер еткен болуы да мүмкін. Мен ылғи “Ана қаздан” бастап, лимерик пен доггерельге (ағылшын поэзиясындағы жанрлар - ауд.) дейінгі балаларға арналған әр түрлі өлеңдерді тыңдауды, оқуды жақсы көрдім. Спичрайтер ретінде мен рифмамен жазылған сөздердің оңай жатталатынын және тыңдаушысын елітіп әкететінін сезетінмін. “Бәрі біліп қойсын … біз кез келген жауға қарсы тұрамыз” (Джон Кеннедидің инаугурациясында қолданылған рифмаларға сілтеме жасап отыр - ауд.). 

Кез келген жағдайда мәтіннің қалай оқылатынына емес, оның қалай естілетініне назар аудару қажет.

Адамның өз басынан өткен оқиғалары тыңдаушыларға сенім тудырады және ондай оқиғаның есте жатталып қалу мүмкіндігі өте жоғары. Дұрыс адамнан келтірілген дұрыс цитата пайдалы болуы мүмкін. Біреу айтқан спичті түгел көшіріп алудан абай бол. Алайда антика қайраткерлерінде кездесетін жақсы сөздерді дамытып, өзгертіп қолданудан қысылмау керек. Оны басқа контекстте дұрыс қолданып, айтқан адамға сілтеме жасауда тұрған ештеңе жоқ. Өмірде бұрын мүлде айтылмаған жаңа әзілдің болуы өте сирек кездеседі. Дәл сол сияқты эпиграммалардың, фразалардың, тіпті спичтегі идеялардың тұтастай жаңа болуы мүмкін емес. 

Ұлы саналатын спичтердегі сөздерді мұқият зерттеп көрсеңіз, онда оның бұрынырақта, басқа біреудің, басқа бір жерде айтылған сөздерімен байланысы мен ұқсастығын тауып алуға болады. 

1960 жылы сайлауалды кампаниясында әріптесім, досым әрі менторым болған Роберт Уоллес маған бір спичіме байланысты былай дегені есімде: “Сенің жазған спичің бар болғаны “Барлеттің танымал цитаталарынан” (кітаптың аты - ауд.) тұрады”, - деген еді. Мен бұл сынды қабылдай алмасам да, оның айтып отырғанының жаны барын мойындаймын. Алайда Кеннеди дәл сол спичті сәл ғана өңдеп, сөйлеп шықты. Және тыңдаушылар оны жақсы қабылдады. 

Кеннеди өз спичінде түрлі цитаталарды қолданғанды ұнататын. Олардың арасында Хемингуэй, Шоу, Аристотель, Сократ, Перикл, Демосфен, Солон және Пиндар бар еді. Бірде бір америкалық саясаткер Кеннедиге былай сұрақ қойды: “Сіз антика философтары мен мәдениетіне жиі жүгінесіз, бұл Массачусетстегі грекамерикалықтардың көңілінен шығу әрекетінін туған қадам ба?” Бұл сол саясаткердің Джон Кеннеди сияқты тарихты жақсы көрмейтіні көрсетсе керек.

Көмекшілері Линдон Джонсонға Сократтан цитата келтірілген бір спич ұсыныпты. Джонсон Сократ деген жазуды өшіріп, оның орнына “менің атам” деп жазыпты. 

Бір қызығы, Джон Кеннеди өзі ойлап таппаған сөздерді Джон айтты деген жағдайлар жиі кездесіп қалады. Себебі Джон сол сөздерді басқа біреулерден цитата ретінде алып, айтқан. Кеннедимен жұмыс істей бастаған алғашқы жылы біз Жаңа Англияның (АҚШ-тағы жер атауы - ауд.) экономикалық проблемаларымен айналысып жаттық. Сол кезде өңірлік коммерция кеңесі - Жаңа Англия кеңесінің терең ойлы слоганы болушы еді: “Толқын көтерілсе кемелерді де көтереді.” Джон Кеннеди бұл цитатаны жиі қолданатын. Кейін бұл цитатаны өзгелер де жиі қолданатын болды және бір қызығы, олар бұл цитатының авторы Кеннеди деп есептейтін (Кіші Джорж Буштың байлық туралы баяндамасын бір сарапшы “Толқын көтерілсе барлық кемені көтереді” деп тәпсірлепті).

Тағы бір мысал келтірейін. “Кейбіреулер дүниені сол қалпында көріп, сол қалпында қабылдайды да, өздеріне “неге?” деп сұрақ қояды. Ал мен болсам, әлемде болмаған дүниелерді армандаймын да, өзіме “неге жасап көрмеске?” деп сұрақ қоямын”. Бұл сөзді жұрт қазір Роберт Кеннеди айтты деп жүр. Ал Роберт болса бұл цитатаны Джоннан алған. Шынтуайтына келгенде, бұл Джон ойлап тапқан сөз емес болатын. 

Кейбір саяси комментаторлар 1960 жылғы сайлауалды кампаниясындағы айтылған Кеннедидің спичтерін тым ақылды және оларды түсінуге америкалықтың сауаты мен ақылы жетпейді деп баға берген. Ол да мүмкін. Алайда Кеннеди жеңіске жетіп, өзінің және оған дауыс берген америка адамының әлгі саяси комментаторға қарағанда әлдеқайда ақылды екенін дәлелдеді. 


5. Асқақ, алайда тым асыра сілтемейтін сөздерді таңдаңыз 

Браунингті сәл өзгеріп айтатын болсам, “Ұлттың қол созым жері оның құшағынан асып түсуі керек, болмаса президенттің керегі не?”

Президент ұлт көкжиегін кеңейтіп, күйбең тіршілік салған шектеулерді ұлғайтуы керек. Ол әлемнің жаншылған, теперіш көрген жандарына үміт сыйлап,  отанының арманшыл жастарына сөзімен дем беріп, оларды да тыңдайтын, оларға жани ашитын біреудің бар екенін білдіруі қажет.

Мұндай президент бәзбіреулерді өзіне жау қылып, біреулердің басын қатырып қоюы да ғажап емес, алайда сондай мазмұнда сөйлеген президент ұлт жетекшісіне жүктелетін маңызды міндетті абыроймен атқарып шығады. Бұл сонымен қатар ұлт негізін қалаушылардың бүкіл әлемге шамшырақ болу миссиясымен үндеседі. 

Джон Кеннеди екеуміз оның спичтерін асқақ әрі қарапайым қылуға; тыңдаушылардан үстем көрінбеуге, сөйлемдерін қысқа, сөздерін түсінікті етуге, құрылым мен идеяның айқын болуына күш салдық.

Ол мәлімдеме жасағанда айқын әрі сенімді сөйлейтін. Ол ешқашан “мүмкін” және “ықтимал” деген сөздерді қолданбайтын, сол арқылы ұлт ретінде қай бағытта кетіп бара жатқанымызды және қарапайым халық осы бағытта не істеу керек дегенді қисынды концепциялармен дәл жеткізетін. Спичтерінің асқақ болып келетініне қарамасатан, ол қолданыстан түсіп қалған, қарапайым халықтың оңай әрі тез түсінуіне кедергі келтіретін сөздерді ешқашан қолданбайтын.

Саясат туралы спич әрбір детальға заң тұрғысынан дәл әрі жан-жақты анықтама беретін сөз емес. Болуға да тиіс емес. Себебі, сіздің спичіңіз барлық тыңдаушыға түсінікті және жағымды болуы керек. Мен Ақ үйдегі бір әріптесімнің мына жылы сөздерін оқып, қуанып қалғаным есімде: “Тед Соренсен баршаға түсінікті сөздерді қолданады - оны интеллектуалдар да, сауыншылар да, дипломаттар да, саясаткерлер де түсінеді алады”. 


6. Елеулі идеялар кез келген спичтің ең маңызды бөлігі   

Ұлы спичтерді ұлы қылатын оның ұсынатын мықты идеялары, прициптері, құндылақтары мен шешімдері. Егер идея ұлы болса, тіпті сөзі орта қол болса да, спич ұлы болады. Ал егер сөзі асқақ, әдемі, шешен болып, ұсынатын идеясы бос, қарабайыр әрі мағынасыз болса, онда ондай спич ұлы бола алмайды. 

Соңғы қырық жылда трибунаға шығып, Кеннедише сөйлеуге тырысқандар бір нәрсені ұмытып кетеді. Кеннедидің ең мықты деген спичтері адамдардың жүрегінен асқақ фразаларының арқасында орын алған жоқ. Ондай фразаларды Ақ үйдегі кез келген сөз зергері жаза алады. Ол адамның жүрегіне өзінің асқақ идеяларымен жол тапты. Спичтің соңғы нұсқасын жазатын адамда сол идеяларды қосатын мүмкіндік бар. Мен бірде былай деп әзілдедім: “Маған осы ұлттың өлеңін жазуды берсеңдер болды, сол ұлттың заңдарын кім жазатыны маңызды болмай қалады”. Осы жердегі “өлеңді” “спичпен” ауыстыра салса да болады”.

Мен қолыма қалам алып, спичті жаза бастағанда, сол спичтердің күндердің күнінде Кеннеди айтқан деген атпен әлемнің мықты спичтері қатарына кіруі мүмкін деген оймен жаздым. Мақтанып жатыр деп ойламаңыздар, алайда дәл осы ұстаным мені әдемі сөздерді қолдану мен King’s English-ке (ағылшын тілінің грамматикасына арналған кітап - ауд.) жүгінуге итермеледі. Сенаттағы карьерасы енді басталып келе жатқан Кеннедиге мен Рождестволық сыйлық ретінде “Әлемнің ұлы спичтерінің қазынасы” деген кітап сыйладым. Джон кітапты мұқият оқып, өзінің “Ерлік профильдері” (ағылшынша атауы - Profiles in Courage - ауд.) деп аталатын кітабына енуі мүмкін-ау деген цитаталарды маған жиі ұсынатын болды. Мен сол кітапты қайта сұрап алып, өзім стандартты түрде жиі жүгінетін идеялардың қайнар көзіне айналдырдым. Біраз жыл өткеннен кейін Джон маған қарымта сыйлық ретінде былғарыдан жасалған әдемі кітап таңдапты. Ол кітап барлық президенттердің иннаугурациянда сөйлеген сөздерінің жиынтығы екен. Ең өкініштісі, Джонға сол сыйлықты өз қолымен маған сыйлауды жазбапты. Тек 1963 жылдың желтоқсанында Джонның жесірі Джаклин сыйлық ретінде беріп жіберіпті. Кітапты қолыма алып, ішінде өз қолымен жазып берген сөзін оқығанда қатты толқыдым: “Тедке. Бұл кітапты саған Джон Рождестволық сыйлық ретінде бермекші еді. Сенің Джонға жан-тәніңмен беріліп қызмет еткенің үшін осы сыйлықты саған құрметпен ұсынуға рұқсат ет”. 

Соншама сөз айтылып, аз ғана шаруа тындырылғаннан кейін, спич – оның қаншалықты асқақ, қаншалықты шешендігіне қарамастан – күндердің күнінде қалай десек те, жай ғана спич болып қала бермек. Қалай айтылды, бәрі сол қалпында бола салады деуге болмайды. Бар дүниені сипаттау арқылы спич адамдардың ойын қозғап, толғандыруы мүмкін, спич кейде сол дүние қандай болуы керек екенін сипаттау арқылы адамдарды тебірентуі мүмкін. Алайда спичтің болашақты айқындап, адамдардың тағдырын өзгертуі өте сирек кездеседі.

Спичтің заңдық күші жоқ. Спич адамдардың көзқарасын өзгертуге ұмтылады, алайда спич кейде тек спикер мен оның дәрменсіз спичрайтерінің көзқарасын ғана ұсынуы мүмкін. Тыңдаушыларын тыңдата алатын, тыңдата алса - әрекет еткізе алатын, әрекет еткізсе - өзі сұрап тұрғандай бағытқа бұра алатын қауқарлы спикерлер өте сирек кездеседі. 

Не десек те, мен өз уақытында, өз орнымен, өз тақырыбын дұрыс тапқан жақсы спичтің мүмкіндігін жоққа шығара алмаймын. Сондай спич маздап тұрған шоқты отқа айналдыруы; адамдарға ой салып, олардың көзін ашуы; таңдауларын жаңартып, өмірлеріне сәуле сыйлауы - түптеп келгенде әлемді өзгертуі мүмкін. Мен білген соң айтам. Себебі, мен ондайды өз көзіммен көргем.

Аударған Нұрбек МАТЖАНИ

 

Байланысты жаналықтар

“Президент те сөйледі”. Спичрайтинг деген не, спичрайтер деген кім?

17.05.2022
MalimBlocks
“Президент те сөйледі”. Спичрайтинг деген не, спичрайтер деген кім?

Соңғы кезде спичрайтер, спичрайтинг туралы сөздер жиі айтылып қалып жүр. Президенттердің ғана емес, барлық шенеуніктің сөйлейтін сөздерін арнайы адамдар жазатынынан көп ел хабардар деп ойлаймыз. Дегенмен, дамыған елдерде мұндай сөздерді жазатын арнайы лауазым бар екенін көп ешкім біле бермеуі мүмкін. Malim.kz Нұрбек Матжани аударған спичрайтинг тақырыбына байланысты материалдар топтамасын ұсынады.