«Аяқталмас хикая»: жаңа заманның «Мың бір түні»

Шынымен де, мұндай жағдай айналамызда қазір де өтіп жатқан жоқ па?!

Malim Админ

  • 09.09.2024

Кейінгі кездері кітап оқу мәдениеті қалыптасып келеді. Қазақстандық оқырмандар үшін шетелдік классикалық кітаптар көптеп аударыла бастады. Бұл – қуантарлық үрдіс. Бұл қатарда Астрид Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи», Джеймс Гринвудтың «Өгей бала», Майкл бедардтың «Мысыр айнасы» секілді бестселлерге айналған туындылары бар. Осы санатты жуырда «Steppe & World» баспасынан немістің әлемге танымал балалар жазушысы Михаел Энденің «Аяқталмас хикая» атты тамаша романы толықтырды. Кітап несімен құнды, оқырманға сыйлар әсері қандай? Қаламгер Тоқтарәлі Таңжарық әдеби шығарма жөніндегі ой-толғамын ұсынады.


470 беттен тұратын шым-шытырық оқиғаларға толы романды оқу бір қарағанда қиын көрінгенімен, ішіне енсеңіз, шексіз қиял мен таңданысыңды туғызбай қоймайтын сюжеттер желісі өзіне тартып әкетеді. Оқып отырып, автордың әлемдегі әртүрлі ұлттардың ертегілерін, аңыздарын, мифтері мен фольклорын емін-еркін пайдаланып, шебер қиюластыра білгеніне тәнті боласыз.

Бұлай дейтін себебіміз мынау: мұндағы кейіпкерлер біз бала күнімізде тыңдаған, оқыған ертегілерімізді еске түсіреді немесе мультфильм, аниме мен фантастикалық кинолардан көрген ғажайын фантазиялық дүниелерді көз алдыңызға келтіреді.

Айбөбекті құтқару операциясы

«Аяқталмас хикаяның» қысқаша сюжеті былай өрбиді. Бастиан Бальтазар Букс есімді оқушы балақай антиквариат сататын дүкеннен «Аяқталмас хикая» атты бір кітап тауып алып, соны оқи бастайды. Ішіне енген сайын неше түрлі оқиғаларға куә болады: Қиял әлемі деген өзге дүниенің билеушісі Бала патшайым айықпас дертке ұшыраған екен. Оны құтқарудың жалғыз амалы: адамдар әлемінен бір адам Қиял әлеміне өтіп, патшайымға жаңа есім беруі керек. Әйтпесе, Қиял әлемін әлдебір қараңғы түнек жұтып, ормандар қурап, өзендер тартылып, таулар мұнартып, қалалар тіршілігін тоқтата бастаған. Ал Бала патшайымның күші сарқылып, өлім халінде жатыр. Бастиан кітапты оқи бастағаннан Қиял әлеміне жаны ашиды, Бала патшайымды қалай құтқаруға болады деген сұрақ мазалайды. Кітаптың әр бетін оқи бастап, ішіне енгенде Қиял әлемін құтқарушы басқа емес, өзі екенін түсінеді. Бастиан оқырман емес, осы кітаптың кейіпкері екен. Бұл шақта Қиял әлемінен Бастианды тауып әкелуге Атрейу есімді күлгін түсті бала жолға шыққан болатын... Ол тау асып, тас басып, түрлі сынақтардан өтіп, Бастианға келе жатыр. Кітап осы оқиғаларды баяндай отырып, Бастианды Қиял әлеміне апарады, Бала патшайымға Айбөбек деген жаңа есім беріледі, Қиял әлемі патшалығы қара түнектен құтылып, орман, тау, көл, су, өсімдіктер әлемі бірте-бірте дертінен айығып, бұрынғы қалпына келе бастайды. Хикая осымен аяқталуға тиіс те еді, жоқ, аяқталмайды, тізбекті шынжыр секілді хикаялар жаңа сюжеттермен толыға түседі. Әр оқиғаның соңы жоқ және әр оқиғаның басы да белгісіз. Дейтұрғанмен, автор оқырманын Бастиан мен Атрейу және Бақыт айдаһары секілді кейіпкерлер арасындағы жіптей жалғанған байланыстар арқылы өрбітіп, арқауын ширықтырып, тәнті етуден жалықпайды.

Қазақ ертегілерін қайталай оқисыз ба?

Біз ертегілер дәуірінен алыстап кетттік. Бірақ ертегі дүниесі бізден алыстамапты. «Аяқталмас хикая» соның айқын дәлелі. Бала кезіңізде ергежейлер елі туралы ертегі тыңдаған боларсыз. Мұнда да тұтас қалада ергежейлілер өмір сүреді. Олардың өмір сүру дағдысына таңырқай отырып, баяғы ертегіні еске түсіресіз.

Тағы бірде Атрейуге Бала пайтшайым берген тұмарды алып, Қиял әлеміне айтқанын істету үшін соңынан қасқыр қуады. Атты баланың соңынан қалмай, оны өлтіруге тырысатын қасқыр жайылы қазақ ертегісі бар екенін ойыңызға алып отырасыз. Бастиан қиял әлеміне келген соң бір қалада айтулы сайыс өтеді. Күш сынасу, алып тастарды көтеру, көз жасы көліне жүзіп жарысу – осының бәрінде Бастиан жеңеді. Қысқаша айтылған осы оқиға «Ертөстік» ертегісін еске түсірмей ме? Саққұлақ, Көлтаусар, Таусоғарлар Төстікке жолдас болса, мұнда Һүкрион, Һүсбалд, Һайдорн атты үш жампоз «күштілердің күштісі», «ептілердің ептісі», «төзімділердің төзімдісі» екен әрі содан кейін Бастианға айнымас дос боп бірге ілеседі. Қашырмен, айдаһармен, өсімдіктер әлемімен тілдесуі бөлек хикая. Кітаптан ертегілер әлемінен ұқсастықтар іздесеңіз, қашанда ұқсас, өзгешелік іздесеңіз қашанда өзгеше дүниелерге тап боласыз. Шығарманың ерекшелігі де осында.

Кітапты оқи отырып, бала кезде тыңдаған ертегілеріңізді қайта тыңдағыңыз келеді. Қазақтың болашақ хикаяшылары бұл идеяны қаперіне алар деген үміттеміз.

«Аяқталмас хикаяның» әлемдік балалар әдебиетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз десек, қателеспейміз. Өйткені, осы кітаптан кейін қиял-ғажайып әлеміне сапар шектіретін бір шоғыр әлемдік бестселлер дүниеге келді. «Хәрри Поттерден» тартып, Руал Даһлдің «Чарли және шоколадтар фабрикасы» секілді ондаған шығармалардың түп өзегінде Энденің бірегей туындылары жатқанын байқау қиын емес. Ал дүниеге танымал мультфильмдер мен жапондық анимелердің, қиял әлеміне сапар шектіретін кинолардың да дүниеге келуіне осы бір немістің ұлы жазушысының бай қиялы жатқанын көптеген әдебиеттанушылары мен өнертанушылары әлдеқашан мойындаған.

Ештеңе мен Ешқашанның байламы

«Біз қартайдық, тым кәріміз. Бір басымызға жететіндей ұзақ жасадық. Көргеніміз де жетіп жатыр. Біз сияқты көп көргендер үшін дүниенің мәні қалмайды. Бәрі мәңгі қайталана береді, күн мен түн, жаз бен қыс, дүние бос, мәнсіз». Бұл кәрі Морланың жан күйзелісі. Романда Ештеңе мен Ешқашанның мән-маңызы жиі қайталанатын тұстар көп. Яғни, автор өмірдің мәні мен уақыттың тоқтаусыз ағыны бәрін жұтатынын, баянды деген дүниенің баянсыздығын, баянсыз дүниенің де өтпелігін әр кейіпкердің іс-әрекеті мен сөз ләмі арқылы қайталап еске сап отырады. Кәрі Морла, Кезбе тау Қариясы, Граограман – шұбар өлім патшасы, өлі қаладағы мәңгірген адамдар, тумаған және өлмеген Айуола ханым – бәрі де бір сөзді әр қырынан қайталайды: дүние алмакезек алмасқан сайын оқиғалар қайталанады, Ешкім мен Ешқашанның шырмауы тарқамайды, Ештеңенің иірімі де тереңдей береді, «Бәрі де болғансың, ешкім де емессің» дейтін Борхестің әйдік ойын барған сайын айшықтай түседі. «Бұрынғы патшалар қаласы» бөлімінде сұмдық суреттеу бар. Ондағы адамдар сөйлемейді, мәңгірген қалпы әлдебір дүниемен айналысады. Олар кімдер дейсіздер ғой? Қиял әлемін құтқаруға келген Бастиан секілді бейбақтар. Ақыр соңында қолындағы тұмар арқылы Қиял әлемін өздері басқаруға ұмтылып, авторитарлық режим орнатуға ұмтылған адамдар шоғыры. Негізгі мақсат-міндетінен адасып, әлемді бір өзі басқарғысы келген диктаторлар. Қарғысқа ұшыраған десек те болар, өздерінің әу бастағы арман-тілектерін ұмытып, мәңгі қалада қалып қойғандар. Ол қалада керегелер көкте, төбелер жерде, орындықтар әуеде, ыдыстар қабырғада байлаулы – бәрі керісінше орналасқан. Автор осы бір бөлімі арқылы адамдардың қолына шексіз билік тисе, қарапайым жұрттың қақы мен құқын ұмытып, Дара Билеушіге айналатынын, одан өзі де, айналасы да опа таппайтынын балалардың тілінде тамаша жеткізген. Шынымен де, мұндай жағдай айналамызда қазір де өтіп жатқан жоқ па?!

«Бір сұмдық үнемі қайталана беретін болса, оны көрген жанның көзі үйреніп кететіні де өзгеше шындық» деген байламды оқығанда, қазіргі сәттегі көптеген оқиғалар санаңда жарқыл қағады. Шығармадағы символдар, атрибуттар, нұсқаулықтар мен таным түйіндері кеңінен талдауды қажет етеді.

Бұл жазбаны оқып отырып, роман тым ауыр екен деген ойға берілмеңіз. Баяндауы өте жеңіл, аудармасы да тамылжып тұр. Тек бала емес, кез келген жастағы оқырман оқыса, еш ұтылмайды. Мұндай ұшқыр қиялмен өрілген шығармалар біздің оқырманның көкжиегін кеңейтуге жол ашады.

Шығар қорытынды не дейсіз ғой: «Аяқталмас хикая» – «Мың бір түннен» кейінгі Шығыс пен Батыстың барлық қиял-ғажайып ертегілерін өн-бойына тоғыстырған әлемдік шығарма. Бұл шығарманы «Ертегілер дәуірінен кейінгі ертегі» немесе «Жаңа заманның «Мың бір түні» десек те болады. Егер балаңыз хикаяшы болсын десеңіз, қиялдай алсын, ойлана білсін, ойы жүйрік болсын десеңіз, онда «Аяқталмас хикаяны» оқытыңыз!

Біздің бұл роман туралы айтарымыз аяқталған жоқ, алдағы уақытта тағы да жалғайтын шығармыз.

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ