Астанада бірінші Орталық Азия медиа форумы өтеді
20-21 желтоқсанда Астанада бірінші Орталық Азия медиа форумы өтеді
Желтоқсан айының 20-21 күндері Астана қаласында бірінші Орталық Азия медиа форумы өтеді. Форум аясында медиа мамандар мен танымал сарапшылар өңірдегі медианы дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, Орталық Азияда ортақ медиа кеңістік құру идеясын сараптайды. Орталық Азия Медиа Форумының күн тәртібіндегі басты мәселе – бірыңғай медиа платформа қалыптастыру. Іс-шараға 100-ден астам спикер қатысады. Бұл - халықаралық деңгейдегі белгілі ғалымдар, саясаткерлер, журналистер, беделді сарапшылар мен медиа саласындағы халықаралық ұйымдардың өкілдері.
Бірінші Орталық Азия медиа форумының қатысушылары өңірлік бірегейлік, жаңа медианы дамыту, жасанды интеллект технологияларын медиада қолдану, Орталық Азиядағы креативті индустрияның дамуы, пост-шындық кезеңіндегі ақпараттық қауіпсіздік, медиа саласындағы білім беру транформациясы, өзара ынтымақтастықтағы халықаралық ұйымдардың орны, азаматтық қоғамды дамытудағы гендерлік теңдіктің рөлі, өңірлік және жаһандық кооперация мүмкіндіктері сияқты көкейкесті мәселелерді сөз етпек.
Форумның панельдік сессиясында Түркияның 11-Президенті Абдолла Гүл, Монғолияның 3-Президенті Намбарын Енхбаяр өз ойларын ортаға салады. Іс-шараның хэдлайнері - америкалық New York Times-тың 4 мәрте бестселлер иегері, қазақ қызы, бүркітші Айшолпан жайлы жазылған “Eagle Huntress” кітабының авторы Лиз Уелш, голливуд актері, әйгілі боксшы Рой Джонс, YouTube желісінде 18 миллиард қаралым жиған дүние жүзіндегі балаларға арналған ең танымал dBillions жобасының авторы Ернис Уметалиев және Пулитцар сыйлығының иегерлері.
Сонымен қатар, іс-шараға Түркі мемлекеттері ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы ұйымы, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы, ТҮРКСОЙ, АЫӨСШК, БҰҰ, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, UNFPA, ЕҚЫҰ Қазақстандағы өкілдіктері қатысады.
Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген БҰҰ резолюция арқылы бекіткен 21 қыркүйектегі “Халықаралық бейбітшілік күнінің” және әлемдік “Peace one day” жобасының авторы Джереми Гиллимен бірге бейбітшілік идеясы бойынша арнайы сессия өткізеді.