Ермек Қанықейұлы: Айтылмаған әңгіме

Әкей зейнетке шыққан соң немерелердің ермегіне айналды. Бала дегеніміз – сұрақ қоюдан жалықпайды ғой. Қанша немерең болса, сонша сұрақ туады.

  • 01.04.2023

«Неге, негелеп» тістері кетиіп, тергеп кеп бергенде, әкейдің кейде амалы таусылып, отырып қалады. «Бұларға қалай түсіндірсем екен» деп оларға лайықты тілмен айтуға сөз таппай қалатын кездері аз емес. Әйтпесе, оның білетіні жасынан да көп. Қысқарта айтсақ, шал тығырыққа тірелген күн еді. Оқиға төртінші сыныпта оқитын немересі Кәусардың виньеткаға түсіп, оны алып келгенде болды. Атасы зейнатақысын немересінің осы қуанышына аямай жұмсаған болатын. Енді ше, «өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» дейтін сөз бар ғой қазақта. Ол осы тәмсілді бір кісідей орындап келеді.

– Па, па! – деп тамсанып отыр атасы немересінің әртүрлі көріністе түскен суреттерін тамашалап. – Біздің кезімізде мұндай болмаған. Мынау керемет! Кітап та бұлай жасалмайды.

– Ата, сіздің фотоальбомыңыз қайда? – деп Кәусар жауап күтіп, қарап отыр.

– Менде фотоальбом емес, мынадай виньетка да болған жоқ.

– Неге?

– Ол ұзақ әңгіме, балам!

         – Сонда мектепке бармағансыз ба, ата?!

         – Барғам, сен сияқты титімдей кезімде.

         – Сіз кішкентай бала болдыңыз ба?

         – Әрине, қалқам!

         – Көргім келеді ата кішкентай бала кезіңізді? – деп немересі қуанып кетті.

         – Қарғам, ол мүмкін емес!

         – Неге?

         – Менің сендей кезімді көрген адамдар қазір жоқ.

         – Суретіңіз бар ма?

         – Ол да жоқ!

         – Менің папам көрген бе?

         – Ол да көрген жоқ!

         – Сонда кім көрген?

         – Менің әке мен шешем көрген!

         – Олар қайда?

         – Көгершін боп көкке ұшып кеткен!

         – Түсінбедім, ата?

         – Үлкен болғанда ұғасың, томпағым менің!

         – Сіз сияқты кезімде ме?

         – Әлбетте!

         – Алақай, сіз сияқты болам, ата!

         – Әумин!

Әкей ойға қалды. Естен шығып кеткен балалық шағының естелігі немересімен әңгімелескен сол күннен кейін көз алдына елестеп, мазалай бастады. Естелік – айтылмаса несі естелік?!

Өзінің өткен шағы жайында көп сөйлемейтін әкейдің сол күні ағыл-тегіл ақтарылғанын көргенде, көңіліме күдік кірген еді. Бірақ, мен ойлағандай ештеңе болған жоқ. Көп жасап қоймай, көпті көргенін, енді міне, араға ондаған жылдарды салып, балаларыма айтып отырмын.

Қызым Кәусардың ұлын, тұңғыш немеремді қолыма ұстап отырған кезде қуаныштан ба, әлде сөзшеңдігім ұстады ма, ол жағын айта алмаймын, әкей айтқан сол әңгіменің шып-шырғасын шығармай баяндап бердім. Немерелер мен жиендерім өскенде сұрап жүрмесін деп.  

...Ұлым сен маған немерелерімнен гөрі біртабан жақынсың – деп бастап еді әкей әңгімесін. – Заманыма байланысты айтып отырмын. Бәлкім, кезі келсе мен айта алмаған сөзімді сен жеткізерсің. Мен де мекетепке барғам. Сегіз кластық білімім бар. Бірақ, оны дәлелдейтін құжатым жоқ. Бір суретім бар еді (кейінгі қаптаған қалың суреттен оның орны басқа болатын дегенін жақшаға алып айтамын). Соның жайын саған айтып бергім келеді. Тыңдаймын дегеніңе қуанып отырмын. Әйтпесе, кәрі шөңгенің қайдағы бір қырық жылғы қыртыңбайы кімге керек деп ойлағаным рас.

Әлқисса, алпысыншы жылдардың басы еді. Бірінші класқа мен өзі сегіз жасымда бардым. Шал мен кемпірдің тұңғыш немересі болғандықтан, тай кезінде енесін еметін «құлын» сияқты асыра сілтеген болуым керек. Кластағы үлкенімін, сондықтан бойым олардан бір мысқал биіктеу болды. Ақылым анау айтқандай алып бара жатқан жоқ, оны үй тапсырмасын орындауда, тақтаға шығуда сезіп жүрдім. Жастары кіші бола тұра кластастарымның кейбірі есептерге менен әлдеқайда жүйірік екенін де мойындап қойғам. Қара үзіп арта қалмай, орташа оқушы болғаным шындық.

Үшінші класты бітіретін жылы мектепке фотограф келеді деген әңгіме шықты. Ол кезде фотограф дегеніңіз – айға ұшатын адаммен пара-пар болатын. Класс жетекшіміз Мүкей деген әйел адам еді. Күйеуі жоқ екенін ол кезде білмейтінбіз, кейін естідік қой, білетініміз – ақсақ адам еді. Қаталдығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тәртіп бұзған оқушыларды тақтаға шығарып қойып, ақсаңдай басып жанына келеді, сосын байқатпай бастарын біріне-бірін соғып жіберетін. Сол кезде көзіңнен жұлдыз ұшады. Біздің кезімізде мұғалімнің ұрғанын әке-шешеге айту – құлдыраудың шарықтау шегі сияқты болатын. Алда-жалда айтып қалғандар болды, бірақ мұғалімнен таяқ жеу – жәбірленуге жатпайтын. Ол уақта мұғалімдердің беделі коммунистік көсемдерден бір де кем емес еді, оларға тіл тигізу былай тұрсын, ондай ойға келудің өзіне жол берілмейтін. Бір сөзбен айтқанда, шағымдансаң, тағы да таяқ жейсің, ата-анаңнан. Менің балалық шағымда тәрбие дегеніңіз – сойып салу болатын. Укаскамен саусақты партаға қойып тұрып, перетін ұстаздарымыз да болды. Одан мүгедек болып қалған жоқпын, көріп отырсың, қайта шынықтым деп айта алам. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды». Бұл өмір тәжірибесі дәлелдеген ақиқат. Қазір олай емес, бұған өкінбеймін, деспотизм әр кезде әртүрлі болады, сол ғана ақиқат.  

Сөйтіп, Мүкей мұғалім бірімізге қатаң тапсырма берді. Класпен топ болып суретке түсу құны – бір сом. Мұғалімнің айтқаны бізге ғана емес, әке-шешемізге де заң, бір сомды алақанымызға салып ап, оның алдында қалтырап тұрдық. Тор көз дәптердің бір бетінде аты-жөніміз жазылып, қасына бір деген цифр қойылды, сөйтіп фотоға түсу мәртебесіне ие болдық.

Сөйтсек, класымыздағы Балдырған деген қыздың тізімге енбей қалғанын кейін білдік. Анасы қайтыс болып, тағдыр тауқыметін ерте тартқандықтан ба, әлде жаратылысы солай ма, тұйықтау, саяқ жүретінін білетінбіз. Әлде әкесінен ақша сұрауға бір себептер кедергі болды ма деймін, оны осы күнге дейін біле алмаймын, анық болған жайт – Мүкей мұғалім оны дәптеріне кіргізбепті. Санда жоқ адам санатта да жоқ, фотограф бізді үш қатарға тұрғызып, топпен суретке тартпақ болғанда, жалғыз өзі бұрышта тұрған Балдырғанға назар аударды. Фотограф – мұғалім емес екен. Мұғалима бір сомы үшін қатардан шығарып салған баланы, ол қатарға тұрғызды, өйткені объективке бір бала да, жүз бала да сияды екен ғой! Ал ақша басқа мәселе, онымен айналысатын мекемелер бар. Фотограф ол кезде қанша бала суретке түсті деп емес, қанша сурет мектепке жіберілуі керек екеніне ғана жауапты болатын. Өйткені, ол айлыққа жұмыс істейтін, ал қазір қалай, оны білмеймін. Почтамен конвертке салып жөнелтілетін топтық суреттердің санында оны алатын және алмайтын балалар болатынында фотографтың жұмысы жоқ, ол мұғалім айналысатын шаруа.

Содан арада ай өткенде суреттеріміз келді. Бәріміз шулап жатырмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Өзіңді суреттен көру бір қызық екен. Бір-бірімізді мазақтап жүрміз, себебі әркім әрқалай түсіп қалыппыз. Біреуге суреттегі бейнесі ұнаған болуы керек, ал біреуге... сол үшін жойып жіберген сияқты. Кейін осы бір топ болып түскен суретіміз кластастардың көбісінде сақталмағанын білдім. Өзімде де жоқ. Себебін айқым келгендіктен, әңгімені ұзартып жібердім, тағы да тоқ етерін айтсам, суреттерді алып мәз-майрам болып жүргенде байқамаппыз, бір кезде Балдырғанның жалғыз отырғанын көріп қалдым. Мүкей мұғалім атымызды атап тұрып, суреттермізді жеке-жеке табыстаған сәтте, оның аты аталмағанын естімеппіз. Ес жиып, етек жинаған соң оның біздің суреттерімізге қызыға қарағаны есімде. Содан үлкен ақыл-парасат жұмсамай-ақ, оған өзімнің суретімді бергенімді білемін. Ол аң-таң болып, суретті кеудесіне басып, тұрып қалғаны ғана көз алдымда. Сөйтіп, балалық шағымның жалғыз куәсін біреуге бере салғанымның азабын тартып келемін. Мен бала болғанымды өзім де білмеймін, сен емес. Адамның жасы келгенде, жастық шағының естелігімен өмір сүретінінін кім білген. Жым-жылас, бейне бір өмір сүрмегендей өмір сүріп жатқаннан асқан азап жоқ екен. Зарымды кімге айтамын! Қайта сен тыңдап отырсың, рахмет балам!

Енді соңғы сөзімді тыңда, ұлым! Бірде Солтүстік Қазақстанға қонаққа бардым. Шығыстан шыққан күн сияқты бәріміз де батысқа барып баттық. Әркім әр тарапта өмір кешіп жатыр. Ауданымыз Алматының маңайына кетіппіз. Ауылда ешкім қалмапты. Ал Балдырған Павлодар жақта тұрады екен. Тұрмысқа шыққан жағы сол өлке болса керек, бала-шаға, ағайын-туыстары айналасында, бақытты адам болыпты. Сондағы бір тойда кездесіп қалдық.

– Қаныбек саған алғысым шексіз, мені сақтап қалған сенсің! – деп өзім шамалас әйелдің жік-жапар болып жатқанынына бастабында түсінбедім. Шырамытып тұрмын, бірақ есіме түссеші. Содан ұятта болса айтайын, «сен кімсің?» деп төбесінен қойып қалдым. Ол – Балдырған болып шықты. Есімін қиналып айтты, қазір мені «Бал шешей» дейді деп қояды.  

– Жаман емес! – дедім мен оған. – Не үшін алғыс айтасың? – десем, – Сурет үшін! – дейді.

– Ал мен сол класс боп түскен жалғыз суретімді саған беріп, балалық шағымды жоғалтып алғаныма сенің айтқан алғысың енді шипа бола ма? – дедім.

– Мен сол сурет арқылы сені есімде сақтап қалдым ғой! – дейді ол жылап отырып.

– Бұның рас, келісемін, сені де жадымда сақтап қалдым! – деймін мен де өткен шақты есіме түсіріп. – Ол әлі де сенде сақталған ба?

– Ол сурет мен тірі тұрғанда ешқашан жоғалуға тиіс емес!

– Онда ол сенде болсын! Маған керек кезі болған, бірақ ол өтіп кеткен. Ауыр естеліктің кәрі жүрекке пайдасы жоқ! 

– Осы ғой өмір деген, кім есте қалса, ол жайында міндетті түрде естелік айтылады! – дейміз бір-бірімізді сұп-суық қарттық алақанымызбен аялай, ұстап отырып. Бұл алақанда жылулық жоқ шығар, бірақ балалық ыстық ықыластың табы бар еді. Содан соң, тірі тұрғанда, жастықта да, кәрілікте де суымайтын ыстық жас екеуіміздің де көзімізден тамшылап кетті. Бұл біздің мәңгілік емес екенімізді сездірген көз жасы болуы керек, бір білерім – біз бір-бірімізді жақсы көргенімізді сездік, оны осы шын жасымыз білдіріп еді. Осынша уақыт екеуімізді байланыстырып келген сол бір суретті есімізге алған сәтте бақыт деген осы екенін, әлі де осы сыйластықтың бақытына сызат түсірмей өмір сүретінімізді ұқтық! – деп әкей әңгімесін аяқтаған болатын.

Жалғастың әңгімесін түсінген жалғыз адам болды. Ол жылап отырды. Бұл – Кәусар еді.

Ханкей Ермек Қаныкейұлы,

«Қыр әңгімелері» топтамасынан.

05.03.2023 жж.