“Президент те сөйледі”. Спичрайтинг деген не, спичрайтер деген кім?

Соңғы кезде спичрайтер, спичрайтинг туралы сөздер жиі айтылып қалып жүр. Президенттердің ғана емес, барлық шенеуніктің сөйлейтін сөздерін арнайы адамдар жазатынынан көп ел хабардар деп ойлаймыз. Дегенмен, дамыған елдерде мұндай сөздерді жазатын арнайы лауазым бар екенін көп ешкім біле бермеуі мүмкін. Malim.kz Нұрбек Матжани аударған спичрайтинг тақырыбына байланысты материалдар топтамасын ұсынады.

  • 17.05.2022
Спичрайтер Тед Соренсен мен президент Джон Кеннеди

Заман ағымы, масс-медианың дамуы президенттердің жұмыс графигі мен олардың коммуникация орнату тәсілдерін түбейгейлі өзгертті. Оған АҚШ президенттері дәлел бола алады. Джорд Вашингтоннан (1789-1797) бастап Уильям Мак-Кинлиге (1897-1901) дейін АҚШ президенттері жылына орташа есеппен 10 рет көпшіліктің алдында сөйлеген1. Ал, XX ғасырда президенттер көбірек сөйлей бастаған - Герберт Гувер (1929-1933) айына орташа есеппен 8 рет, Джон Кеннеди (1961-1963) 19 рет, ал Билл Клинтон (1993-2001) 28 рет көпшіліктің алдында шығып сөйлепті2. Осыған орай, президентке өз халқымен дұрыс байланыс орнатуға көмектесетін кеңесшілердің де рөлі арта түсті. Тіпті президенттердің сөзін жазуға дағдыланған арнайы маман – спичрайтерлер пайда болды. Спичрайтер демекші, Барак Обама президент сайлауында жеңіске жетіп, 27 жасар Джон Фавроны Ақ үйдің бас спичрайтері етіп тағайындағанда, Джон Обаманың коммуникацияға жауапты директоры Роберт Гиббске: “Обама өз спичтерін менсіз де мықты жаза алады ғой. Оған менің қажетім қанша?” - депті. “Жазуын жаза алады ғой, алайда ол елді де басқаруы қажет” - депті-мыс. Сол Барак Обама сегіз жылға созылған екі мерзім (2008-2016) кезінде 4 мыңнан аса сөз сөйлепті (айына орта есеппен 41 спич).

Иә, біз неге мысалды Америкадан келтіріп отырмыз? Себебі түсінікті, Қазақстанда коммуникацияға байланысты зерттеулер жоқтың қасы. Тарихшылар спич жазуға келгенде АҚШ президенттернің барлығы дерлік көмекке жүгінген деседі. Алайда алғашқы болып АҚШ-тың 29-президенті Уоррен Гардинг қана спичрайтерді ресми түрде толық  жұмыс күніне қызметке алған. Президент Гардингтің сөзін жазған Джадсон Уелливердің сол кездегі лауазымы “әдеби қызметші” деп аталған. Осылайша Уелливер тарихта тұңғыш президент спичрайтері болып қалды.

Бір қызығы, біздің елде ресми түрде спичрайтер мамандығы тек Тоқаевтың президенттігі кезінде мойындалды. Әрине, бұл оған дейін Қазақстан президентінде спичрайтерлер болмады дегенді білдірмейді. Мәселен, ел арасында Назарбаевтың кейбір маңызды сөздерін Әбіш Кекілбаев жазған деген сөз бар. Ал бүгінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесінде “Спичрайтингтер тобы” құрылған (неге Спичрайтерлер тобы емес? Спич жазатын адамды спичрайтер дейді, ал спичрайтинг деп мәтін жазу процесін айтады). Қалай десек те бұл құптарлық бастама. Ендігі кезекте Ақорданың бас спичрайтері деген арнайы лауазым ашу керек. Бұл қадам спичрайтерлердің маңыздылығын арттырып, осы салаға қызығатын кәсіби мамандардың санын көбейтер еді. Яғни спичрайтинг кәсіби жаңа деңгейге көтерілер еді, нәтижесінде президент пен халық арасындағы байланыс қатып қалған статистика мен шаблондарға емес, қазіргіден мүлде өзгеше кептегі жанды, жалынды сөздерге негізделер еді.

Бүгінде спичрайтинг коммуникацияның өзінше бір маңызды бағытына айналған. Спич жазудың өз заңдылықтары, әдістемесі мен тәсілдері бар. Көпшіліктің есінде қалатын сөздерді жазу үшін спичрайтер терең ғылыми негізі бар риторикалық тәсілдерге жүгінеді, т.б. Бұл енді жүгі бөлек бір мақалаға арқау болатын үлкен тақырып, негізігі мақсатымнан ауытқымайын.

Менің мақсатым – кезінде Джон Кеннедидің спичрайтері болған Тед Соренсеннің Авраам Линкольнге арнап Smithsonian Magazine3 журналына жазған мақаласын қазақ оқырманына ұсыну. Бұл ой маған Соренсеннің “Кеңесші” мемуарын4 оқып отырғанда келген. Соренсеннің мақаласын аудару барысында Линкольннің спичрайтерлік таланты мен қуатын ашатын ағылшын тіліндегі сөздер мен сөйлемдерді қазақ тіліне дәл аудару мүмкін еместігін түсіндім. Десек те, бұл жалпы мақаланың құндылығын кемітпейді деп үміттенем. Сонымен бірге, Соренсеннің  мақаласын толық түсіну үшін Линкольнді және оның заманын білу керек. Сондықтан мен автордың кейбір ойлары түсінікті болу үшін  өзімнің түсіндірмелерімді (жақша ішінде) қосуды жөн санадым.


Tед Соренсен Авраам Линкольн туралы: Өз сөзінің адамы 

Аврам Линкольн менің пайымымда, Американың ең ұлы президенті ғана емес, президент спичрайтерлерінің арасында да ең мықтысы болған. Бозбала кезімде Небрасканың Линкольн қаласындағы штат Капитолийінің батыс жағында орналасқан президент ескерткішінің алдында тұрғаным және сол ескерткіштің арт жағына қойылған гранит тақтаға қашалып жазылған Геттисбергтегі жолдауын зер сала оқығаным есімде.

      Линкольн қаласындағы Аврам Линкольн ескерткіші

Арада 20 жылдай өткен соң, 1961 жылдың қаңтарында, жаңа сайланған президент (president-elect) Джон Ф. Кеннеди инаугурацияда айтатын сөзін дайындау кезінде Геттисберг жолдауын зерттеуді сұрады. Ол сонымен бірге XX ғасырдағы барлық инаугурацияда айтылған сөздерді оқып шығуымды өтінген. Мен бұған дейінгі инаугурация спичтерінен пәлендей бірдеңе түртіп алдым дей алмаймын (Франклин Делано Рузвельттің бірінші иннаугурациясын есепке алмағанда), бірақ, Линкольннің 10 сөйлемінен ғана көп нәрсе үйрендім. 

Қазір, міне, 47 жыл өткеннен кейін, басқа бір бойшаң, арықтау келген, кісі тамсанарлық шешендігі бар иллинойстық заңгер (Барак Обаманы айтып отыр - аудармашы) Линкольға сілтеме жасап, президенттікке ұмтылып жатқанда және Линкольннің 200 жылдық мерейтойы қарсаңында оның алдында қарыздар екенімді мойындағым келіп тұр. 

Линкольн мықты жазушы болған. Саяси қызметін былай қоя тұрып, тек жазушылығын бағалайтын болсақ, одан Джефферсон мен Тэдди Рузвельт сияқты талантты жазушы шығар еді. Бүгінде Ақ үйде лауазым ретінде мойындалған спичрайтерге Линкольн өз заманында мұқтаж емес еді. Ол өзінің барлық маңызды спичтерін өз қолымен жазған. Әдемі хаттары мен өзге құжаттары да солай. Кейде ол спичтерінің алғашқы нұсқасын өзгелерге оқып беретін. Олардың қатарында кабинет мүшелері және өзінің негізгі екі хатшысы - Джон Хей мен Джон Николайды атап өтуге болады. Кезі келгенде тыңдаушылар президентке ұсыныстарын айтудан да тартынбаған. Нақтырақ айтсақ, бірінші президенттік мерзімі басталған кезде ұсыныс айтатындардың қатарында бір кездері қарсыласы болған Мемлекеттік хатшы Уильям Сьюард та болған. Сьюард өзінің ең ілкімді ұсынысын бірінші инаугурациялық жолдау кезінде айтқан деседі. Алайда дәл сол жағдайда президент Сьюардтан жақсырақ спичрайтер екенін айқын көрсеткен. Сьюард спичтің соңын өзгертіп, ортақ естеліктерге жүгіне отырып, оны жұмсағырақ, бітімгершілік мазмұнда жазайық деген құнды ұсыныс айтқан (бұл кезде құлиеленуші оңтүстік пен құлдыққа қарсы солтүстік арасында азаматтық соғыс жүріп жатқан - аудармашы). Алайда Сьюардтың ұсынған нұсқасы жартыкеш әрі қарабайыр екен. Тарихшылар оның ұсынған нұсқасы былай болған дейді: “Қаншама шайқас алаңдарынан, қаншама патриоттардың бейітінен өтіп, жүрек атаулыны елжірететін қорғаушы періштелердің демі елімізді шарпығанда туатын мистикалық үн біздің ұлан-ғайыр континетімізді өзінің байырғы сазымен гармонияға бөлейді”. 

Линкольн ілтипатпен Сьюардың ұсынысын қабыл алып, мұқият оқып шыққан. Ол өзінің сиқырлы қаламымен ұсынылған сөйлемді келесідей жантебірентерлік “жадымыздағы тылсым аккордтарға” айналдырып жібереді: “Шайқас алаңдары мен патриоттардың бейітінен сызылып шыққан жадымыздағы тылсым аккордтар ұлан-ғайыр даламыздағы кеудесі бардың жүрегіне, үйі бардың ошағына жетеді. Дүниенің ең таза періштелері жиналып осы аккордтарды басып қалғанда, қосыла шырқалған ғаламат Одақ хорына ұласады. Бұған біздің күмәніміз жоқ”.

Линкольннің спичрайтерлігі оның шешендігіне қарағанда мықтырақ болған. Әдетте спичтің сәтті шығуы көп жағдайда спикердің дауысы мен болмысына байланысты. Джон Кеннедидің ең мықты деген спичтері оның болмысына, позасына, тұлғалық қасиеттеріне, әдемі сырт келбеті мен сенімді даусына байланысты болды. Уильям Дженнигс Брайан тыңдаушыларын тек қана өзінің экстравагант сөздік қорымен емес, сонымен бірге өзінің қимылдары және ишараларымен, даусының мықтылығы, сырт келбеті арқылы баураған. 1896 жылғы Демократтардың ұлттық жиынында “Алтын крест” спичімен жиналғандарды тәнті қылған Брайан партия номинациясын жеңіп алған еді. Алайда бұл жиынға қатыспаған, Брайанның қалай сөйлегенінін естімеген демократтардың лидерлері Брайанның спичін тек газеттен оқыған. Сондықтан олар оның неліктен номинацияны жеңіп алғанын түсінбепті. 

Cалыстырмалы түрде аз-ақ адам естіген Линкольн сөзі замандарды көктей өтіп, әлемді кезіп кетті. 1863 жылы даусы әрең естіліп тұрған Линкольннің сөзіне құлақ түрген Геттисберг тұрғындарымен салыстырғанда,  1939 жылы штат Капитолийінің артында орнасқан ескерткіштегі Геттисберг жолдауын оқып тұрып мен көбірек әсерленген болуым мүмкін. Заманында аты шыққан шешен массачусетстік қоғам қайраткері Эдвард Эверетт сол жиында  тұнып тұрған классикалық аллюзиялармен 2 сағатқа жуық тоқтамай сөйлеген деседі. Ал президент трибунаға жылдам көтеріліп, бірнеше минуттық қысқа ғана арнау сөзін айтып, жылдам түсіп кетіпті. Сонда кейбір газеттер: “Президент те сөйледі” - деп мысқалдап жазыпты. 

Линкольннің дауысы күшті болғанымен Брайандікіндей зор емес, сырт келбеті де Кеннедидікіндей тартымды болмаған дейді (Линкольн өз келбетін “кедей, қушық бет” деп сипаттаған). Оның спичі электрондық құрылғылармен зорайтылмаған және бүгінде барлық президенттер өзінің алдын ала жазылған мәтінге тәуелділігін жасыру үшін қолданатын телепромптерді де пайдаланбаған (Неге? Сіз өзінің нұсқаулығына жүгінбейтін хирургқа немесе сантехникке сенер ме едіңіз? Бізге президенттерден ең маңызды спичтерін жаттап алғаны немесе импровизация жасағаны маңызды ма?). Линкольн де орталық батысқа (ағылшынша Midwest – АҚШ-тың орталық және солтүстік шығыс бөлігіндегі аумақ - аудармашы) тән интонациямен сөйлеген. Ол кездері Бостон немесе Нью-Йорк тұрғындары Линкольн сияқты сөйлемеген, сондықтан оны түсіну кейбір тыңдаушылар үшін қиынға соққан. Біраздан кейін масс-медиа пайда болып, ұлттық аудитория мен біркелкі акцент қалыптаса бастаған. 

Алайда Линкольннің шешен ретіндегі мықтылығы оның даусына, қимылына немесе сөйлеуіне, тіпті оның сол жерде болуына да байланысты емес еді. Оның мықтылығы оның сөзі мен идеяларында еді. Ол өз заманында құлдық пен бөліну сияқты қайшылықты мәселенің мәнін айшықты сөзбен жеткізе алды. Ол, сондай-ақ, ұлтымыздың мәңгілік миссиясын “әлемнің соңғы әрі зор үміті” деп, құдіретті сөзбен айқындап берген. Осындай ұлы һәм әсерлі тақырыптар салықтарды азайту, тарифтерді төмендету сияқты күнделікті күйбең тақырыптарға емес, керісінше бұдан да ұлы, бұдан да әсерлі спичтерге арқау болады. 

Линкольн өзінің мықты жады мен фактілерді ерінбей іздеуге (жеке зерттеушісі болмағадықтан оның өзі зерттеуші болған) деген құштарлығының арқасында тыңғылықты тарихи детальдарды ұсына алатын. Біз мұны оның 1854 жылғы Пеория спичі мен 1860 жылғы Купер Юнион спичінен байқай аламыз. Бұл спичтері оны Республикалық партия атынан президенттікке үміткер ретінде біржола бекіткен еді. Линкольн көптеген спичтерінде мәңгі бітпейтін тақырыптар мен мінсіз конструкциялардан бойын аулақ ұстаған. Оның спичтері өте терең, философияға құрылатын; олар партия мүддесінен, даңғазалық пен педанттықтан ада болатын. Оның ең мықты екі спичі, - барлық президенттерді қоса есептегенде сол екі спич мықты саналады, - қысқалығымен қоса (екінші инаугурациялық жолдауы 700 сөзден сәл ғана асады, ал Геттисбергтегі жолдау одан да қысқа) күнделікті күйбең саясаттан биік тұрған және тек ұлы идеяларға негізделген. 

  Авраам Линкольннің Геттисбергтегі өз қолымен жазған жолдауы

Кез келген президент өзін қоршаған медиа кеңістікке назар аударады, егер ол мықты президент болса, онда ол өзінің коммуникациясын сол медианың ерекшелігін ескере отырып құрады. Линкольн баспа дәуірінде өмір сүрген адам. Шешендік сол замандағы маңызды саяси сауық саналатын, алайда ондай спичтерді көрсететін теледидар ол кезде болған жоқ. Спичті сол жерде болған адамдар естіп, қалғандары газет арқылы оқыған. Президенттің спичі сол күнгі газет нөмірлерінде басылатын және ол өзінің спичтерін жазған кезде олардың газетке басылатынын үнемі есте ұстайтын. Ол өзін тыңдап тұрған аудиторияға ғана емес, сонымен бірге өзін оқитын газет оқырмандарына арнап сөйлеген. Линкольн сөзі дауыс берушілерге оның дауыс ырғағынан да асып түсетін дүниелермен әсер етті - ол оның жазу қабілеті, интеллектуалдық қуаты, өз заманының түйінді мәселелерін түсіне алуы және өз ұлтының жанын терең ұғынуы.

Франклин Рузвельт радио арқылы халқымен сөйлесуді, Кеннеди теледидар арқылы ресми жолдау жасауды, Билл Клинтон қарапайым месседждерді жеткізуді шебер меңгерген. Әрине, Американың заманауи аудиториясының Линкольн мен Стивен Дугластың 3 сағаттық дебатын немесе спичтерін тыңдауға шыдамдары жете қоймас. Десек те, ол кезде заман басқа еді. Егер Линкольн біздің дәуірде өмір сүргенде, ол бүгінгі күннің саундбайт мәдениетін, яғни саяси спичтің заманауи үлгісін меңгеруге қабілеті жетер еді деп ойлаймын. Бұл жерде оның мәселінің түпкі мәнін аңғарғыш қасиеті алға шығады. 

Линкольн даңғазалық пен жасандылықтан аулақ болды. Ол барлық спичрайтер секілді риторикалық тәсілдерге жүгінді: аллитерация, рифма, қайталау, контраст және баланс. 

Ол бәріміз сияқты айқын және айқын емес метафораларды қолданды: Геттисберг жолдауындағы ұлттың пайда болуы - ұлттың тууы және ұрықтандырылуы жайындағы келтірген сөзін қараңызшы. Ол библиядан цитаталарды өте сирек қолданатын, бірақ бір қолданса шеберлікпен, өте тиімді қолданатын. Екінші инаугурациялық жолдаудағы соңғы параграфтың алдында тұрған параграфты қалай аяқтайтынына назар аударыңызшы: “Бірақ, егер Құдай құлдардың күшімен 250 жыл бойы ақысы төлегенбеген еңбектің арқасында жиналған байлық сарқылмайынша, қамшымен төгілген қанның өтеуін қылышпен төгілген тағы бір қанмен қайтармайынша соғыстың жалғасқанын қалайтын болса, - осыдан үш мың жыл бұрын айтылғандай, - онда бұл “Құдайдың жазасы дұрыс және әділетті” екенін көрсетеді”. 

Алайда Америка тарихындағы ең мықты спич мысалының триумфы тек тәсілдерге байланысты емес. Линкольннің аталмыш тәсілдерді қолданудағы екі мықты артықшылығы болды. Бірінші, ол әдеби-поэтикалық жағынан сезімтал адам. Бұл - дұрыс ырғақ пен тартымды дыбыс. Егер әлдекім Геттисберг жолдауын редакциялайтын болса, онда ол “87 жыл бұрын” деген конструкция қысқа әрі нұсқа дер еді. Алайда ол “төрт жиырма және жеті жыл бұрын” дегенді қолданды (“four scores and sever years ago” – бұл да библиялық жыл санауда қолданылатын тәсіл - аудармашыдан). 

Және, сөз соңында айтарым, ол мәселенің мәніне терең үңіле алатын. Сөз өнерін мықты меңгерген президенттер әдетте мемлекет басқаруда да мықты келеді. Себебі спич жәй ғана сөздердің жиынтығы емес. Олар идеяларды, бағыттар мен құндылықтарды ұсынады. Мықты спичтерде осының бәрі жымдасып тұрады. Линкольн соны дәл тауып айта білген адам.

Алғысөзін жазған және аударған Нұрбек МАТЖАНИ

____________________

1Tulis, Jeffrey K. (2017) The Rhetorical Presidency. Princeton University Press.

2Schlesinger, Robert (2008) White House Ghosts: Presidents and Their Speechwriters. Simon & Schuster

3Sorensen, Theodore C. (2008) “Ted Sorensen on Abraham Lincoln: A Man of His Words.” Smithsonian Magazine. https://www.smithsonianmag.com/history/ted-sorensen-on-abraham-lincoln-a-man-of-his-words-12048177/

4Sorenson, Theodore C. (2008) Counselor: A Life at the Edge of History. HarperCollins

Байланысты жаналықтар

Ковид жұқтырған Байден сайлаудан бас тартпайды

19.07.2024

Тед Соренсен. Президент сенімді сөйлеуі керек

02.06.2022

Трамп президенттігі бүлікпен аяқталды

07.01.2021

Саакашвили: Назарбаевпен Ресейге ұнамаса да араласып тұрдық

25.06.2020
MalimBlocks
Ковид жұқтырған Байден сайлаудан бас тартпайды

АҚШ президенті Джо Байден қараша айында өтетін сайлаудағы үміткерлігіне қатысты партиялық жаңа мәселелерге тап болды. Жағдай қиындағанымен қатар, ол ковид жұқтырып, сайлауалды іс-шараларын тоқтата тұруға мәжбүр.

Тед Соренсен. Президент сенімді сөйлеуі керек

Бұл 60 жылдан бері АҚШ-тың, қала берді бүкіл әлемнің саяси риторикасына елеулі әсер етіп келе жатқан Тед Соренсен туралы Malim.kz оқырманына ұсынатын соңғы материалымыз. Соңғы материал ретінде Тед Соренсеннің “Кеңесші. Тарих жиегінде өмір” атты мемуарындағы спичрайтингке арналған 12-тарауын аударып беруді жөн көрдік. Мемуардың ағылшын тіліндегі атауы -  Theodore C. Sorenson. “Counselor: A Life at the Edge of History”. Кітапты HarperCollins Publishers баспасы 2008 жылы шығарған.

Трамп президенттігі бүлікпен аяқталды

Саакашвили: Назарбаевпен Ресейге ұнамаса да араласып тұрдық