Білім сапасы сандық көрсеткішпен шектелмеуі тиіс
Елімізде соңғы 10 жылдың ішінде оқушы саны 1 млн-ға өсіп, бүгінгі таңда 3,7 млн-ға жетіп қалды.
Бұл тарихта болмаған рекордтық көрсеткіш. Осыған орай былтыр қараша айында 2023-2025 жыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске қосылған.
Бүгін Сенатта «Мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттыру, сапалы орта білім беруді қамтамасыз ету, жоғары және кәсіптік-техникалық білім берудің даму үрдістері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Шараға сенат депутаттары, уәкілетті және тиісті министрліктер, облыстық мәслихаттардың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағалары, білім беру және қоғамдық ұйымдардың, педагогикалық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Басты тақырып еліміздегі білім беру жүйесін дамыту. «Сандық көрсеткіштер ғана емес, сапалық көрсеткіштерге орайластырып негіздеу – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл бағыттарда ауқымды жұмыс күтіп тұр», - деді Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп.
2023-2025 жылдары елімізде 401 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр. Жалпы жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлінді. Жобаны іске асыру балалардың жақсы білім алуы үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жиында білім, ғылым және жоғары білім министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері баяндама жасап, депутаттар кездесудің қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілетін ұсынымдар әзірленетінін айтты.