Кітапханашы бар жерде кітап оқылады
Ақпарат және мәдениет министрінің сөзіне сенсек, қазіргі таңда елімізде 25 мыңнан астам кітапханашы, 11 мыңға жуық кітапхана, 328 миллионнан астам кітап қоры бар.
Ал еліміздегі ең алғашқы кітапхана Батыс Қазақстан облысында осыдан 152 жыл бұрын 24 қазан күні есігін ашқан. Осы күнге орай, Үкімет қаулысымен бүгінгі дата кітапханашылар күні болып белгіленген. Айтулы күнге орай, кітапхана саласында жүрген қызметкерлерге Ақпарат және мәдениет министрі Айда Балаева арнайы құттықтауын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
«Соңғы кезде кітап оқу тренді қайта жаңғырып, оқырмандар саны 9,5 миллионға жетті. Әсіресе, ата-аналар бала тәрбиелеуде кітаптың көмегіне көбірек жүгінеді. Бүлдіршіндерді осы күндері фантастика және комикс жанры ерекше қызықтырады. Бұл ретте отандық баспаханаларға айтарым, балалар кітапханасын дамытуға бет бұру керек. Бұл нарықтың сұранысы. Одан басқа, кейінгі 5 жылда кітапханалар қоры тек мемлекеттік тапсырыспен шыққан 4,5 миллионнан астам кітаппен толықтырылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады»,-дейді бір сөзінде министр.
Оның сөзінше, соңғы жылдары заманға сай электронды кітапхана жұмысы қарқын алған. Алдағы уақытта елдегі барлық кітапхана біртұтас ақпараттық жүйеге қосылмақ. «Оқырмандар еліміздің кез-келген кітапханасынан қажетті кітапты «бірыңғай билет» арқылы оқи алады. Қолдағы смартфон арқылы кез-келген кітапханамен байланыс ортанатуға болатын жобалар тағы бар. Сондықтан осы игіліктердің барлығын әрбір оқырманына жеткізушілердің бірі – кітапханашылар. Сіздердің еңбектеріңіз ерен!
Баршаңызды кәсіби мерекемен, ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтаймын!»,-депті өз құттықтауында министр.
Жалпы Қазақстан бойынша ең үлкен кітапхана – Алматы қаласындағы 7 миллионнан астам кітап қоры бар Ұлттық кітапхана.