Білім саласын дамыту. Өңірлік жол картасын екі облыс қабылдады
Елімізде «Педагог» мәртебесі туралы заң қабылданған соң бірқатар ауқымды жұмыстар іске аса бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру бағытында Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанның барлық аймағын қамтитын 2023-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамытудың Жол картасын әзірлеген болатын. Ағарту саласын дамытуға бағытталған маңызды құжатқа қол қою Астанадан бастау алған еді.
Өткен айда Оқу-ағарту министрлігі Абай облысы әкімдігімен бірлесіп 2029 жылға дейін білім жүйесін ілгерілетуге арналған жол картасын қабылдап алды. Аталған құжат мектепке дейінгі білім беруден бастап, техникалық және кәсіптік білімге дейінгі бірнеше бағытты қамтиды. Білім жүйесіне серпін беретін Жол картасы аясында жалпы алғанда 150-ге жуық іс-шара өткізіледі.
Абай облысы әкімдігінің жоспарына сәйкес, әсіресе балабақшаларға айрықша көңіл бөлінеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемесі 120 мың орынға көбейтіледі. Осы бағытта білім мен тәрбие беретін 6 мыңға тарта мұғалім-тәрбиелеушілердің біліктілігі артады. Қауіпсіздікті күшейту үшін 733 мектепке дейінгі ұйымдар бейнебақылау жүйесімен қамтылмақ.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, облыстың білім беру жүйесін өркендету бойынша бірлескен Жол картасы қабылданды. «Оқу-ағарту ісін оңалтуға бағытталған іс-шаралар Абай облысының 2027 жылға дейінгі кешенді жоспарында да қамтылған. Президент тапсырмасы бойынша жаңа мектептер салу, бұрыннан бар білім ошақтарын жабдықтау жоспарда көрсетілген. Осы жұмыстарға шамамен 135 млрд теңге қарастырылмақ».
Қазір аймақта 18 мың орынға шақталған 29 мектеп, 2100 орындық 6 қосалқы құрылыс салу көзделіп отыр. 150 мектеп қайта жаңартылып, 21 орта білім беретін нысан жаңғыртылады. Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың айтуынша, мұндай тың тәсіл отандық білім беру сапасын көтеруге серпін беретіні анық. Ведомство жуырда Ұлытау облысымен алдағы алты жылға бірлескен өңірлік Жол картасын қабылдады. Құжат бойынша 80-нен астам іс-шара жүзеге асырылмақ.
Облыс әкімдігінің жоспарлауынша, балабақшаларда 2029 жылы 15 350 орын мемлекеттік тапсырыс орналастырылмақ. Яғни, мемлекеттік білім беру бойынша тапсырыс 4160-қа көбейтіледі.
2029 жылы 2 мен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер 100% мектепке дейінгі тәрбие алады. Ал балаларға тәрбие мен білімді қатар беретін 2 мыңдай ұстаз тағылымдамадан өтеді.
Ұлытау облысы әкімдігі 2029 жылға дейін 9 мектептің құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Білім мекемелері 4680 орынға шақталған. Сонымен бірге, 2 мектепке жапсарлас орналасатын спорттық зал бой көтереді. 111 оқу орнына жөндеу жасалып , мектептерге химия, STEM, робототехника, физика, биология кабинеттері сатып алынады. Өңір мұғалімдерінің тәжірибесін шыңдау үшін «Ұстаз-Ұлытау» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Алдағы басым мақсат- міндеттердің бірі - инклюзивті білім беруге күш салу. Осы ретте аймақта 70-тен аса инклюзияны қолдау кабинеттері жасақталмақ. Сондай-ақ, аутизм орталығын ашу көзделіп отыр. 2025 жылы ақысыз негізде техникалық және кәсіптік біліммен 100 пайыз қамтуға назар аударылған. Ұлытау облысында техникалық және кәсіптік білім беретін 1500-ге жуық мұғалім курстардан өтіп, тәжірибесін арттырады. Жол картасының тағы бір артықшылығы – ұл-қыздарды сауықтыру, олардың шығармашылық дағдылары мен зияткерлік қабілетін дамыту. Сол мақсатта үш бірдей балалар сауықтыру лагері мен алты ірі нысан құрылысы іске асырылмақ.