457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Түркістанда дәстүрлі тамыз конференциясы өтті

Жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістанда «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында дәстүрлі облыстық тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Маңызды жиынға келген облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңірдегі түрлі сала басшылары алдымен инновациялық жобалардың көрмесін аралады.


Көрмеде түрлі ғылыми оқулық, мектептерге арналған интеграцияланған цифрлық экожүйе, Қазақстандағы оқушыға арналған алғашқы ЖИ репетитор, кәсіби бағдар беру және психологиялық қолдау көрсететін стартап және басқа да инновациялық жобалар таныстырылды. Сондай-ақ жұмысшы мамандарды даярлайтын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары мен білім беру ұйымдарының жобалары ұсынылды.

Тамыз кеңесіне ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова, «НЗМ» Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Толқын Айдосова, облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорының «KAP Logistics» компаниясының директоры Айдос Туралиев қатысты. Пленарлық отырысқа 1000-ға жуық ұстаз тікелей қатысып, 20 мыңнан астам педагог онлайн форматта тамашалады. Жиынды Түркістан облысы білім басқармасы басшысының м.а. Ғалымжан Орынов жүргізді.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жиынға арнайы қатысып, педагогтарды жаңа оқу жылымен құттықтады. Өз сөзінде ол білім беру саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен қоғам алдындағы жауапкершілік туралы айтты. Түркістан облысында білім саласында жеткен жетістіктермен бөлісті. Сондай-ақ жаңа оқу жылында атқарар ілкімді жоспарларға тоқталды. Атап айтқанда, Түркістанда әлемге танымал Оңтүстік Кореяның «Woosong Kazakhstan» IT – университеті лиценция алып, ашылды. Бұл жоғары оқу орнына облыс әкімдігі 100 грант бөлді.

– Тамыз кеңесінің тақырыбы кездейсоқ таңдалмаған. Бұл – қазіргі қоғам мен заманауи білім жүйесінің өзекті талабы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білім беру – ұлттық қауіпсіздіктің басты тірегі, ал ұстаз – сол іргені ұстап тұрған ең үлкен күш» деп атап өтті. Бүгінде бізге тек білімді емес, елжанды, әділ, жауапкершілігі жоғары азаматтар қажет. Сондықтан ұстаз еңбегі – ұлт болашағына бағытталған ең маңызды еңбек. 2024 жылы білім беру саласына 747,7 млрд теңге бөлінді. Бұл – жалпы облыстық бюджеттің 55%-ын құрайды. Бұл – болашақ ұрпаққа салынған нақты инвестиция. Облыста 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 99%-ға жетті. Бұл еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіш. Облыстық бюджет есебінен жаңа 17 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Балалардың жазғы демалысына ерекше көңіл бөлініп, 5 мемлекеттік лагерге жөндеу жүргізіліп, 5 лагерге қосымша модульдік ғимараттар салынды. Сондай-ақ биыл алғаш рет жыл бойы жұмыс жүргізетін «Алатау» оқу-сауықтыру орталығы ашылды. Бұл үлкен жетістік. Ендігі негізгі міндет – сапа, ашықтық және қаржылық тәртіпті күшейту. Жаңа оқу жылы – білім саласындағы тың бастамалар мен үлкен жауапкершілік кезеңі. Балаларымыздың жан-жақты дамуына жағдай жасау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Ұстаздар – сол жолдағы ең негізгі тірек. Жаңа оқу жылы табысты болсын! – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Түркістан облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 29 жаңа жайлы мектептің құрылысы аяқталуда. Өткен жылы 13 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 16 мектеп ашылады. Бұл – үш ауысымдық және апатты мектептер мәселесін шешуге нақты қадам. Сондай-ақ ауыл мен қала балаларына жайлы мектептерде білім алуына тең мүмкіндік жасалады. Мемлекет басшысының «Мектептерді жаңғырту» (реновация) тапсырмасына орай, үш жылда 115 мектеп жаңартудан өтетін болады. Биыл облыста 100 мектеп жөндеуден өтуде.

2024 жылдан бастап енген ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы ашық пен қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Бұл жүйе барлық балабақшаларда іске қосылып, қаржының тиімді әрі ашық жұмсалуына мүмкіндік беріп отыр. Оқушылардың қауіпсіздігі – басты назарда. Мектептерде бейнебақылау, турникет, дабыл түймелері, күзет жүйесі толық орнатылған. Бұл мақсатқа 2023-2024 жылдары 3 млрд теңге бөлінген.

Жаңа мамандықтар мен дуалды оқыту бойынша Президент тапсырмасына сай 6 жаңа жұмысшы мамандық ашылды. 35 колледж 654 кәсіпорынмен келісімшартқа отырып, дуалды оқыту жүйесін енгізді. Биыл колледждерге 15 500 грант бөлінсе, соның 9500-і жұмысшы мамандықтарға бағытталған.

Бұл – жыл сайын өтетін, білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен жаңа бағыттарды талқылайтын маңызды диалог алаңы.

Кеңес соңында салада ерекше еңбек еткен педагогтер мен мамандар марапатталды. Ұстаздар ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Түркістан облысы әкімінің алғыс хатымен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хатымен марапатталды.  

Фото: Түркістан облысы әкімдгі   

Өзбектерді той шығыны мазалайды
Аналитика
|
14.07.2025 17:13
2025-07-14 17:13:00

Ең көп оқылған