Креативті индустрия. Жаңашыл жастар отандық экономиканы дамытады
Президент әсіресе жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолданысқа енгізу керектігін баса айтты
Кейінгі 5 жыл көлемінде отандық креативті индустриясы саласын жаңа мамандықтар үлесі толықтыра түсті. Олардың қатарында әсіресе инфлюенсер, саунд-продюсер, маркетинг, IT, дизайнер сынды мамандар жиі төбе көрсете бастады. Елорда тұрғыны Санжар Бәзілжанұлы қоғаммен байланыс және networking саласында жүйелі жұмыс істеп жүр. Ол бес-алты жылдан бері өзінің жүргізетін блогында азаматтарға қажетті кеңестерін, жиған тәжірибесін үйретеді. «Мәселен, қаламыздағы кез-келген маман жұмыс іздестіріп жатқан болса, мен көмек көрсете аламын. Өзінің бағытына орай жұмыс істеп кетуіне қол ұшымды созамын. Инфлюенсер жаңа дағдыларды үйретіп, белгілі бір кәсіптің сатылымын арттыруға оң ықпал етеді»,-дейді ол. Мұндай қызметкерлер көбіне әлеуметтік желілерді тиімді қолданып, жарнамамен жұмыс істейтіні белгілі. Алайда, оларды блогерлермен әсте шатастыруға болмайды дейді пиар мамандығында жүрген Дина Оразова.
Креативті контент арқылы қазақ мәдениетін кеңінен дәріптеп жүрген азаматтар көп. Олар шығарылған өнімді сатып, пайда тауып жатыр. Былтыр 285 мың азамат креативті индустрия саласында еңбек етеді деген дерек шыққан. Яғни бұл дегеніміз шамамен халықтың 3 процентін құрайды. Аталған көрсеткішті арттыру үшін алда атқарылар шаруа аз емес.
Белгілі продюсер Ерболат Беделханның айтуынша, соңғы екі жылда жасанды интеллект көңіл толарлықтай дамып келеді. Осыған орай жасанды интелелктіні креативті экономикаға қосуға болады. Ал креативтілік тұрғысынан оны адам жасайтыны белгілі. Себебі, бізге де, жаһанға да қайталанбайтын, тың дүние керек. Сол себепті бұл мәселені әлем талқылап жатыр.
«Бұл өзіміздің айдентиканы қайтару. Заманауи нәрсеге адаптация жүргізу. Біз ұлттық десек, ескілікті шиырлап кетіп қала береміз. Сондықтан мұны эволюциялық дүние ретінде қарастыру қажет. Сәнге келгенде эволюция жүру керек. Әр дүние қозғалыстан тұрады. Сондықтан, біздің мәдениетіміздің дамымай қалу себебі – қозғалыстың аздығы»,-деген пікірде Е.Беделхан.
Креативті индустрияны дамытудың тағы бір жолы – мультимедиа. Видеограф Абылай Қайыржан табиғаты әсем жерлеріміз туралы 15 секундтық роликтер түсіреді. Осылайша отандық туризмді насихаттап жүр. Бұдан бөлек, ол шетелдік танымал әртістерге бейнебаян түсіреді.
«Аталмыш сала арқылы біз экономикамызға қандай пайда келтіре аламыз? Мысалы туризмді дамыту үшін мультимедиаға назар аударуға тиіспіз. Туризм солай дамиды. Бүкіл мемлекетке, көрікті жерлерімізді видеоконтент көмегімен әсем күйінде көрсетіп жатырымыз. Мұндай материалдар кем дегенде 20 млн қаралым жинайды. Әлемнің қиян түкпірінен азаматтар қызыға қарайды. Қазақстанның көз тоймас шоғырлы жерлеріне таңғалады», - деп пікір білдіреді видеограф Абылай Қайыржан.
Екпін түсіре айта кетуге тиістіміз, былтыр креативті индустрияны дамытатын 43 қызмет түрі ұсынылған еді. Ол кино, театр, телевизия, өнер, дизайн, айти сынды салаларды қамтиды. Сонымен қоса, елімізде цифрландыру жүйесі де қарқын алып келеді. Президент әсіресе жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолданысқа енгізу керектігін баса айтты. Иә, озық технологияны игерген жастар көп деуге болады. Олардың қатарында Бақдәулет Бекжанов та бар. Дизайнер Алаш зиялыларының портреттік бейнесін теңдессіз технологияның көмегімен өңдеп, түрлендіріп шыққан. Бекжановтың айтуы бойынша, ол шығармашылық тобымен Алаш зиялыларының ескі суреттеріне заманауи нақыш беріп, көлемін үлкейтіп, түрлі түсті портретке айналдырған. Себебі, ол суреттердің барлығы өңдеуді талап етеді. «Қазір бұл технологиялар жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Сондықтан, ең бірінші болып бұл технологияларды үйренетін азаматтар керек. Креативті контенттің көбеюіне күш салуға тиіспіз. Атап айтқанда, анимацияда, суреттер жасауда, мәтіндерді қалыптастыру ісі отандық экономикаға оң әсер етеді»,-дейді шебер.
Бірнеше жыл саунд-продюсер болып еңбек ететін Тимур Орманқұлов игілікке бастар идеяларды халық қажетіне жұмсау жолында мүмкіндік беріп отырған креативті индустрияға шама келгенше қызмет жасауды мұрат тұтады. Ізденімпаз жігіт дербес дыбыс жазу студияларын ашқан. «Музыка жазумен айналысамын. Маған көп әншілер келеді.Күніне 10-15 адамды дәл осы студияда қабылдаймын. Жазған авторлық әуендерімді, ремикстерімді тик ток, инстаграм желілеріне салып, көпшілік назарына ұсынып отырамын. Қазіргі таңда шет мемлекеттерден екі ауқымды жобаны тапсырысқа алдым. Бұған дейін Біріккен Ұлттар ұйымының шеңберінде шыққан табиғат туралы музыканы әзірледік. Келесі жобаларымды, атап айтқанда саундтректерімдіәлемдегі айтулы компания нетфликске дайындаудамын. Көптеген сериалдардарға музыкалық өңдеу жұмыстарын жүргіземін»,-дейді Т.Оспанқұлов.
Айта кетейік, еліміздің жастары арасында кең танылған саунд-продюсер атақты Грэмми сыйлығын алған жерлесіміз Иманбек Зейкеновпен тығыз шығармашылық байланыста. Есіңізде болса, отандасымыз Иманбек көлік жүргізушілеріне жол бағдарын көрсететін 400-ден астам сөз тіркесін өз даусымен жазған еді. Ол өз жобасын елордадағы Тимурдың студиясында таспаға түсірген, өңдеп, халыққа ұсынған.
Жас мамандардың пікірінше, Қазақстан экономикасының қазынасын толтырып отырған жаңа салаға деген мемлекеттің қолдауы ерекше. Биылғы жыл да қиялы ұшқыр, қолы шебер, санасы ояу жас буын үшін ақжолтай жаңалықтармен басталғаны баршаға белгілі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының байыпты бастамасы негізінде Үкімет қоғамның дамуына жол ашатын қаулы бекітті. Атап айтарлық жағымды жаңалықтың бірі – қолынан іс келетін талантты азаматтарға салық пайызын барынша жеңілдету. Осының нәтижесінде шығармашылық қабілеті бар сала мамандары қосылған құн, жеке табыс, корпоративтік түсім салықтарын төлеуге міндеттелмейтін болды. Бұл, өз кезегінде елдің бюджетіне кіріс әкеліп, креативті ойлайтын, жұмысын жүзеге асыратын озық ойлы лектің қалыптасуына оң әсер-ықпалын тигізуде.
Жыл басында сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен кездесу жасап, елдегі ағарту саласының бірқатар проблемасын безбендеген болатын. Сол басқосу шеңберінде олар креативті индустрияның мүмкіндіктерін сарқа пайдалану жайын да қозғаған-ды. Айталық қазақ тілін өрістету үшін оны қазіргізаманға ыңғайлап, тың технологияларға бейімдеуге күш салу қажеттігін аңғартты.
Сенатор Нұртөре Байтілесұлы Мемлекет басшысының пәрменімен индустрияның осы түрін жаңаша дамытуға баса мән берілгенін тілге тиек етті. Айталық,бір топ депутат «Тіл-Қазына» орталығының өкілдерімен креативті индустрияның болашағын саралап көрген. Қысқаша айтқанда ана тілімізді жасанды интеллектке сәйкестендіріп, осы арқылыоныоңтайлы тәсілдерге ие арта отырып оқытужайы қаузалған еді. Бұл бағыт аясында халық қалаулысы тез арада тиісті заңнама жасақтап шығу мәселесін тағы бір мәрте көтерді. Бас педагог С.Нұрбек тіл саясатына екпін берудің мол мүмкіндік сыйлайтынын жеткізіп, өзекті жайтқа орай қажеттізаңнама құжаттарын реттеуге, ілгерілетуге арналып отырған жұмыстар жайлы баяндаған болатын.
Селдей тасқындаған уақыт ағымы, креативті жастардың үлкен бір шоғырының пайда болуы елімізде осы бағытта жұмыс істеуге қауқарлы ірі құрылымдар мен орталықтардың құрылуын талап еткені анық. Бұл ретте қарқынды жұмыстар басталып та кеткені мәлім. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ішінен арнайы креативті индустрияға бағытталған департамент жасақталып, кешенді жоспарларын жүзеге асыруда. Атап айтқанда департамент осы іргелі саладағы мемлекетіміздің саясатын жүргізумен айналысады. Сонымен қатар, индустрияның жаңа бағыты негізінде дамуды жеделдететін стратегия түзеді және орындаумен шұғылданады. Ведомство басшысы Аида Ғалымқызының сөзінше, қазіргі кезде 2 бағытты қамтитын жұмыстар іске асырылу үстінде. Алғашқысы ұйымдастыру функциясына жауапты болса, екінші кезекте заңнамалық жағынан қоғамның сұранысын өтемек. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жұмыстарды жүзеге асыру үшін институционалдық орта құрудың маңызы алабөтен. Осы мақсатта креативті индустриялар департаментінің бастамасымен өңірлерде 15 хаб ашылған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Креативті индустриалар департаментінің бас сарапшысы Ұлжан Жамалбекованың пікіріне сүйенсек, ведомство креативті индустрияға кең тыныс беру жолында кешенді жұмыстар атқаруда.
«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрия бойынша түзетулер енгізілуде. Заң жобасы әзірленіп қазіргі уақытта үкімет апаратына енгізілді. «Қазпочта» акционерлік қоғамымен бірлесіп іс-шаралар жетілдірілді. Әр өңірде кезең-кезеңімен креатвиті хабтар ашылады. Ең біріншісі Павлодар облысы Ақсу қаласында және Қызылорда қаласының Шиелі ауданында құрылатын болады. Олар «Қазпочта» бөлімшелерінің алаңында жұмысын бастамақ. Одан бөлек, креативті хаб корпоративті ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Шығармашылық субьектілерін қолдауға бірқатар мүмкіндік берілген. Оның бір мысалы - жоғарыда арнайы тоқталған салық мөлшерін азайту. Яғни жеке кәсіпкерлерге 2%-дан 4%-ға, заңды тұлғаларға 8%-ға дейін жеңілдік қарастырылып отыр. Ендігі кезек таланттарды іздеп, табу, инфрақұрылымды дамыту дейді мамандар. Жоспарлы жұмыстар ретімен жалғасын таба бермек.
Фото: Ашық дереккөздерден.
7 782