Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында мұғалімдердің жүктемесін бөлу жүйесі жаңартылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі система кеңестік кезеңнен қалған деген пікірмен келіспейді. Ол педагогтердің жұмыс жүктемесіне қатысты өзгерістер соңғы жылдары енгізілгенін еске салды.
"2019 жылы "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданды. Сол заңның аясында мұғалімдердің апталық жүктемесі 16 сағатқа дейін төмендетілді. Бұған дейін бұл көрсеткіш екі есе көп еді. Өзім де кезінде аптасына 42 сағатқа дейін жұмыс істегенмін", – деді Сүлейменова.
Сонымен бірге министр педагогтерге сағат бөлу барысын ашық ету үшін цифрлық жүйе енгізілетінін атап өтті. Жаңа форматта жүктеме мұғалімнің директорға жақындығына емес, нақты оқушылар саны мен сынып-комплектке байланысты анықталатын болады.
"Қазір біз Еңбек министрлігімен бірлесіп бұл процесті цифрландыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Сағаттар оқушы санына және сынып-комплектке қарай бөлінеді. Мәліметтер толық цифрландырылып, ашық қолжетімді болғанда, қаржылық бұзушылықтарға жол берілмейді", – деді Жұлдыз Сүлейменова.