Зейнетақы жыры: тағы 5 пайыз жарна ұсталса кім ұтады?

Жарна дәл 2024 жылғы президент сайлауы қарсаңында енгізілсе, саяси ағаттық болмақ.

  • 08.10.2021

Үкімет зейнетақы жүйесін әрі қарай жаңғырту үшін жұмыс берушілерден қосымша 5 пайыз жарна ұстамақ. Бұған дейін 10 пайыздық міндетті жарна жұмысшыдан ұсталып келсе, алдағы уақытта енді жұмыс беруші жұмысшы үшін және 5 пайыздық жарна төлеуі міндет болмақ.  Әлбетте, әр тиынды санап, көбірек пайда табуды көздейтін кәсіпкерлер бұған дейін бірнеше рет қызу талқыланған жаңалықты бұл жолы да жақтырмай қабылдап, қарсылығын білдірді.

Ал олардың мүддесін қорғайтын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы атынан экономист Олжас Құдайберген әлеуметтік-еңбек саласындағы құзырлы үкіметтік мекеме – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне шүйлігіп, президентпен шағыстыруға тырысты. Әрине, пандемиядан тұралап қалған, жалпы ешкімнің жұмысына араласуын қаламайтын, басы артық жүктемені жек көретін кәсіпкерлердің жанайқайын түсінуге болатындай. Алайда ресми Қазақстан билігі біртіндеп толық жинақтаушы, яғни бірінші кезекте жұмысшының өзінің алаңсыз қарттық шағына қаншалықты қамданатанына байланысты түзілетін зейнетақы сипатына көшуге құлықты екенін ескерсек, қалың бұқараға қайсы тиімді екен деген ой келеді...

Сонымен, Еңбекмині мемлекет басшысының тапсырмасы аясында зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізетіндерін мәлімдеді. Зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаментінің директоры Виктория Шегайдың айтуынша, 2023 жылдан бастап жұмыс берушілерге 5 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы міндеттелмек! Бұл дегеніңіз, кәсіпкер өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің пайдасына сол жұмыскердің табысынан міндетті 5 пайыз зейнетақы жарнасын аударатын болады. Алайда, министрлік өкілі, шаруа иесіне ауыртпалықты азайту үшін салық жағынан жеңілдіктер берілетініне сендірді. В. Шегайдың айтып отырған ережесі негізі  2018 жылы енгізілмек болған-ды.  Бірақ, ол кезде үкімет бизнестің қас қабағына қарап шегінген. Оның бір себебі жүзеге аспақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасымен жағаласып дау көбейткісі келмеді. Ал 2020 жылы коронавирус әлегі бес пайыздық жарнаны енгізуді  шетке және ысырған.

Министрлік өкілі Ресейде жұмыс беруші зейнетақы-сақтандыру жүйесіне 22 пайыз жұмсайтынын алға тосады. Ал экономист Олжас Құдайберген министрліктің әрекетін, кешірерсіздер, айуандыққа балап отыр. Сарапшы жұмыс беруші жаны қысылса, жүктемені жұмысшының өзіне жүктей салады дегенге меңзейді. Оның үстіне, жалақыны жасырып төлеу, заңсыз қызметке көшу қаупі пайда болмақ.

«...Осылайша Қазақстан еңбекақы төлеу қорына жүктемесінде  «көш басына» шығуда. 2023 жылдың өзінде бұл қосымша жарна бизнестен 600 млрд теңгеге дейін сыпырып алады. Сөйтіп әр жылы жалғасып, біртіндеп жоғарылай береді», - деп жазды экономист О. Құдайберген.

Ол үкімет бастамасына бәрі қарсылық танытып, «Атамекен» келіспейтінін ашық жариялағанымен, Еңбекмині ешкімді елемеуде деп ренжіді. Олжас Құдайбергеннің сөзінше,  президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 пайыз жарнаның идеясын қайта қарастыруды тапсырған. Алайда қазіргі еңбек министрі Серік Шәпкенов, сондай-ақ,  бұрынғы еңбек министрі Тамара Дүйсенова қызметтерін лайықты атқара алмай отыр. Үкіметтің әлі де райынан қайтатынына үмітті экономист жарна дәл 2024 жылғы президент сайлауы қарсаңында енгізілсе, саяси ағаттық болатынын ескерте кетуді де ұмытпапты.

Тәңірберген АРҒЫН

Фото ©REUTERS