Өнертанушы:  Мәдениет Ешекеевтің өліміне жұмыстан шығарылуы себеп болды

«Заңға қайшы келесіз деп жұмыстан шығарып тастады», деді.

Олжас Қасым

  • 08.08.2022

Биыл – қазақтың өнер саңлағы, көрнекті дәстүрлі әнші Мәдениет Ешекеевтің туғанына 86 жыл толып отыр.  Дәл осы тамыз айында ән дүлдүлі өмірден өткен.  Мәдениет Ешекеев Арқаның ән мектебіндегі Әміре, Манарбек Ержанов, Қали Байжанов сынды тұлғалардан кейінгі қуатты әнші еді. Мәдениеттің  өзі де мектеп қалыптастырған тұлға. Оның шәкірттері  санатында Тұрсынғазы Рахимов, Толғанбай Сембаев, Еркін Шүкіман сынды әншілер бар.  «Жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» дегендей көзі тірісінде әншіні өз деңгейінде ардақтай алмадық. Шығармашылық адамының қалыптасу жолы, ортасы, жеке өмірі, ғұмырының соңғы жылдары туралы байыпты әңгіме айтатын адамдар қазір некен-саяқ. Мәдениет Ешекеевтің қасында жүріп, есті сөздерін көкейіне түйген, қуанышты һәм мұңды сәттеріне қатар куә болған, жанашыр інілерінің бірі– мәдениеттанушы, журналист Қадырбек Кәкімұлына жолығып, аз-кем әңгімеге тартқан едік.

Қадірбек аға, Мәдениет Ешекеевтің қасында 8 жыл жүрген екенсіз. Ағамыз Сізді туған бауырындай көріп, жанына жақын тартыпты деседі. Таныстықтарыңыз қалай басталып еді?

1976 жыл. Крупская атындағы Семей педагогикалық институтында оқитын кезім.  Бірінші курс студентімін. Бір кештен шығып Семейдегі орталық демалыс паркінде келе жатыр едім милиция ұстап алды. Қыр соңыма түсіп, белгілі бір жағдайларға орай институттағы оқуымнан шығып қалдым. Бір жұмадан кейін екінші семестрді жабуым керек болатын. Қиын жағдайға түстім. Сол кезде  ара түскен екі адам болды. Бірі – абайтанушы Қайым Мұхамедханұлы, екіншісі – кураторым Арап Еспенбетов. Кеңестік уақыт, милиция ештеңеге қарамай, оқудан аластатты. Содан Қайым ақсақал шақырып, «сен институтта жүргізушілік қабілетіңмен танылдың. Сондықтан,  сені филармонияға орналастырайын», деді.  Расында, көркемсөзді нақышына келтіріп оқитынмын. Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын», Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын, жер енді» поэмаларын жатқа оқып жүрдім.

Ештеңені бажайлап түсінбейтін кез,  Қайым ағадан «филармония деген не?» деп сұрадым. «Ой, ол бір керемет жер, сен барсаң дайын жүргізуші боласың», деп дем беріп қойды. «Сені оқудан шығармай алып қала алмадым» деп те ыңғайсызданып қалғаны рас.  Содан жетелеп филармонияға алып келді. Сол кездегі обл исполкомның бастығы белгілі тұлға Екейбай Қашағановтың әйелі Мархаба Керімқұлова деген кісі екен. Қабылдауына кірдік. Қайым ақсақал: «Мына баланы өзіңе алып келдім. Осыны жүргізушілікке ал. Жанып тұрған жігіт»,деп көтере мақтап,   жағдайымды түсіндіріп айтты. 

1976 жылы 27 мамыр күні филармонияға бардым. Мархабат апамыз Мәдениетке алып барды. Әншінің  алдына барып жайғастым. Маған қарады да ол бірден, «Әй болмайды» деді. «Неге болмайды?»,деп сұрап жатыр Керімқұлова. «Бұл сықақ оқымайды екен»,деді Мәдениет. «Бір күлдіргі туынды  оқу керек пе еді?!». Аз-кем ойланып қалдым. Сөйтсек, Мәдениет ағамыздың сөзінің ләмі осындай  екен. Мархаба апайымыз «жоқ, бұл бала алып кетеді» деп қолдап, болыса кетті. Ақыры Ешекеев мені жұмысқа қабылдайтын болды. Сол жылы 1-маусым күні облыстық филармонияға кірдім. Содан бас алмай қарашаға дейін жұмыс істедім. Бір айдан кейін-ақ  бір-бірімізге қатты үйренісіп кеттік. Мені «Қыдырбек» деп атап, қасынан бір елі қалдырмады. Қараша айы еді. Дәл сол уақытқа Кәукен Кенжетаевтың концерті жоспарланып тұрған. Осы кешке жүргізуші болайын деп тұрған жерімнен әскерге алып кетті. Әскерден 1978 жылы келдім. Келген соң Ешекеев мені қайтадан жұмысқа алды. Сол 78-дің маусым айынан бастап 1983 жылға дейін Мәдениет ағамның қасында болдым.

Іссапарда көп жүрген шығарсыздар?

Мәдениет Ешекеевжиі іссапарға шығатын. Қасынан бір елі қалмай мен жүремін.  Бір іссапарға кетсе 4-5 ай елге оралмайтын әдеті. Сол кеткеннен  Қарағанды, Жезқазғанды айналып бірақ келеді. Маусымдық киімдерінің бәрін жолда алатынбыз. Табысы да қойған концертіне байланысты берілетін еді. Ағамыз қатал болды. Жігіт болып желкілдеп тұрған кезімде қызға жібермейтін, ішімдік ішкізбейтін. Арасында КелденбайӨлмесеков «Мәдениет, жібер баланы», деп жаны ашып қолпаштап тұратын. Мәдениет ағаның олай істейтін себебі,  өнер үшін қылтың-сылтыңды көтермейтін. Жолда кетіп бара жатқанда ақшамыз жетпей қалса жолшыбай  киімімізді алып беретін. Бедел, абырой деген жетеді. Қоймаға апарады, не алғымыз келеді, соны алып шығатынбыз.  Әншінің  соңына ерген сегіз жылдың ішінде Ешекеевтің қандай адам екенін терең тани түстім.

БІР КҮНДЕ ОТЫЗ ӘН АЙТАТЫН

Әншінің ешкімге ұқсамайтын қасиеті қандай еді? Жан-дүниесіне тереңірек үңілген боларсыз? 

Мәдениеттің өнерде өзгелерге  ұқсамайтын дара  қасиеті бар еді. Сіз өтірік деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ, көзіммен көргенімді айтайын. Қазіргі дәстүрлі әншілер бір күнде 30 ән айта алмайды. Ал Ешекеев бір тәулікте шаршамай, шалдықпай отыз әнді еркін салатын. Жаздыгүні ән сапарына шығамыз. Бұрындары комсомол жастар бригадасы деген болатын. Бригада көрермені ретінде 20-25 адам жиналатын. Біз шақырту бойынша сонда ат басын бұрамыз. Ағамыз таңертең сағат оннан бастап жастар арасына кіріп ән салады. Репертуарындатаңдаулы деген  15 ән болса,түске дейін соның бәрін айтып шығатын.  Мәдениет ән сапарына шыққанда Семейдің әндері бір бөлек, Көкшетаудың репертуары бөлек, батыста орындайтын туындылары бір басқа болатын. Халық қошемет көрсетіп, кең тынысты әншіні ұйып тыңдайтын. Концерттің ақшасы да лезде төленеді. Жоспар бойынша күніне 3 концерт қоятынбыз. Сағат таңғы 10-да, түскі 14:00-де, содан кейін 16:00-де. Бір концертте 15 ән орындалады. Ал әншінің тамағы бір құрғамайды.  Қыстыкүні 1-2 концерттен береді. Ол уақытта науқаншылдық деген жоқ. Шөпші, қойшы  дегендер шаруасын тиянақтап, үйінде тынығады. Мәдениет аға ала жаздай, қоңыр күзге дейін ән салып, қаңтар айында бірақ демалады. Ақпаннан бастап қайта гастрольге шығады. Көбіне Арқа өңіріне, Қарқаралыға бет түзейміз. Сарыарқаның адамдары  өнер саңлағын төбесіне тұтады, ардақтайды.   Оның нағыз әнші, тума талант  екеніне сол кезде алғаш рет көзім жетті. Қазір кейде дәстүрлі әншілермен келіспей қалатын жағдайлар аз емес. Олар «мен де бір күнде отыз ән айта аламын» деп мақтанады. «Ал сен 30-40 әнді үш ай бойы тынбастан айтып көр»деймін. Мәселе сонда.  Ағамыздың әншілік дарынының ғажаптығы осында.

Мәдениет Ешекеев әнге шебер болумен қатар, сөзге шешен адам еді. Солай бола тұра емініп көп сөйлей бермейтін. Жан сырын сыртқа жаймай, іште бүркеп ұстайтын. Ұстазы Жүсекең, Жүсіпбек Елебеков те сондай тұйықтау адам болған деседі. 

Мәдениет Ешекеев ұстазы Жүсіпбек Елебековпен бірге 

Жүсекеңді айтып қалдыңыз.  Мәдениеттің талантын таныған алғашқы ұстазы Жүсіпбек Елебеков қой...

Мәдениет 1959 жылы әнші Жүсіпбек Елебековтің алдына барған. Алайда, Жүсекеңнен сегіз-ақ ай оқыпты. Ал негізінде ол өзін Манарбек  Ержановтың шәкіртімін деп есептеген. Манарбектің  стилімен ән айттым деп отыратын-ды. «Манарбекке  барып едім, Жүсекең жақтырмады. Өзіне қарай тартып алды да сегіз ай бойы жанында жүрдім»дейді.  Сегіз ай болғандакетуге қамданып, чемоданымды қаттырақ жауып жатыр едім, «Мәдениет әнің  осымен  бітті ме?»деп айтыпты. Мәкең Жүсекеңнің бетіне жалт қарапты.  Ештеңе демепті. Екі-үш күннен кейін жолығысып өз жөнімен кеткен екен.  

МӘДЕНИЕТ БІР ӘНДІ 4-5 АЙ БОЙЫ ДАЙЫНДАЙТЫН

Даңғайыр әншінің репертуар таңдау ерекшелігі қандай еді?

Мәдениет бір әнді қолға алса оны меңгеру үшін 4-5 ай дайындалатын.  Бәзбіреулер секілді екі жұманың ішінде дайындамайды.  Біз «әй аға, мына әнді жарыққа шығарсаңызшы», деп ара-тұра қозғап қоятынбыз. «Шығарайын деп тұрмын» дейді де шығармайды.  Бір қызығы ол кісі әннің сөзін жаттай алмай көп жүретін. Ақыры әнді әбден бабына келтіріп, пісіріп барып тыңдарманның алдына көлденең тартады. Өзінің айтуы бойынша, репертуарында 300-дей ән болыпты. Олардың ішінде Ақан сері, Біржан сал, үкілі Ыбырай, Садық Керімбаев, Шәмшінің әндеріне дейін болды.  Қазір мен дәстүрлі әншілерден сұрасам «500 – 600 ән білемін», деп өзеурейді.  Өнертанушы ретінде салыстырып көрдім. Осылардың 500-600 ән дегендерінің бір әні Мәдениеттің жалғыз  әніне татымайды.  Оның әндері әйгілі Эрмитаждағы суреттер секілді. Қайталанбайды. Қайтып ол әндерді дәл Мәдениет сияқты айта алмайсыз.

Ешекеевпен бірге еліміздің әрбір елді мекенінде, тауы мен ойында, көлі мен белінде жүрдіңіз. Кімдермен жиі кездесетін еді? Арасында қызық оқиғалардан да кенде болмаған шығарсыз...   

Алматы облысындағы Күрті ауданында іссапармен жүрген кезіміз еді. Бір күні Мәдениет аға «Алматыға барамыз»деді. Қасында жүрген адамдарды сол жерге тастады да мені ертіп алды. Алматы бардық. «Қазір шалдың үйіне барамыз» деді. Шал дегені Жүсіпбек Елебеков екен. Хабиба апамыз екеуі үйінде отырды.  Жеңгеміз шай қойып, «Мәдениет-ау, қуанып жатырмыз. Елге барыпсың. Даңқың асыпты. Енді «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағын неге бермей жүр? Жүсіпбек ұстазың болса ғой, «Мәдениетке неге бермейсіңдер?», деп айқайды салушы еді.  Осылай деп Хабиба Елебекова ішіндегі өкпе-назын ақтарып салды. Жүсекеңнің шаңырағында  жарты сағаттай отырдық.  Одан шығып «Қазақфильм» жақтағы  Жәнібек Кәрменовтің үйіне бардық. «Ой, Мәке жоғары шық, отыр», деп құрақ ұшып жатыр.  «Әй Мәке, сағындым сені»,деді. «Жақсы, жақсы сағынғаның жақсы»,деп Мәдениет ағамыз да қуанышын білдірді. Ешекеев аңғалдау болатын.   Сосын домбырасын ұсынды да  «Мәке, өлең айтшы»,деп қолқа салды. Мәкең лезде-ақ домбыраны қағып жіберіп 7-8 әншырқады.  Күн қапырық, аптап ыстық еді. Алматының ыстығы жан шыдатпайды. Аздап алқынып қалдық. Жолдан келгеніміз бар. Іштей екеуміз «шәй бермей ме екен?» деп отырмыз. Жоқ, ол Мәдениетке 11-12 ән айтқызды. Содан соң Жәнібек «аға, Абайдың әнін айтшы», деп сұрады. Әншілер Абайдың көп әндерін айтадыдағы «Бойы бұлғаң» әнін көп ешкім  нақышына келтіре сала алмайды.  Сол отырыста әнші «Бойы бұлғаңды» шебер орындады.  Өзім қатты таң қалдым.

Әнді тыңдап болып Жәнібек аға «Пах, пах Абай болып неге тумадым екен?»,деп бізге қарады. «Қой, мына отырысымыз болмас», деп екеуміз сыртқа шығып кеттік.  Шәй ішкен жоқпыз. Шыққан соң Мәдениет аға өзінше бұрқылдап, «Өй, атаңа нәлет, Абайдан садаға кет, Абай болам дейді ғой»,деп әжептеуір ренішін білдірді. Ертеңінде таңертең Күртіге қайттық. Осындай бір қызық оқиғалар болатын. Жалпы Мәдениет пен Жәнібек жиі шекісіп қалатын. Бірақ, Кәрменовтің бір қасиеті ағаларының алдына түспейтін. «Мәкең тұрғанда ән айтпаймын» деп айрықша құрмет танытатынын көрдік. Бұл бір дәстүрлі әншілер арасында жоғалып бара жатқан ерекше қасиет. 

Ешекеев Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Садық Кәрімбаев сында Алаштың әйгілі азаматтарымен  дос болған деседі...

1965-75 жылдары Мәдениет Ешекеев «Қазақконцерт» бірлестігінде қызмет еткен. Бұл кезде Мұқағали Қазақ радиосында диктор болып жүреді. Радиоға Шәмші Қалдаяқов ара-тұра әнін апарып тұрады екен. Әнін жаздыртуға Мәдениетті бірге алып барады. Сыйласа келе бұл үшеуі тағдырлас болып кеткен.  Мәдениет сөзге де, іске де жаратылмаған, ән үшін туған адам. Бірінші Қантгүлге ғашықтығы себеп, екінші  әнімен құшақтасып өткен жан. Мәкең Шәмшінің әндерін де орындаған. «Сағыныш» деген әнін домбырамен айтқанын көрдік. Бірде Шәмші Мәдениетті Садық Керімбаевқа таныстырыпты. Садық жарықтық зағип болған.  Қастарында Мұзафар Әлімбаев бар екен. Үшеуі Кәрімбаевтың үйіне барыпты. Алдында Шәмшілер «сені күтіп жүр» деп Мәдениетке сәлемін жеткізген. Садықтың әйелі керемет сұлу адам деседі. «Мен мұндай сұлу адам көрген жоқпын», деп Мәдениет аға тамсаныс білдіретін.  Содан алдында Мұзафар Әлімбаев Садықтың көзі көрмесе де, өте сезімтал адам екенін, «әйелінің бетіне қараушы болма, қызғанып, қолындағы затты жіберіп қалуы мүмкін», деп ескертіп қойыпты.  Шынында да Кәрімбаев  әйелін оңашарақ отырғызып қояды екен. Мұны естіген Мәдениет әйеліне қарамай өзімен өзі отырыпты. Мұзафар Садыққа Мәдениеттің келгенін айтқанда композитор ерекше қуанады.  Мәдениет Кәрімбаевтың «Ақ ерке» әнін орындап жүретін. Ол секілді бұл әнді нақышына келтіріп айтатын әнші жоққа тән еді.  Композитордың бұдан бөлек, «Жамбыл вальсі», «Жетісу вальсі», «Ақ тотым», «Ақ тамақ» сынды керемет туындылары бар. Сол отырыста Садық Мәдениетке «Ақеркесін» бес мәрте айтқызыпты. Мәдениеттің қай әні де ғылыми түрде талданатын туындылар.     

«БІР МЫСҚАЛ» ӘНІН САЛҒАНДА ЕҢКІЛДЕП ЖЫЛАЙТЫН... 

Мәдениет Ешекеев өзі орындаған әндерінің тарихын сізге айтушы ма еді?

Әндердің тарихын ұстазы Жүсіпбек Елебековтен естігені бойынша айтатын. Сондай әннің бірі – «Қанатталды». «Қанатталдыны» Жүсіпбек айтып, әншінің соңына КГБ түскен. Бір жыл бойы қудаланып, тергеліп, тыныштық таптырмапты. Үш әріп «Неге қанатталады?», «Кімнің қанаты талды, совет өкіметінің қанаты ма талған?», «Сен бұл әнді  арқылы нені көксеп жүрсің?»,  деп әншіні әбден әуре-сарсаңға салады.  Ән өмірде болған-болмағаны белгісіз Сейіт­жан салдыкі, соңынан Сәтма­ғанбеттікі делінді, енді бір нұсқасында Міржақып Дулатовқа тиесілі деп айтылды.Сондықтан, осы әнді Жүсекең де, Мәдениет те көп айтпайды екен. Мәдениеттің тағы бір сүйіп орындайтын әні Естайдың «Бір мысқалы». «Бір мысқалды» Мәкең дүлдүл әнші Байғабыл Жылқыбаевтан  үйренген. Естайдың әндерін эфирге жеткізген Жылқыбаев. Естайдың ауылына барған кезде ағамыз Байғабыл  Жылқыбаевпен көбірек кездесіп тұрды. Екеуі жақсы дос болатын. Осы әнді Мәдениет айтқанда Байғабыл егіліп жылайды екен.  Ерекше әнді Мәдениеттей шегіне жеткізіп айтқан талант жоқтың қасы. Алайда Мәдениет сол әнді көп айта алмай кетті. Айтса болды екі-үш күн қайғыға батып, жылап жүретін-ді. Өйткені, әншінің ішінде өмір бақи өксік, зар-запыран қалып қойды.

АСЫЛДЫҢ СОҢЫНДА ҰРПАҚ ҚАЛМАДЫ

«Бір мысқал» әнінің әншінің тағдырына қатысы бар ма?  Неге қайғы-мұңға батып жүрді?

Бұл туынды ғашықтық зары болатын. Мәдениеттің Тобықтының Қантгүл деген  қызымен үйленген. Осыған байланысты әншінің немере інісі Амангелді ақсақалмен сөйлескенмін.«1964 жылы ағам үйленгенде мен бозбаламын. Қызды Семейдегі Чайкина көшесінде тұратын апайының үйіне түсіріп, үйлену тойын жасапты. Жеңгеміз өте сұлу адам болыпты. Екі жылдай Қантгүлмен бірге тұрды. Концерттерде қасына кассир қылып алып жүретін. Жүсіпбектен оқыған соң Қантгүлмен жүргені рас», дейді ол. Бір өкініштісі, араларында ұрпақ болмады. Тұлпардан тұяқ қалмады. Кейбір жерлерде Мәдениеттің баласы болған деп айтылып жүрді. Күршім ауданында тұратын бір бейтаныс адам өзінің баласын ерте келіп, оның Мәдениеттің перзенті екенін жеткізген. Біз бірақ сенбедік. Осындай да қызық оқиғалар кездесіп тұрды. 4-5 жыл бұрын сұрастырғанымда Қантгүл апамыздың Алматы қаласында тұратынын естідім. Кейіннен тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болыпты дейді. Екеуінің арасындағы ынтызарлық Естай мен Қорланның махаббаты сияқты аңызға татырлық болған деседі. Сондай-ақ Мәкең Қантгүлге сезімі ретінде гүл емес, Естайдың «Бір мысқалын» сыйлаған. Осы әнді саған үнемі айтып жүремін деп серт берген. Олардың бір біріне деген қимастығы, жақындығы, алғаусыз сезімі кейін екеуін ажырастыруға алып келді. Шын беріле сүюдің де кейде қызғаныш сынды қызба сезімге ұласып кететіні бар. Қантгүл апамыздың мамандығы тігінші. Мәдениет онымен 1961 жылы тігін училищесінде оқып жүргенде танысады. 1964 жылы Мәдениет үйленеді.  Екі жылдан кейін  айырылысқан соң Мәдениет Алматыға, «Қазақконцертке» ауысып кетеді. Алғашында әнші Семейдің филармониясында еңбек еткен.  Аталған «Бір мысқалды» айтса түсі бұзылады. Сол әнді Қантгүлге арнап едім деп мұңайып отыратын.

Мәдениеттердің ата-бабалары Абай ауданының Қаракемер деген жері деп естідік. Байқауымызша, арғы аталары да өнер қонған жандар деседі. Сол рас па? 

Иә,атасы Ешекенің ауылы сол Қаракемерде.  Оның Семейге   келуінің өзіндік  себебі бар. Ешекенің баласы Сейітжан заманында сал-сері болған.  Сейітжанмен қатар сол маңдағы Жүрекадыр атты өңірде атақты бай ғұмыр кешіпті. Әлгі байдың айдай сұлу қызы бар екен деседі. Қыздың қос бұрымының ұзындығы соншалық, екі бала екі жағынан ұстап жүреді.  Бойжеткенге Сейітжан сері түн қатып барып жүретін болыпты. Межелі күні ғашық қызын алып қашуды ойлайды.  Оны бай біліп қояды-дағы, «мен ондай кедей, әнші, деліқұлыға бермеймін»деп басқа бір дәулетті адамға қазақы дәстүрмен ұзатуға бекінген.  Бұл жайттан  хабардар болған Сейітжан кешке жақын барайын десе сол күні қызға түсіп жатыр екен.  Астында жарау қаракер атын мініп  түннің бір уағында қызды ауылға барыпты. Бай киіз үйдің керегесін түріп қойған дейді. Сол жерде күйеу болатын бай қалыңдықпен қымыз ішіп отырыпты.  Ұрымтал тұсты аңдып, Сейітжан  қалыңдықтың екі бұрымын кесіп алып, қолына орап алып қаша жөнелген. Артына қайрылуға шара жоқ. Әрі Тобықты тентегін кешіре ме? Бұрымды бір иіскеп, қойнына салып алада да күлігіне қамшы басады.  Ал әсілінде, қыздың белінен асқан бұрымды кесіп алу жаман ырым саналған.  Сол бетпен тоқтамастан  Семей барып, паналап қалады.  Бас сауғалап қаладағы ұн комбинатына жұмысқа орналасады. Аталған шаһарда үйленеді. Мәдениеттің шешесі Айбике деген кісі. Ол ғажап әнші болған. Айбике өнер саңлағы Әміренің алдында ән салған деген әңгіме бар. Өте сұлу адам болды. Айбикенің қолынан дәм татпаған кезіміз сирек. Мәкеңе ерген жеті-сегіз жыл ішінде апамыздың шаңырағынан шықпайтын едім. Аққұба өңі шырайын ашып, басына қарқара киген кезде ерекше  сұлуланып кететін. Сол уақытта анамыз жетпістер шамасында еді.   Айбикені  Сейітжан атамыз түнде ұрлап алып қашқан.  Қашып келгендіктен Семейдің Мещанка маңындағы Аққұдық деген жерге тоқтайды.  Бұл Жаңасемей ауданы. Міне, Мәдениеттің ата-бабаларының Семейге келіп қоныстану тарихы осындай. 

Мәдениет бала кезінде сотталған деп бір әңгімеңізде айтқан едіңіз. Бұл жағдай нендей себептерге байланысты? 

Мәдениет 13 жасында істі болып қалады.  Оған себеп - өгізбен бидай ұрлапты. Мәселе мынады. Әкесі Сейітжан дәулетті жан, ауылдық кеңестің төрағасы болған адам. Белгілі бір себеппен есептелген бидай жетпей қалады.  Соның салдарынан Сейітжан сотталатындай жағдайға жетеді.  Сөйтіп, Мәдениет әкесін құтқару үшін кәмелетке толмаған бала ретінде «астықты мен ұрладым»,деп істі мойнына алады. Жазаны арқалап,  айдауға кетеді. Айдауда тұп-тура бір жыл жүріпті.  Мәдениет айдау кезінде мені күйзелістен құтқарған бір нәрсе дейді. Ол жазуы мен суреті екен.

ӘНШІЛІГІМЕН ҚАТАР, ҒАЖАП СУРЕТШІ ЕДІ... 

Мәдениет Ешекеевтің суретшілік қабілеті де болған ба? 

Ғажап суретші.  Мұндай талантты адамды көрмедім десем де болады. Ол кісінің суреттері менде бар еді. Өкінішке қарай жоғалтып алдым. Суретті қара қарындашпен салар еді. Барған жерінде сурет салып қайтатын. Әншінің таспасы сол суреттері болды.  Қарқаралыға барса тұмса табиғатымен ерекшеленетін алапты, Бурабайға жолы түссе сексен көл көмкерген керемет даланы, сол секілді барған жерінен естелік ретінде сурет салып әкелуші еді.  Бір қызық оқиға болғаны әлі есімде. Жолға шығатын болдық. Ол тұста казіргідей көлікке нөмір тағылмайтын. Нөмірді көліктің сыртына трафаретпен баттитып жазып қоятын-ды.  Қапелімде трафаретті, оны салатын суретшіні  таба алмай екі күндей  бөгеліп қалдық. Маи қызметкерінен сұрап едік, ол нөмідің трафаретпен жазылатынын айтты. «Көлемін берші» деп сұрап алды да бір сағаттың ішінде көлік нөмірін әдемілеп тұрып, трафаретпен салғандай қылып жайнатып жіберді.  МАИ қызметкері «аға, трафаретті қайдан алғансыз?!» деп таңғалып жатыр.  Оның ғажап суретшілігі осындай еді. Ешекеевтің ел біле бермейтін тағы бір ерекше қасиеті – ғажап сырнайшы.  Оның «қазан сырнайы» деген музыкалық аспабы болды.  

Әншінің  сырнайы және домбырасы, басқа да құнды мұралары сақталды ма? 

Үйінде болған еді. Үйі өртеніп кетті.  Қайтыс болғаннан кейін әншінің үйі отқа оранды ғой.  Шаңырағы ортасына түсіп, орнында күлі ғана қалды. 

ӘНШІНІҢ ӨЛІМІНЕ ФИЛАРМОНИЯ БАСШЫЛЫҒЫ СЕБЕПКЕР БОЛДЫ  

Өнер адамының өмірден өтуіне қандай жайттар себеп болды?

Семей филармониясында қызмет еткен Мәдениет Ешекеев 1996 жылы зейнетке шықты. Ол кезде ең жоғары мөлшердегі зейнетақы 5 мың теңге болатын.  Демалысқа шыққан соң ел көзіне түспей кетті. Сол жылы ақпан айында жолығып қалдым. Қолында құжаттарының бәрі бар. Кездескенде көзі аздап жасаурап тұрды. «Аға, не болды?» деп сұрадым. «Әй, мыналар мені жұмыстан шығарып тастады. Негізі әлі де ән айта алатын шамам бар. Қуатым қайтып тұрған жоқ. Директордан сұрап көрдім. Билет алайын. Өзімше жұмыс істей берейін. Аймақтарға гастрольдік сапармен шығайын деп едім көнбеді. Заңға қайшы келесіз деп жұмыстан шығарып тастады» деді.  Осыдан кейін ол кісі ұзақ өмір сүрмеді. Осы жағдайдан кейін Мәдениет ішіндегі зар-запыранын ішімдікпен басуға тырысты. 1996 жылдың наурыз айынан бастап қайтыс болатын тамыз айына дейін дамылсыз арақ ішті. Оны жасыруға болмайды. Әнші ағамыз әдеті бойынша көшеге шығып ішімдік ішпейтін. Ара-тұра үйінде ішетін еді. Соған қарағанда бауыр ауруынан кетті деп ойлаймын.

Жұмыстан шығарып жатқанда филармония басшылығына шығып, «қайта қызметке ал» дейтін адам болмағаны ма? 

Кейіннен филармония директоры Бейсенбеков (Айтмұханбетред.) деген азаматқа жолығып сұрадым. «Мынауыңыз не, өзіңіз әншісіз, азаматсыз, кезінде Мәдениетпен сыйластықта болдыңыз, жағдайын жасадым деп отыр едіңіз» деген едім, «Мен заңға қайшы келе алмаймын. Алпыстан асқан адамды зейнетке жіберуіміз керек. Әкімшілік тексереді. Тағысын тағы» деді. «Қазіргі уақытта билетін алып жұмыс істей береді ғой. Заңға томпақ келмес» дегенімде «жоқ, ол кісі қызметке жарамайды. Ондай қадамға бармаймыз»,деп райынан қайтпайтынын байқатты. Ал Мәдениет аға біреуге барып, емен есігін тепкілейтін адам емес. Ешкімге жалынбайтын.  Ел көзінен таса болған соң қайғы-қасіретке жиі берілді. Өйткені, өнерді насихаттап үйден гөрі түзде көп жүретін шығармашылық адамы  ішқұса болды. Тіпті бірде «әншілер тойға шығып жүр ғой. Тойға барсам қайтеді» деп менен сұрады. Мен құптамап едім қиналыс білдірді. Барлық зиян әрекетті көзіммен көргендіктен, мұны әншіге жасалған қиянат деп айтар едім.  

Өмірінің соңғы сәттерінде қасында болдыңыз ба? 

  Түскі сағат 13:00-дің кезінде таныс  келіншек «Бір апа қоңырау шалып тұр. «Мәдениетке не болды? Маған екі-үш рет айқайлап, есігіңді ашшы» деді. Мен аша алмадым. Құлыным-ау менің де күйім келмейді ғой» депті. Ол кісі Мәдениеттің көршісі еді. Қасымдағы адам  маған «Қадірбек сен жақын бауырысың ғой. баршы» деді.  Жүгіріп жетіп барып едім, есігін аша алмадым. Көршісі арқылы  балконын сындырып ішке кірсек бір аяғы жерге түсіп жатыр. Өмірден озып кетіпті.

Байланысты жаналықтар

Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері президентке хат жазды

13.11.2024

Жақып Омаров: Қазақ театр өнерінің қаһарман ұлы

07.11.2024

Протезді көрсетпеу үшін ұзын белдемше киіп шықтым – Тамара Асар

29.10.2024

Мақпал – ішкі еркіндік пен сана бостандығына шын көтерілген адам – журналист

10.09.2024

Ерке Есмахан мен Раймның Америкадағы концерті кейінге қалдырылды

05.09.2024

Актриса Нұргүл Мыңғатова ауылдың жігітіне тұрмысқа шықпақ

27.08.2024
MalimBlocks
Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері президентке хат жазды

Жақып Омаров: Қазақ театр өнерінің қаһарман ұлы

Биыл көрнекті режиссердің туғанына 85 жыл

Протезді көрсетпеу үшін ұзын белдемше киіп шықтым – Тамара Асар

Өнер иесі аяғына киген протездердің ауыр болғанын атап өтті

Мақпал – ішкі еркіндік пен сана бостандығына шын көтерілген адам – журналист

Әншіні сөккендер де, оған қолдау көрсетіп жатқандар да жетерлік

Ерке Есмахан мен Раймның Америкадағы концерті кейінге қалдырылды

Өнер иелері АҚШ-тың 4 қаласында концерт өткізбек.

Актриса Нұргүл Мыңғатова ауылдың жігітіне тұрмысқа шықпақ

Күйеу жігіт - ауылдың баласы, шоу-бизнеске мүлде қатысы жоқ