Бұл қай Мұқағали?!
Ақынның қасынан табылатын Тоқаш Бердияров пен Асқар Сүлейменов Мұқағалидың құдды атқосшысы сияқты
Бүгін тірісінде «кімдерге аяулы болғанын» білмей өткен айтулы ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Мерейлі мезет қарсаңында режиссер Дархан Сәркенов пен Азамат Сатыбалды, сценарист Қанат Рамазанның «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» телехикаясы жарияға шықты. 4 бөлімнен тұратын кинотуынды ақынның 1973-1976 жылдардағы өмірінің соңғы кезеңдерін қамтиды. Бұл шайырдың басын тауға да, тасқа да соғып, тіршіліктен тиянақ таппай, жансебіл күй кешкен шағы. Ақынның тағдыр-талайын кейіптеуге әрекет жасаған шығармашылық ұжымның жаңа жұмысын біз де көрдік.
Мұқағали күрделі кезеңде туып, алай-дүлей өмір кешкен күрделі тұлға. Содан да болар, ақынның әлемін тап басып танып, оның әр кезеңдегі кешулерін дәл кейіптеу кім кімге де қиын. Мұның алдында шайырды кейіптеген Болат Қалымбетовтің «Мұқағалиы» сынның астында қалған болатын. Ал Азамат Сатыбалды режиссерлік қызметті азсынған ба, басты рөлді де өзгеге көзі қимағандай. Фильмдерді қосып қалсаң, экранды ашып қалсаң жылт етіп шыға келетін актерден көрермен мезі болғанын талай айтқан-ды. Біраз уақыт бой тасалаған Азамат Мұқағалидай ірі бейнемен бірақ шығуды ұйғарған сияқты. Хош, Азаматтың Мұқағалиы бізге қалай әсер етті? Білуімізше, театр сахнасында да кино алаңында да көрініп жүрген актерлер аз емес. Досхан Жолжақсынов, Болат Әбділман, Дулыға Ақмолда, Қуандық Қыстықбаевтар осы санатта. Азамат бұл жолы телехикая әлеміне театрды өзімен көшіріп әкелгендей әсер береді. 1-ші бөлімде Жазушылар одағынан күйінішпен шыққан Мұқағалидың сүйікті қызы Майгүлдің зиратына барып, күңіренетін эпизоды бар. Актердің театрландырылған тұлғасы осы жерден-ақ анық байқалады. Аярлардың аяусыз шабуылынан тауы шағылғаны бір, оның үстіне қызының қайғысы бар. Бұл адам баласы іштен тынып, көз жасын ішке жұтатын шақ. Мұқағали болса «жатыр молаң жотасындай қоянның» деп самбырлап өлең оқып тұрады. Осы бір тұсы ақынның ішкі күйзелісін беруден алшақтап, жасандылыққа бой ұрғызады. Асылында, өлең жанның күбірі, мұндай жүректі зіл батпан қайғы басқан кезде жан сөзі іштен оқылатын емес пе еді?!
Әрбір шығармашылық адамын болашақта «кім болып қаламын, уақыт керуеніне ілесе аламын ба?» деген сұрақтар тергейтіні анық. Бұл кеп Мақатаевты да санасын сан рет сансыратқан. Алайда Мұқағали да, Жұмекен, Төлегендер өткір өмірлік сауалға күнделіктерінде жауап береді. Ақын «21-ғасыр ұрпақтарының құрдасымын» деп келер күннен өзін көрген. Телехикаяда қаламгер екі досы Тоқаш Бердияров пен асқар Сүлейменовтен «мен келер ғасырда кім болам?» деп жалынышпен сұрайтыны бар. Сонда Тоқаш «Біз алдағы екі жылды қалай болар екен деп уайымдаймыз, Мұқаңа қарашы, 21 ғасырдың әдебиеті қандай болады деп бас қатырады», - деп көпірік мақтанға, сылдыр сүйінішке жол береді.
Асылында, мұндай жағдайда ақындар жекеше емес, көпше түрде толғануы керек-ті. Өкінішке қарай, режиссер мен актер Мұқағалиды зорайтамын деп, төменшіктетіп алған.
Кілтипан «зорайтудан» шығып отыр. Ақынның қасынан табылатын Тоқаш Бердияров пен Асқар Сүлейменов Мұқағалидың құдды атқосшысы сияқты. Фильмнің басынан соңына дейін жайылып жастық, иіліп төсек болады да жүреді. Көзкөргендер Тоқаш Бердияровтың мінезі тік, бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын өткірлігі, бір басына жететін тентектігі барлығын айтады. Асқар да азуын айға білеген, шеңберге сыймайтын талант еді деп жазылған естеліктерде. Мақатаев өзінен он жас үлкендігі бар Тоқашты арқа тұтып, алдын кесіп өтпеген, сөзіне тоқтаған. Ал телехикаяда екі қаламгер де тым жасық, байсалды, көнбіс, боркемік. Осы тұсы көзге қисынсыз әрі сәтсіз көрінді.
Ақиық ақын заманында дәуірлеп-ақ тұрды. Даңқы мұқым елді шарлады. Ел алдында жүрген алғадай азаматқа үйірсек жастар да көп болғаны аян. Соңынан ерген жаңа өспірім, көкөрімдерге Мұқаң ағалық қамқорлығын аямаған. Әредік қаланың шулы ресторандары мен кафелерінде де іштегі «өртін» баспаққа ащы суды басқа көтергені айтылады. Бір өкініштісі, осы эпизодтың бояуы қатты қалыңдап кеткен, әсірелеу басым. Азамат – Мұқағали сыраханада театр сахнасында тұрғандай екіленіп, екпіндеп, қос қолын кезек сілкілеп өлең оқиды. Пафос, шамадан асқан айқай ақынның табиғатына кірбің түсіреді. Қалам иесінің жанында Ұлықбек бастаған жас перілердің жүргені анық. Десек те, шулы да дулы мәйханаларда қошеметшіл қыздар не істеп жүр? Шарапхана шапалақ соғып, делебе қоздырар жер ме екен?! Жастардың шайыр жырына сүйіспеншілігін, ынтық көңілін білдірудің бұдан басқа жолы жоқ па еді?!
Режиссер де актер де ақындардың болмысын тануға терең талпыныс жасамағаны аңғарылады. Мысалы, жас буын тек қаламгердің шарапқа шалқып жүрген кезінде ғана дидарласпағаны сөзсіз. Мақатаев Ұлықбек Есдәулет, Несіпбек Айтұлы сынды соңындағы бауырларына алғаш сәт-сапар тілеп, әдебиеттегі жолын ашуға тілекші болғаны мәлім.
Мұқағалидың Қарасаздағы күндері де кинокартинаның реңін аша түсетін мезеттер. Қаланың қым-қуыт тіршілігінен қажыған адам ауылда еркін құстай самғайтыны белгілі. Бірақ, бас кейіпкер атақонысқа барғаннан көзге оғаштау әрекеттерімен көрінді. Айталық, ауыл адамдарымен қауқылдасып, құшақ айқастырар шақта ақын табиғатты қызықтап, өз өзімен қиял сүріп кетеді. Мүмкін режиссер дала перзентінің асқақ сағынышын жеткізгісі келген болар. Бірақ, қаламгердің жан райын былайша беру сәтті қадам емес. Сонымен қатар, Мұқаңның ауыл қарияларының бірінің басынан бөркін жұлып алатын мезет те сәтті шыққан деп айту қиын. Еркебұлан күй кешкен жігіттің еркелігі мен еркіндігін, актердің оспадар қимылы бұзып жібергендей.
Телехикаядағы тағы бір кем дүние – ақынның отбасылық өмірі. Туындыда Мұқаң үй бетін көрмейтін безгелдек, дәруіш кейпінде көрінгендей болды. Бір тұсында Мұқаң үйге кіргенде Лашынның қабақ шыта сөйлейтіні бар. Ашуға булыққан ақын лезде үйден шығып кете барады. Балалары Айбар мен Шолпанның сөз ләмінен де әкеге деген салқындықтың лебі сезіліп қалып жатты. Одан бөлек, Мұқағалидың көршісі Лашынды жолда кездестіріп қалатын эпизодты көрген боларсыз. Ол «баяғыда маған да бір ақын ғашық болған. Қарамай қойғанмын. Қарамағаным қандай жақсы болған. Жұртқа мазақ болатын едім» деп Мұқағалиды, жалпы ақындарды келеке қылады. Сол әңгімені естіген Шолпан «мен ақын болмаймын, ақындарда ақша жоқ» деп қабағын мұң торлайды. Жалпы, кейінгі кездері ақын-жазушыларды мүсәпір, дәруіш етіп көрсету белең алып барады.
Ақынның отбасымен қарым-қатынасына да жіті назар аударатын уақыт келді. Шындығында айтулы тұлғаның балаға деген алабөтен көңілі жырларында тұнып тұр. «Мамасы босат, еркімен өссін тал-шыбық», «ояту былай тұрсын, ұрықсат жоқ, ұйқыдағы ұлымды тербетуге», «Шолпаным, шоқ гүлім менің, өзіңсіз жоқ күнім менің...» тағы басқа өзегін жарып шыққан өміршең өлеңдерден оның әкелік қамқорлығын тануға болады.
Аталмыш телесериалдағы ұнамды образдардың бірі – Еркін Ібітанов бейнесі Актер Ержан Жарылқасын қалыптаған ақын болмысы боямасыз берілгендей. Өмірде жыр жампозы Мұқағали Еркінді өз өлең-жырының «қорықшысы» санағаны белгілі. Ібітановтің Мұқаңа деген адал көңілі, санаспай, «досым» деп биікке көтеруі Ержанның табиғатымен сәтті үйлесім тапқандай. Алайда театр сахнасында жүргендей жұрттан жарылып, өзін «бөлекше» көрсетуге тырысқан Мұқағали - Азамат ақынның көркем әлемінен бізді алыстата берді. Қарасаз сапары – қаламгердің ауыр дертке бой алдыра бастаған мезгілі. Дегенмен, киіз үй маңындағы Мұқаңның шалт қимылы, ширақ іс әрекеттері ақын жүрегіндегі күйзелісті сезіндіре алмады.
Телехикаяда Нұрғиса Тілендиев пен Мұқағали Мақатаевтың адами-шығармашылық қарым-қатынастары да көрініс тапқан. Өзін аға тұтқан бауырын көрнекті композитор «Мұқаш» деп еркелетіп, бауырына басқаны мәлім. Қос тұлғаның тандемінен «Сарыжайлау», «Сөнбейді әже, шырағың», «Сәлем берем Жетісуға», «Мен сені іздеймін» атты ғажап туындылар туды. Талантты талант іздеп тауып, танып, бір-бірін толықтырып, шыңдай түскен. Екеуі де мінездің адамы болғандықтан, шамырқанған, найзағайдай шарт ете қалатын сәттері аз болмағаны анық-ты. Алайда Нұрғисаның «Сөнбейді әже, шырағың» әнінің жазылу сәтін «трагедияға» айналдырудың жөні жоқ еді. Иә, талғамы жоғары композитордың өз шығармаларына көңілі толмауы, сын көзімен қарауы дұрыс. Десек те, көңілімдегі керемет әнге лайықты сөз жазылмады деп тым күйгелектеніп, Тілендиевтің томырық мінез танытуын түсінбегеніміз рас. Нұрғисаның мінезін ашып береміз деп телехикаяның мінезін екінші кезекке ысыру үрдісі байқалатындай. Тоқаш Бердияров пен Асқар Сүлейменовтің қаланы түгел шарлап, Мұқағалидың асты-үстіне түсуі, жалынышты күйде жабырқаған мезеттері бізге біртүрлі қисынсыз әсер берді. Мұқағалитанушы Айтақын Әбдіқалдың жазуынша, көбіне композитор мен ақын арасындағы дәнекер тұлға Нұрғали Нүсіпжанов болған. Ал Нұрғиса шаңырағына Мұқағалидың ене салып, әп сәтте сүйкектете мәтін жазып, оны сазгердің сөзге келмей қабылдай салуы сценарист пен режиссердің шығармашылық процесс туралы түсінігінің қай шамада екенін байқатады. Әннің жазылу мезетін көрерменді ынтықтыра түсетіндей етіп жонып шығару қажет еді.
Даңқты Нұрғисамен ара-қатынасындай Мұқағалидың батыр Бауыржанмен де ерекше сыйластықта ғұмыр кешкенін білеміз. Ақеділ бауыры батырға «Қандай сый тартсам екен аға саған, білмеймін, жараспай ма, жараса ма?» деп жыр арнағаны аян. Мұқағалидың басы дауға қалып, Жазушылар одағынан шығып жатқанда араша түскен де ер Баукең. Бұл оқиғалар өмірлік шындықтың желісі ме, әлде көркемдік шындық па, ол жағын тап басып айта алмаймыз. Ұққанымыз – шығармашылық ұжым Момышұлы арқылы Мұқаңның қиын кездердегі қолдаушылары жоқ еместігін айғақтағысы келген. Бұл жағы құптарлық. Айтпай кетуге болмас, бірақ қаһарман Бауыржан сериалда Тоқаш пен Асқар сияқты шапқылап жүретін кейіпкер емес. Жағымпаздануға, жарамсақтануға жаны қас болған деседі бауыржантанушылар. Ер Баукеңнің Мұқағалидың хатын оқып, асханадағы әлдекімге «әй, сен білесің бе бұл Мақатаев» деп доқ көрсетуі еріксіз күлкі шақырады.
Мұқағали Мақатаевтың боямасыз мінезін шынайы өлеңдерінен табамыз. Ақын «Айтарын ашып айтқан абайламай, шіркін-ай Махамбеттер, Абайлар-ай» деп өзі кешкен кер заманға кіжініп өтті. Абайды, Мағжанды, Қасымды пір тұтты. Жарты жаңқасы қалғанша қолдап, қорғап өтті. Жасынның отын емген шайыр «өлсем өлем, сірә мен намысымнан» деп бекер жазбағаны анық. Содан да болар, қарағайға қарсы біткен қайраткер ақынның соңына «үш әріп» түскені белгілі.
Ақын Қадыр Мырза Әлі «Иірім» кітабында Мұқағали бұл туралы бір шындықтың бетін ашқан. «... Енді ақын ағаның өз аузынан естіген бір әңгімеге тоқталайын-Бір күні мені КГБ-ға шақырды. Қаракөлеңке бөлмеде қазақ майор отыр. Шынымды айтсам, өмірімде бірінші рет қорықтым.-Иә, не қызмет істейсіз? – деді.-Қызметім жоқ, боспын, – дедім.-Дұрыс екен, – деп майор бетіме тесірейе қарады. Бұдан соң магнитофонның тетігін басты. «Алматы – сайтан қала, сайқал қала, Бар мұнда Балқаштан да, Байқалдан да» деп саңқылдап тұрмын.-Қалай қарайсыз, мына өлең сіздікі ме?-Иә, менікі.-Сіздің бұл өлеңіңізді Түркияның радиосы берді. Оны қашан жаздырып жүрсіз?-Білмеймін… – дедім. Майор ендігі әңгімеден түк шықпайтынын сезді.– Бара беріңіз. Бірақ абайлағаныңыз жөн, – деді. Осыны айтып болып Мұқағали аға үнсіз күрсінді» дейді. Бұл жағдайды сана безбенінен өткізсек, мынаны байқаймыз. Мұқағали тотолитарлық жүйенің темір бұғауына көнгісі келмеді. Ал телехикаяда қаламгер ойға барса да, қырға барса да КГБ қызметкерлері қыр-соңынан қалмайды. Туындыдағы драматизмді күшейту үшін алынды демесеңіз, ақын өмір бойы «үш әріптің» құқайын көрмеген.
Сериалдың көркін ашып, заман лебін сездіретін бөлігі – қонымды костюмдер мен жарасымды декорация. Мұқағалидың киімі сонау 70-ші жылдарға жетелеп алып кететіндей болса деп күткенбіз. Әсіресе қайраткердің туған жеріндегі заманауи ақ көйлек, қара шалбар, кеудешемен жүретін кезі көзге оғаш көрінеді. Кинотанушы Дана Әмірбек те декорациядағы кемшіліктерді байқапты. «Киіз үйдің түбі топырақпен көміліп тұрады. Қарасаз эпизодында оны тек декорация үшін алып келгені көрініп тұр. Тура мерекедегідей. Кинотуындыны шынайы етіп көрсететін осындай шағын детальдар. Өкінішке қарай, бұл талаптар сақталмаған. Мұндай олқылықтар орын алмас үшін шығармашылық құрамда арнайы редактор, кинотанушы мамандар болуы қажет» дейді.
Тізе берсек, «әттеген-айлар» жетерлік. Мысалы, 3-ші бөлім басталғанда ақын өлеңін актер қате оқып тұр. «Ақындар бар амалсыз бұғып кеткен» деп ағаттыққа жол береді. Дұрысы - «Оңашада ойларын тыным еткен,
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.
Ақындар бар амалсыз бұғып өткен,
Ақындар бар ішінен тынып өткен», болуы керек еді. Редакторлық жұмыстың жоқтығын осыдан-ақ байқай беріңіз.
Телехикаяның көрігін қыздырып, картинаға жан беретін – сценаристің жұмысы. Сценарий авторы Мұқағали мен Лашын, Бауыржан мен Асулин, Мұқағали мен Еркін арасындағы әңгімеге әр бергендей. Десек те, мұндай жарқын сәттерге көлеңке түсіріп тұрған жағдайлар да аз емес. Диалогтарды ойнатамын деп, сөз қуып, негізгі ойдан ауытқитын көріністер байқалмай қалмайды. «Мұқағалидың езілген бауырынан, ұлы тұлғаның дәуірі артық артық емес пе?», «Бауырларын ойлап жүріп бауыры ауырды», «Албанның ақыны», «туған жердің топырағын терлетіп отырғандарыңыз үшін рахмет!» деген тіркестер орнын тауып тұрмағандай.
Қорыта келгенде қалам иелеріне деген қоғам көзқарасын өзгертетін уақыт жетті. Ақын-жазушылар өз заманының барометрі. Еліміздің бодандықтың тар құрсауынан шығып, азат күнге жеткені де тікелей зиялы қауымның арқасы. Ендеше, шығармашылық адамдарына кең ауқымда қарау уақыт қажет етіп отырған талап. Кинотанушы Дана Әмірбек «Бұл телехикая болған соң, оған мемлекет қаржы бөлген соң Мұқағалидың бүкіл өмірін көрсетуі керек еді. Ақын бірден қалыптаспайды. Мұқағали қалай шыңдалып, қалыптасты. Мұқағали қалай қайраткер ақынға айналды? Бізге соны көру маңызды еді» дейді. Мұқағалиды Жазушылар одағынан қудалап, соңына «үш әріптің» шырақ алып түсуі сынды жаттанды сюжеттерден ажырайтын сәт әлдеқашан келді. Айбарлы ақынды күйрек-боркемік етіп көрсетуден ұтылмасақ, ұтпайтынымызды ұмытпайық. Бізге тентек, алып-ұшпа емес, интеллектуал, қоғамды оң өзгеріске бастайтын қайраткер Мұқағали керек.