Шығыс өңірдегі журналистерді даярлайтын басты ұстахана

Шығыс Қазақстанда «Аманжолов журналистері» деген бренд қалыптасты

Мадина Қайнарова

  • 17.09.2024

Шығыстағы С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да «Журналистика» мамандығының қазақ бөлімі ашылғанына биыл 23 жыл толды. Осы уақыт аралығында білім ордасы өңірдегі журналист мамандардың басты ұстаханасына айналды.


Аманжолов журналистері

Оқу орнының Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасы қазақ тілді журналист мамандарды 2001 жылдан бастап даярлап келеді. Қаламы қарымды көптеген тілшілердің қолына өмірлік жолдама беріп үлгерді. Сол түлектер қалалық, облыстық, республикалық БАҚ-тың түрлі саласында абыроймен қызмет етіп жүр. Олар мамандықтың мақтанышына айналып, «Аманжолов журналистері» деген бренд қалыптасты.

Мамандықтың ашылуына қолдау көрсеткен облыстық «Дидар» газеті ұжымының әсіресе, Жұмәділ Әділбаев, Айтмұханбет Қасымов, Уәлихан Тоқпатаев, Ғафура Сәрсенбайқызы, Әлібек Қаңтарбаев, марқұм Ғалым Байбатыров сынды белгілі журналистердің еңбегі зор.

"Бесеудің" хаты

Қазақ бөлімінің ашылуының өзі - бір тарихи оқиға. «Бесеудің хатынан» бастау алған бұл оқиға өңірдегі журналистердің қолдауымен жалғасқан. Мұндағы «бесеу» дегеніміз Айнұр Омар, Серік Әбілхан, Дәурен Аллабергенұлы, Гүлжан Мұратханова, Анар Қасенова. Олар - мамандықтың алғашқы түлектері.

- Біз оқуға келгенде қазақ тобы болмаған. Орыс тобына қабылдандық. Себеп – қазақ тілінде дәріс беретін мұғалімдер жоқ және студенттер жиналмайды. Оқуымызды осылай бастадық.  Орыс тілінде жауап беріп, орысша шығармаларды талдау керек болды. Қазақ мектебін бітіріп келген бала бірден орысша сайрап кетпейтіні белгілі. Балада осыдан кейін комплекс пайда болуы мүмкін. Білген нәрсеңді өз тіліңде айта алмау – бұл қорлық қой. Осындай жағдайлардан кейін ректордың атына хат жаздық. Оны «бесеудің хаты» деп атап кеткен. Өйткені қазақ мектебін бітіріп келген бес бала едік, - дейді қазақ бөлімінің алғашқы түлектерінің бірі, белгілі тележурналист Айнұр Омар.

Бұл хат ректордың қолына түсіп, бірден қазақ бөлімі ашылған. Бес студент сонда ауыстырылып, оқуын жалғастырады.

Мамандық ашылған соң студенттерге дәрісті Жұмәділ Әділбаев, Уәлихан Тоқпатаев, Айтмұхамбет Қасымов, Ғалым Байбатыров сынды журналистер оқыды.

Облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы болған ардагер журналист Уәлихан Тоқпатаев сол кездегі естеліктерімен бөлісті:

- Әлі есімде, 2002 жылдың жазында филология факультетінің оқытушысы Сләмбек Оразалин, Ғалым Байбатыров және мен алғаш рет мектеп түлектерін ауызша және жазбаша емтиханнан өткізген едік. Жақсылап іріктеп, 7-8 жас түлекті қабылдадық. Содан бері 20 жылдан астам уақыт өтті. Ол кездері мен Қанипа Бітібаеваның қолқа салуымен Жамбыл атындағы мектеп-интернатында «Журналистика» курсын ашып, жазуға икемі бар балаларға дәріс оқып жүрген болатынмын. Бұл мектепте әдебиетті тереңдетіп оқытатын. Бұдан кейін жаңадан ашылған журналистика бөлімінде өзіміз қабылдаған студенттерге дәріс оқи бастадық. Жаңадан ашылған соң оқу-әдістемелік құралдар жоқтың қасы. Заман да, журналистика саласының жүйесі де өзгеріп кетті. Біз кеңестік заманда оқыдық қой. Мен өзім оқыған бұрынғы ҚазМУ, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне хабарласып, жаңа оқу-әдістемелік құралдарды сол жақтан алғызған болатынмын.

 Теориялық білім тәжірибемен ұштастырылған

Журналистика мамандығының өз ерекшелігіне байланысты теориялық білімді тәжірибемен ұштастырудың маңызы зор.  Осы мақсатта 2006 жылдан бастап, «Жас журналист» үйірмесі құрылды.  Бұл үйірме болашақ журналист мамандарды баспасөз, радио, теледидар, интернет сияқты бұқаралық ақпарат құралдарының салаларында тәжірибелік жұмыстармен айналысуға, ғылым, поэзия бағытында жастардың бойында бар шығармашылық дарынын дамытуға негіз болуды мақсат етеді. Болашақ журналистер университет қабырғасынан бастап өзіне қызықты саланы зерттеуге талпынып, аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, өзінің әлеуетті аудиториясымен танып біледі.

Баспасөз бағытында болашақ журналистер мәтін жазуды «Жас журналист» қабырға газетін шығарудан бастап, түрлі ақпарат өнімінің мәтінін жазуға үйренеді. Үздік жазылған материалдар «Жас жігер», «Дидар», «Алдаспан», «Менің өлкем» басылымдарына жариялауға жіберіледі

Сондай-ақ газет дизайнын макеттеу, безендіру сырларын үйрене отырып,  «Жастар» атты ақпараттық-танымдық журналының жарнамалық 1 саны жарық көрді.  Журнал ісін жүргізу, студенттердің өздерін тағы да тәжірибе жүзінде сынап көруіне мұрындық болды. Тіпті, журналистиканы тәмамдап, бірақ газет беттеуші, монтажер-оператор мамандығын таңдап кеткен түлектер де бар. Бір салада қызмет етсе де мұндай мамандықтардың бағыты да, оқуы да бөлек. Демек, бұл – «журналистика» мамандығы студенттерінің терең, жан-жақты білім алатындарының дәлелі.

- Журналист жан-жақты болуы шарт десек те, нақты бір саланы жіті меңгерсе артық болмас. Маған тележурналистика саласы қызық. Ал менің топтастарымның арасында спорт саласын, медициналық журналистиканы таңдағандар бар. Олар осы бастан сол саланың мамандарымен кездесіп, әртүрлі мақалалар дайындап жүр, - дейді 3-курс студенті Амина Бақытбекова.

Үйірменің баспасөз бағытының басты жетістігі – ақпараттық-танымдық бағыттағы «Жас жігер» айлық газеті. Негізгі авторлары жастар болғандықтан,  «Жас жігер» деп аталған.  Газеттің көлемі шағын А4 форматында түрлі-түсті болып жарық көруде. Онда: «Сөнбес сәуле», «Сұхбат», «Тамшыдан толқынға», «Айтарым бар», «Руханият», «Пайдалы кеңестер», «Суреттер сөйлейді» деген тұрақты айдарларда студенттер журналистиканың ақпарат берудегі өнімді жанрлардың мәтін жазып үйренуде. Газет дизайнына қатысты кәсіби бағдарламалар мен фотоаппараттың тілін меңгеруде. Әр студент өзін журналист, редактор ретінде сынап көруде. 

- Қай мамандық болмасын, ашылған соң мемлекеттік стандартқа сай жұмыс істейді ғой. Профессорлық-оқытушылық құрам мамандыққа байланысты шығармашылық тұрғыда да жұмыс істеуге тиісті деп ойлаймын. Сол ізденістердің нәтижесінде 2014 жылы «Жас жігер» газетін шығара бастадық.  Газет Сәрсен Аманжоловтың 110 жылдығына орай шыққан болатын. Сол кезге келтіріп шығардық арнайы. «Жас жігер» газетінің негізгі мақсаты – болашақ журналистердің әртүрлі жанрда қалам тербеуіне мүмкіндік жасау. Газет бетінен өз мақаласын көру журналистерді нақты жұмыс істеуге ынталандырады, - дейді журналистика мамандығының оқытушысы Гүлмира Бекбосынова.

 

Фото: университет архивінен 

Байланысты жаналықтар

Бұқтырма су қоймасында балықшылар суға батып кетті

18.11.2024

Өскеменде студенттер экологиялық сауаттылығын арттырады

30.10.2024

Елімізде қайтыс болған донордың ағзасы 4 адамның өмірін сақтап қалды

28.10.2024

Шығыста жаңа көпірдің ашылуына орай дүбірлі той өтті

27.10.2024

Бұқтырма су қоймасындағы көпір салтанатты түрде қолданысқа берілді

25.10.2024

Олжас Бектенов Бұқтырма арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірді ашты

21.10.2024
MalimBlocks
Бұқтырма су қоймасында балықшылар суға батып кетті

Бірі 31-де, екіншісі 38 жаста

Өскеменде студенттер экологиялық сауаттылығын арттырады

«Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша 204 саябақ пен сквер, 323 тарихи-мәдени ескерткіш пен 859 әлеуметтік нысан тазартылды

Елімізде қайтыс болған донордың ағзасы 4 адамның өмірін сақтап қалды

Шығыста жаңа көпірдің ашылуына орай дүбірлі той өтті

Бұл күні көпірдің жанынан қырыққа жуық киіз үй тігілді

Бұқтырма су қоймасындағы көпір салтанатты түрде қолданысқа берілді

Көпірдің құрылысына елеулі еңбек сіңірген және қолдау көрсеткен азаматтар марапатталды

Олжас Бектенов Бұқтырма арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірді ашты

Бұл – маңызды инфрақұрылымдық жоба, әрине, бүкіл еліміздің тұрғындары үшін тарихи нысан