«Бүгілмес болат, сынбас семсер» кітабының тұсаукесері өтті
Жуырда, елімізде алғаш арнайы жасақ бөлімшесінің негізін қалаушы және алғашқы командирі, ҚР ІІМ Еңбек сіңірген қызметкері және ҚР Құрметті ардагері, спорттың қоян-қолтық жекпе-жек түрінен Әлем чемпионы, отставкадағы полиция полковнигі Даулет Темірхановтың «Бүгілмес болат, сынбас семсер» кітабының қазақ және орыс тілдеріндегі тұсаукесері өтті.
1990-жылдардағы рэкет және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, соның ішінде кепілдікке алынған адамдарды босату, есірткі саудасы, экстремизм мен терроризм актілерін жою, т.б. сипаттайды. Деректі детектив жанрында жазылған оқиғаларда қазақстандық арнайы жасақ қызметкерлерінің ерекше ерлігі мен жанқиярлығы суреттеледі.
Генерал-лейтенант Абай Тасболатов, мемлекет қайраткері:
«Алматыда арнайы жасақ негізін қалап, үлкен істер атқарды. Кейін Астанаға келіп, тағы да арнайы мақсаттағы бөлімше құрамасын жасақтап, қорықпай, үнемі қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, қаншама адам өмірін құтқардың. Бір салада жүрдік, сол кезде дос боп кететінімізді қайдан білейін. Запасқа шыққаннан кейін «Динамо» денешынықтыру-спорт кешеніне келіп, «Рыжий Алмаз» лақап атымен танымал. менің бірінші орынбасарым болып келді. Спорттың сол саласын дамытып, қаншама істер атқарды. Волейбол, футбол, теннис ұйымдастырдық. Ералы Тоғжанов, генерал Сахқанов, Қанағат Елсияров, Әлихан Байменов, Бақытжан бар, бәріміз сенбі күні клубқа жиналатынбыз. Соның бәрінің басында осы Дәулет досымыз жүреді. Өзі жас кезінен айналысқан қоян-қолтық спорттан Әлем чемпионы, төртінші дан қара белбеу алғанда қандай қуандық. Осындай салауатты өмір салтын ұстау жастарға үлгі, үлкендерге өнеге. Үлкендер жетпіс жасқа келгенде еңкеюге асықпай, өмірге құлшыныс алса, қандай ғанибет. «Батырлығың не керек, байсалдылығың болмаса, ақылдылығың не керек, айтарың болмаса» дегендей, бүгін айтары бар Дәукең кітап шығарып, жастарды отансүйгіштікке шақырып жатқанына қуанамыз».
Әлихан Бәйменов, белгілі мемлекет қайраткері:
«Бұл көркем шығарма емес, танымал жазушының дүниесі емес, бірақ өмірімізде ерекше орны бар кәсіп иесінің жастарға үлгі-өнеге боларлық кітабы. Бүгін автор ретінде жаңа қырынан көрінген Дәукеңнің өмір жолы ерекше екенін атап өткім келеді.
«Қазақстан қай елге қарап бой түзеуі керек?» дегенде, біреулер Сингапурды, енді біреулер Араб Әмірліктерін айтады. Бұл елдер де кезінде бодандықта болып, кейін өз даму жолына түскен. Егер әлемдегі кез келген үкіметті алып, ол халыққа қандай қызметімен қажет десек, оның ең бірінші міндеті – қауіпсіз орта қалыптастыру, әр адамға бақытты, ұзақ, тыныш жағдайда өмір сүруді қамтамасыз ету. Ел тыныштығы үшін тұрақты әскеріміз, Ұлттық ұланымыз, Ішкі істер бөлімшелер, барлығы өзара бірлесіп қызмет атқарады. Олардың бір бөлігін көріп жүрсек, қаншама еңбек көрінбей жатады. Ол көрінбейтін еңбек шын мәнінде құнды. Сол көзге көрінбейтін бүгінгі күннің батырларын – үлгі тұтар азаматтарды олардың еңбек жолы арқылы көрсете білу. Олардың қызметтерінің құндылығын аша түсетін бір бағыт – Дәукеңнің үлкен тәрбиелік мәні бар «Бүгілмес болат, сынбас семсер» кітабындай кітап болса керек. Кеше ғана бір жас жазушымен кездескенде, осы кітап туралы айтып: «Саған бір данасын берейін, мұның ішінде көркем шығармаларға негіз болатын шым-шытырық оқиғалар жатыр» деген едім. Дәукеңмен ширек ғасырға жуық уақыт дос болып жүргенде, осы кітапта баяндалған көптеген оқиғаларды өз басынан өткергенін білмеппіз. Өзі де ашылып айта қоймапты. Осы орайда, қазір кітап тұсаукесеріне келіп, арамызда отырған азаматтарға – ендігі кітап кейіпкерлеріне қайтпас қайсарлығы, ерен ерліктері үшін алғысымызды айтамыз. Нағыз рух осы кісілердің бойынан табылады десем артық айтпаймын» деді.
Кітапты жүз мың таралыммен жарыққа шығару көзделуде. Арнайы жасақ қызметінің қалыптасу, даму кезеңдері туралы бұрын-соңды жарыққа шықпаған тарихи хронология паш етілген ғұмырбаян жастарды патриотизмге, Отанды қалтқысыз сүюге шақырады.