Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Армения Премьер-министрі Никол Пашинянды қарсы алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.
Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.
Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң Мемлекет басшылары құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.
Қазіргі уақытта Мемлекеттер басшылары жоғары деңгейде келіссөз жүргізіп жатыр. Оның барысында екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту перспективасы талқыланабақ.
Еске салайық, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян ресми сапармен Астана қаласына келді.