Түркістан облысының Алғабас ауылында болған төтенше жағдайдан кейін өңірде өрт қауіпсіздігіне арналған алдын алу жұмыстары күшейтілді. Аймақ мамандары жыл соңына дейін барлық нысанды қамтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Malim.kz Otyrar басылымына сілтеме жасап.
Облыс көлемінде 350 мыңнан астам үй мен нысан бар. Соның ішінде 139 мың объектіге өрт қауіпсіздігі бойынша рейд жүргізілді.
Тексеру жеке тұрғын үйлерді, көпқабатты үйлерді, сауда нысандарын қамтып отыр.
Қалған нысандарды тексеру жыл соңына дейін аяқталмақ.
Мамандардың айтуынша, өңірдегі өрттің басым бөлігі жеке тұрғын үйлерде, көліктерде, сауда нысандарында тіркеледі.
Өрттің жиі кездесетін себептері: электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, пештерді қауіпті режимде жағу.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда: тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін күшейту, әлеуметтік нысандар, қонақүйлер, хостелдерге ерекше бақылау орнату, заңсыз салынған ғимараттарды анықтайтын жұмыс тобын құру, өрт қауіпсіздігі рейдтерін тұрақты жүргізу.
Профилактикалық шаралар аясында мамандарға тұрғындарға өрт хабарлағыштарды орнату жөнінде кеңес беру, қауіпсіздік ережелерін белсенді түрде түсіндіру міндеттелді.
Жұмыс тобы құрамына әкімдік өкілдері, газ инспекциясы, «ҚазАқГазАймақ», ТЖД қызметкерлері және өзге де құрылымдар кіреді.