Бүгінгі қоғамның ащы шындығы

Қарттар үйі мен жетімдер үйінің ішкі арпалысын суреттеген қойылым

Malim Админ

  • 03.06.2022

Жалғыздық, өмірдің үзілмес құмсағаты – Үміт арқау болған Ұлан Болатбек пен Әлішер Рахаттың С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрында Шағуан Үмбетқалиев сахналаған шығармасы осылай аталады. Біз бей-жәй қарап өте шығатын қарттар үйі мен жетімдер үйінің ішкі арпалысын суреттеген тамаша қойылымның айтар ойы терең.

Басты кейіпкерлер Қаһар, Көкіш, Майра және Қаһардың немересі Арман. Тым-тырыс тіршілік кешіп жатқан қариялардың тыныштығын бұзып, жабырқап жүрген жанына бір жылулық сыйлау үшін балалар үйінен бүлдіршіндерді әкеліп қосу, бұл автор мен режиссердің ең ұтымды шешімі. Қабағы ашылмайтын Қаһардың немеремді таптым деп қуануы, өмірін өнерге арнаймын деп соңында жалғыз қалған Майраның қасіреті, кез келген сәтте орайын тауып оңды шешім қабылдап жіберетін Көкіштің кереметтілігі, спектакльге келген әрбір көрерменді алға жетелеп отырады. Қоғамның ащы шындығын сахнадан көрсету үшін осындай қойылымдар ауадай қажет.

Қойылымда қарттар үйінде күн кешіп жатқандар мен балалар үйін жөндеу кезінде уақытша сонда орналастырылған тәрбиеленушілердің ұқсас тағдыры мен қарым-қатынасы қоғамдағы үлкен әлеуметтік мәселенің бетін ашуға түрткі болады. Шығармадағы идеяны ширатып, одан әрі дамытқан қоюшы режиссер жақындарынан қағажау көрген қарияның, ата-ана мейіріміне шөліркеп ер жетіп келе жатқан жаутаңкөз жетімдердің жалғыздыққа ұшыраған ішкі жан айқайын көрерменге жеткізуге ұмтылған. Олардың келер күнге деген үмітін өшірмеуге, қоғамда белең алып бара жатқан осынау дертті асқындырмай, алдын алуға үндейді. Қартын қадірлеп, жетімін жылатпаған халық ата дәстүр, асыл қасиетін жоғалтып алмасына сенеді.

Алақандай ғана қалада орналасқан театрдың бұл батыл қадамы әрбір республикалық, академиялық, ұлттық театрға да керек.Тамыры терең ұлттық дүниемізді насихаттағанымыз жөн. Ұлтқа керекті ұлағатты дүние жаза алатын жастар жетерлік. 12 жылдан кейін театр сахнасына оралған халық әртісі Досжан Жанботаевтың ойыны көрерменге ерекше ұнады. Сахнада өмір сүру және сол өмірге әрбір көрерменді жетелеп алып кету, бұл нағыз шеберлік.

Нұрсана Қанағатқызы,
174 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы