457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Оқу-ағарту министрінен не күтеміз? Сарапшылар түйінді мәселелерді ашық айтты

Мұғалімдерді полицияға сүйреген жалғыз министр ретінде тарихта қалады

Күні кеше Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қызметінен босап, оның орнына мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүйлейменова тағайындалды. Экс-министрдің ел есінде қаларлықтай қандай шаруаларды іск асырды, ал жаңа министрден қандай өзгерістер күтуге болады? Білім саласында әлі де шешімін таппаған қандай мәселелер бар? Осы сұрақтар төңірегінде Malim.kz тілшісі білім саласының сарапшыларымен пікірлескен еді.


Аятжан Ахметжан, білім сарапшысы: Оқу-ағарту жүйесі шашырап қалды. Жаңа министрге оңай болмайды

Білім саласы – кез келген ел үшін стратегиялық бағыт. Ал Қазақстанда соңғы жылдары дәл осы салада тұрақтылық емес, тұрақсыздық басым түсіп келеді. Оқу-ағарту министрлігіне келген әрбір жаңа басшы "реформа" бастайды, бірақ соңы нәтижесіз аяқталып жатқаны да жасырын емес.

2023 жылдың қыркүйек айында қызметінен кеткен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2 жыл 9 ай бойы саланың тізгінін ұстады. Оған дейінгі 8 ай вице-министрлік қызметін ескерсек, білім саласының ішкі құрылымын терең білуге уақыты да, мүмкіндігі де жеткілікті болды. Алайда сол мүмкіндікті толық пайдаланған жоқ деп есептеймін.

Бұрынғы министрдің берген уәделері көп болды. Бірақ солардың басым бөлігі орындалмады. Сынып жетекшілік үшін қосымша ақы үш есе көбейеді дегеннен бастап, білім мазмұнын жаңартуға дейін айтылған әр уәде қағаз жүзінде қалды. Саланың ішкі жүйесі мен нормативтік құжаттарға реформа жасау орнына, форум, жиын, PR-акциялар көп ұйымдастырылды.

Мұғалімдердің қағазбастылығы азаяды дегені керісінше бес есеге артты. Ұстаздардың тәрбиелік іс-шараларды TikTok пен Instagram-да рилс етіп бөлісуі тәрбие көрсеткішінің орнына айналды. Бұл — білім сапасын емес, сыртқы форманы ғана күйттеудің көрінісі еді. Білім мазмұнына қатысты өзгерістер де түсініксіз сипатта жүрді.

Физика, химия, биология пәндерін біріктіру; тарих пен құқық негіздерін қосу; алгебра мен геометрияны "жалпы математика" ету сияқты шешімдер бейкәсіби әрі асығыс жасалған қадамдар болды.

Білім саласындағы мемлекеттік стандарт пен оқу жоспары 2016 жылдан бері жаңартылмаған еді. Соған дайын жүйе тұрғанымен, министр батыл қадамға бара алмады. Нәтижесінде, білім мазмұнының жаңаруы тағы да кейінге шегерілді.

Мұғалімдердің мәртебесін көтеру уәдесі де көп айтылды. Бірақ оның орнына марапаттар мен алғыс хаттарды үйіп-төгу белең алды.

Мұғалімдерге нақты материалдық қолдау емес, формалды "көңіл" көрсетумен шектелу – білім беру жүйесіне тек кері әсер етті.

Мұғалімдер мен мектеп директорларының еңбекақысы өспеді. Колледж мамандарына да нақты уәде орындалмады. Президент бастамасымен іске қосылған "Жайлы мектеп" жобасы да шатқаяқтады. Мектеп саны 367-ден 217-ге қысқарды.

Жобаның бастапқы бағыты бұзылып, "Келешек мектебі" деген атаумен жаңаша формаға көшірілмек болды. Бірақ бұл да жүйесіз іске асып, орталықтан басқару моделі құрылмай қалды.

Ал жекеменшік мектептерге қатысты саясат тіптен түсініксіз болды. Оларға қаржыландыру кешігіп, заң аясында жұмыс істеген білім беру ұйымдарына қысым артты. Оның ішінде QAZBILIM ұлттық лицейлер желісіне қатысты қабылданған шешімдер көпшіліктің есінде.

Кеше Оқу-ағарту министрлігіне Жұлдыз Сүлейменова тағайындалды. Бұл салаға бүгін келген есім емес. Ол мектеп мұғалімдігінен бастап, депутатқа дейінгі аралықта білім беру жүйесінің ішінде жүріп келе жатқан кәсіби маман. Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде де, орта білім мазмұны бағытында да нақты тәжірибесі бар.

Мен бұл тағайындауға үмітпен қараймын. Себебі, ол — талапшыл әрі жауапкершілігі жоғары маман, білім жүйесін ішінен де, сыртынан да жетік біледі. Сонымен қтар, ұлттық болмысқа жақын, бірнеше тілде де еркін жұмыс істей алады. Бұрыннан бері айтып жүрген жүйелі ұсыныстары бар және оларды іске асыруға қауқарлы.

Алайда, министрлікке шашырап қалған жүйе қалды. Қаржылық тапшылық, білім мазмұнының ескіруі, нормативтік құжаттардың күйі, ұстаздар арасындағы сенімнің әлсіреуі — жаңа басшының алдында тұрған нақты мәселелер. Ең маңыздысы – білім беру мазмұнын қайта қарау, оқулықтар мен оқу жоспарларын нақтылау. Бұл кезек күттірмейтін, әрі соза беруге болмайтын мәселе.

Өмір Шыныбекұлы, білім сарапшысы: Министр Сүлейменова көп нәрседен хабарсыз 

Қазақстан үшін білім саласы - елдің болашағын айқындайтын ең маңызды бағыттардың бірі. Алайда, осы салада бұрынғы министрлердің атқармаған, шешімін таба алмаған күрделі мәселелер әлі де бар. Асхат Аймағамбетов те, Ғани Бейсембаев та министрліктің өзі мен оның айналасындағы Алтынсарин академиясы оқулық орталығы секілді құрылымдарды біліксіз мамандардан тазарта алмай кетті. Оны біз шығарылып жатқан құжаттардан-ақ білеміз. Бұл жүйеден сапалы кадрларды іріктеп, білім саласын дамытуға қажетті реформаларды жүргізу мүмкіндігін қиындатып отыр. Министр қаншалықты қабілетті болса да, білікті мамандарсыз үлкен өзгерістер енгізу оңай емес. Сондықтан мамандарды іріктеу мен олардың кәсіби дайындығына ерекше назар аудару қажет.

Жаңа Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова туралы айтар болсақ, ол соңғы бірнеше жыл ішінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жұмыс істегені белгілі. Дегенмен, оның нақты қандай жетістіктерге жеткені туралы көп мәлімет жоқ. Көп нәрседен хабарсыз деп ойлаймын. Назарбаев мектептері мен жалпы білім беретін мекемелердің жағдайы арасында үлкен айырмашылық бар екенін ескеру керек. Назарбаев мектептері ерекше дайындық пен ресурстарға ие болса, жалпы мектептер әлі де көптеген қиындықтарды бастан кешіруде.

Президенттің соңғы Жолдауында жасанды интеллект пен цифрландыру мәселелеріне үлкен мән берілді Жасанды интеллектті орта білім саласына енгізу - заман талабы. Бірақ бұл бағытта министрлік, мұғалімдер және мамандардың тілі мен түсінігі бір деңгейде болуы тиіс. Менің білуімше, Сүлейменова технократ емес, тарих пәнінің мұғалімі.

Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі білім беру сапасы төмен деңгейде қалып отыр. Президенттің білім беру бағдарламасына қарамастан, ауыл мектептеріне бөлінген қаржы толықтай тиімді жұмсалмайды, ал оқушылар мен мұғалімдер әлі де көптеген қиындықтарға тап болуда. Осы күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік бар ма деген сауал маған үнемі мазалайды. Білім саласында оң өзгерістер жасау оңай емес әрі ұзақ уақытты қажет етеді.

Айман Сағидолла, мұғалім: Жаңа министр заңға сүйенеді деп сенемін

Мен Жұлдыз Сүлейменова ханымды алғаш рет "Мақсатты мектеп" жобасы кезінде таныдым. Біз мұғалімдер сол кезде бұл жобаға қарсы өз пікірімізді ашық айтып, оның заңсыз екенін дәлелдеп шырылдадық.

Сол тұста үнімізге құлақ асып, заңдарға сүйене отырып шын мәнінде түсіністік танытқан, қолдау білдірген жалғыз шенеунік Жұлдыз ханым болды.

Ол кісі жобаның заңды негізін сұрап, құжаттарды мұқият қарап шықты. Мұғалімдерге қарсы емес, керісінше бізбен бірге жүйесіздікке қарсы тұрды. Сондықтан да мен жаңа министр заң білген, жүйені түсінетін адам ретінде білім саласында оң өзгеріс әкеледі деп сенемін.

Ал бұрынғы министр Ғани Бейсембаев туралы айтсам, өкінішке қарай, ол белсенді мұғалімдерді полицияға сүйреген жалғыз министр ретінде тарихта қалады.

"Мақсатты мектеп" деген бекітілмеген, құқықтық негізі жоқ жоба мектептерге күштеп енгізілді. Қанша қаржы жұмсалды — ол жағы бізге белгісіз, бірақ мұғалімдерге артылған салмақ пен қағазбастылық орасан болды. Бұл жоба шынымен де мұғалімді қажытты, сенімін азайтты.

Сондай-ақ, Ғани Бейсембаевтың сынып жетекшілік үшін қосымша ақы көтеріледі деген уәдесі де орындалған жоқ.

Оқу бағдарламасы жаңартылады деп жария етті, бірақ нақты жұмыс болмады. Уәде көп, нәтиже аз. Айта берсек, кемшілік көп.

Фото: Мәжіліс 

Өзбектерді той шығыны мазалайды
Аналитика
|
14.07.2025 17:13
2025-07-14 17:13:00