Жоғары білім беру мектебі үздіктер қатарына енді

Malim Админ

  • 13.02.2025

Nazarbayev University-дің «Білім» бағыты бойынша беделді Times Higher Education рейтингінде үздік 176-200 қатарына кіруі құрметіне орай Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.

Жоғары білім беру мектебінің 40 өкілі түрлі наградалармен және алғысхаттармен, соның ішінде «Ғылымның дамуына қосқан зор үлесі үшін» төсбелгісімен, «Ахмет Байтұрсынұлы» құрмет белгісімен, «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы үздік жетістіктері үшін» Құрмет грамотасымен, ҚР ҒЖБМ министрінің Құрмет грамотасымен, алғысхатымен және т.б. марапатталды.

NU Жоғары білім беру мектебінің деканы Аида Сағынтаева өз сөзінде:

«Рейтингтер тек қана сандар туралы емес екенін есте сақтау керек. Олар нақты нәтижелерді көрсетеді. Атқарылып жатқан жұмыстың маңызы зор екенін – біздің зерттеулеріміз саясатты қалыптастыратынын, түлектеріміз білім беру саласында көшбасшыға айналып жатқанын және инновацияларға, инклюзия мен өзгерістерге деген адалдығымыз тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жағдайды өзгертіп жатқанын көрсетеді. GSB қуатты зерттеу орталығына, күшті зияткерлік орталыққа және біздің өңірдегі білім беруді зерттеу саласындағы жетекші институтқа айналуы тиіс», – деді.

Мектеп құрылған сәттен бастап 740-тан астам маман, оның ішінде 42 PhD докторын дайындады. Олардың қатарында бүгінгі таңда қазақстандық жоғары оқу орындарын басқарып отырған SDU ректоры Әлімжан Игенбаев, Zhubanov University ректоры Лаура Қарабасова, Kozybayev University вице-ректоры Рената Әпергенова т.б. бар.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мектептің қазақстандық білім беру жүйесін реформалаудағы рөлі туралы айтып өтті:

«Педагогика – бұл тек оқыту ғана емес, сондай-ақ ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу, тұрақты даму. Әлемде дәстүрлі оқытумен ғана емес, сондай-ақ жасанды интеллектті қолдану, алгоритмдеу сияқты жаңа техникалық трендтермен байланысты ғылыми мақалалардың саны артуда. Оған қоса плагиат проблемалары бар, human-computer interaction басты мәселе болып отыр, осы тақырып бойынша тіпті елдік стратегиялар ойластырылған. Сондықтан бізге Nazarbayev University жанындағы Жоғары білім беру мектебі өте маңызды, ол ғылыми құрамды уақытылы қайта қарастырып қана қоймай, білім беру жүйесінде болып жатқан реформалар мен процестерге ғылыми қолдау көрсетеді».

NU президенті доктор Вакар Ахмад Қазақстанның білім беру реформасындағы GSB-дің көшбасшылығының және жергілікті кадрлардың әлеуетін дамыту жөніндегі бастаманың маңыздылығын, профессор-оқытушылар құрамының сапасын, олардың ғылыми зерттеулері мен жарияланымдарын және білім беру жүйесін дамытудағы тиімді жобаларын атап өтті.

Мектеп екі магистрлік бағдарлама бойынша мамандар даярлайды – білім беруді басқару саласындағы ғылым магистрі және көптілді білім беру саласындағы гуманитарлық ғылымдар магистрі, сондай-ақ білім беру саласындағы PhD докторларын даярлайды. Он бір жыл ішінде 27 мыңнан астам адам Жоғары білім беру мектебінің түрлі білім беру бағдарламалары бойынша білім алды.

Байланысты жаналықтар

Қазақстан ғалымдары қанша жалақы алады?

12.04.2022
MalimBlocks
Қазақстан ғалымдары қанша жалақы алады?

Орташа еңбекақы 257 мың теңгені құрайды.